Түркістан облысында кәсіпорындардың 61 пайыздан астамы өз қызметкерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандырған. Бұл туралы өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Төлендиев мәлімдеді.

«Түркістан облысында 220 мың кәсіпкерлік нысан тіркелген. Биыл 874 азаматтан арыз-шағым түсіп, олардың 796-сы заң талаптарына сай қаралды. Нәтижесінде 87 тексеру жүргізіліп, 134 заң бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, 10,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 90%-ы өндірілді. Өндірістік жарақаттану бойынша 10 жазатайым оқиға тіркеліп, 13 адам зардап шеккен. Оның ішінде 2 адам қаза тапқан. Жарақаттану деректері көбіне денсаулық сақтау және шағын кәсіпкерлік салаларында орын алған. Алдын алу шаралары аясында 34 кәсіпорын «Нөлдік жарақаттану Vision Zero» тұжырымдамасына қосылды. Жалақы берешегі бойынша жаңа қарыздар анықталмаған. Дегенмен, 2024 жылдан өтпелі 101,2 млн теңге қарызы бар мекеме бақылауда. «Еңбек тәуекелдер картасы» аясында 6 мыңнан астам кәсіпорын мониторингке алынған. Өңірде жыл басынан бері еңбек даулары тіркелмеген. Аталған жайттардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, 1 850-ден астам адам қамтылды. Цифрландыру бағытында 1 554 ұжымдық шарт толық электронды форматқа көшірілді»-деп баяндады сала маманы.

Облыста еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың бірі – профилактикалық шараларды күшейту. Әсіресе қауіпті өндіріс орындарында еңбек жағдайларын жақсарту, қызметкерлерге нұсқаулықтар өткізу және қауіпсіздік талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру басты назарда. Бұл жазатайым оқиғалардың алдын алуға және жұмыс орындарындағы тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, еңбек қатынастарын цифрландыру үдерісі де қарқын алып келеді. Электронды еңбек шарттары мен бақылау жүйелерінің енгізілуі жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қатынастардың ашықтығын арттырып, заң бұзушылықтарды жедел анықтауға жол ашуда. Бұл өз кезегінде еңбек дауларының туындау ықтималдығын төмендетеді. Алдағы кезеңде еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бақылау тетіктері одан әрі жетілдіріліп, түсіндіру жұмыстары жалғасатын болады. Бұл шаралар өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып қала береді.