Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ертай Алтаев төрағалық еткен мәжіліске облыстық полиция департаменті, білім және денсаулық сақтау басқармалары, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары бейнебайланыс арқылы қатысты.

Комиссия отырысында жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың, жазатайым оқиғалардың, судағы және жол-көлік оқиғаларының, өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттерінің және өзге де келеңсіз жағдайлардың алдын алу мәселелері талқыланды. Күн тәртібіндегі көтерілген өзекті мәселелер бойынша баяндамалар тыңдалып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Отырыс барысында облыс әкімінің орынбасары барлық жауапты мекемелерге балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруды, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, бақылаусыз қалуының алдын алуды, сондай-ақ су айдындары мен қоғамдық орындарда қауіпсіздік талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Сонымен қатар аудандық және қалалық әкімдіктерге оқумен қамтылмаған балаларды анықтап, оларды білім беру ұйымдарына тарту, жазғы лагерьлер мен мәдени-спорттық іс-шараларға қатыстыру бойынша нақты жұмыстар жүргізу міндеттелді.

Комиссия отырысының қорытындысында балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Айта кетейік, Түркістан облысында кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтар көрсеткіші соңғы жылдары тұрақты түрде төмендеп келеді.