
Сарыағаш ауданында ерте пісетін қырыққабаттың алғашқы өнімін жинау жұмыстары басталды. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округіне арнайы барып, ашық егіс алқабындағы жиын-терім жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы «Мухаммеджан» шаруақожалығының иесі Срайыл Бадаловтың өсірген қырыққабат өнімін көріп, шаруаның еңбегіне табыс тіледі.
Бұл шаруақожалық жыл сайын 0,25 гектар жерге егін егіп, шамамен 15 тонна өнім алып келеді. Қазіргі таңда Жартытөбе ауылдық округінің диқандары ерте пісетін қырыққабатты жинап, өнімді еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтуде. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ерте пісетін қырыққабаттың жиналуы аудан диқандары үшін маңызды кезеңдердің бірі болып саналады. Өнімнің дер кезінде жиналуы оның сапасын сақтап, нарықтағы сұранысты тиімді қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Әсіресе көктем мезгілінде жаңа піскен көкөністерге деген сұраныс жоғары болғандықтан, шаруалар үшін бұл тиімді кезең.
Сонымен қатар, агротехникалық талаптарды сақтау мен заманауи әдістерді қолдану өнім көлемін арттыруға ықпал етуде. Тамшылатып суару, сапалы тұқым пайдалану және тыңайтқыштарды дұрыс енгізу сияқты тәсілдер шаруалардың тұрақты табыс табуына жол ашып отыр. Бұл тәжірибелерді өзге де шаруашылықтар кеңінен енгізуге қызығушылық танытуда. Алдағы уақытта сарыағаштық диқандар егіс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін әртараптандыруды жоспарлап отыр. Бұл ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін беріп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қоспақ.
