Қазіргі таңда құрылыс саласында сапа, қауіпсіздік және қолжетімділік мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр. Осы тұрғыда сәйкестік декларациясы маңызды рөл атқарады. Бұл құжат – салынған нысанның қолданыстағы заңнама талаптарына, құрылыс нормаларына және жобалық құжаттамаға толық сәйкес келетінін растайтын ресми құжат болып табылады. Яғни, нысанның қауіпсіз пайдалануға дайын екенін және барлық белгіленген талаптарға, соның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік талаптарына сай екенін білдіреді.
Жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануына байланысты құрылыс процесіне қатысушылардың жауапкершілігі айтарлықтай күшейтілді. Бүгінде мемлекет құрылыс қарқынына ғана емес, нысандардың сапасына, қауіпсіздігіне және халық үшін қолжетімді болуына басымдық беріп отыр. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Заманауи ғимараттар барлық азаматтарға, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға, жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға, қарттарға және балалы ата-аналарға ыңғайлы болуы тиіс.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментті бұл бағытта маңызды қызмет атқарады. Департамент әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділік талаптарына сәйкестігін бақылауға қатысып, нысандарды бейімдеу, кедергісіз орта талаптарын сақтау мәселелерін қарайды. Сонымен қатар түсіндіру және бақылау жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе, нысандарды пайдалануға беру кезінде қолжетімділік талаптарының тек формалды түрде емес, азаматтардың өз бетінше және қауіпсіз қозғалуына нақты мүмкіндік беруі басты назарда болады.
Қолжетімділік талаптарын бағалау барысында пандустардың, санитарлық тораптардың, кіреберіс топтардың, лифтілердің, тактильді көрсеткіштердің және қозғалыс жолдарының болуы мен олардың талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Бұл ретте қолжетімділік жеке элементтер жиынтығы емес, адамның нысанды кедергісіз пайдалануына мүмкіндік беретін тұтас жүйе екендігін ескеру маңызды.
Жалпы алғанда, жаңа Құрылыс кодексі құрылыс саласындағы ашықтық, жауапкершілік және сапа қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Мемлекеттік органдар, жобалау ұйымдары, техникалық және авторлық қадағалау арасындағы өзара іс-қимыл да күшейтілді. Басты мақсат – нысанды жай ғана салу емес, оның қауіпсіздігін, функционалдығын және барлық азаматтар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Егер нысан іс жүзінде белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, сәйкестік декларациясына қол қоюға жол берілмейді. Себебі бұл құжат құрылысқа қатысушылар мен нысанның дайындығын растайтын тұлғалардың жеке жауапкершілігін көздейді. Талаптардың сақталмауы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік шараларына әкеп соғады.
Қолжетімді орта – бұл тек заң талабы ғана емес, сонымен қатар қоғамның әлеуметтік жауапкершілігінің көрсеткіші. Әрбір заманауи нысан адамның денсаулық жағдайына, жасына немесе қозғалу ерекшеліктеріне қарамастан, баршаға ыңғайлы болуы тиіс. Бұл – азаматтарға деген құрметтің нақты көрінісі.
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы
реттеу және бақылау комитетінің
Түркістан облысы бойынша
департаментінің басшысы Б. Нұрмаханов
