
Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев Жаскешу ауылдық округінде құрылған «Жаскешу өнімдері» кооперативінің жұмысымен танысты. Аталған кооператив ауыл шаруашылығы саласын дамыту және жергілікті тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Қазіргі таңда кәсіпорын бірнеше бағытта жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, термопанельдер өндіру, пластик өнімдерін жасау және мал азығын дайындау ісі жолға қойылған.
Жобаны жүзеге асыру барысында кооператив «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 25 миллион теңге көлемінде несие алған. Сонымен қатар, өз қаражаттарын қосу арқылы өндіріс аясын кеңейтіп отыр. Кооператив өкілдері Қытай Халық Республикасынан заманауи техникалар сатып алған. Олардың қатарында соңғы үлгідегі тракторлар, шөп оратын, дән себетін, рулон жасайтын және пластик өнімдерін шығаратын арнайы құрылғылар бар.
Жаңа технологиялармен жабдықталған өндіріс орны бүгінде сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарын ғана емес, көршілес елді мекендерді де қажетті өнімдермен қамтамасыз етуге жол ашады. Аудан әкімі кооперативтің жұмысымен танысу барысында атқарылып жатқан істерге оң бағасын беріп, мұндай бастамаларға әкімдік тарапынан қолдау білдіретінін айтып өтті.
Кооперативтің дамуы жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда өндіріс орынында бірнеше адам тұрақты түрде еңбек етуде, ал болашақта кәсіпорынның ауқымын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, жастардың ауылда қалуына және жергілікті қауымдастықтың дамуына серпін береді.
Сонымен қатар, кооперативтің өндірістік тәжірибесі басқа ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін үлгі болып отыр. «Жаскешу өнімдері» кооперативі инновациялық технологияларды қолдана отырып, өнім сапасын арттырып, заманауи өндіріс стандарттарын енгізуде. Бұл тәжірибе көршілес аймақтарға таралып, ауыл шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Болашақта кооператив экспорттық бағытқа шығуды жоспарлап отыр. Жоғары сапалы термопанельдер мен пластик өнімдері көрші облыстар мен елдерге жеткізіліп, аудан экономикасына қосымша табыс көзін қалыптастырады. Мұндай бастамалар ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіптің бірлесіп дамуына, сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
