
Бүгін Бәйдібек ауданының орталығында 1 қазан — «Халықаралық қарттар күні» мерекесі аталып өтті. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов және аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев қатысып, аудан ардагерлерін мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Құрметті ардагерлер, ағалар және қадірлі әже-аналар! Сіздерді, 1 қазан — «Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер іргелі ел ретінде танылған тәуелсіз мемлекетімізді нығайтуға атсалысып, ерен еңбектеріңізбен үлес қостыңыздар. Аға ұрпақ өкілдерінің даналығы мен кемеңгерлігі әсіресе, жаңа заман жастарының тың бастамалары үшін айрықша маңызға ие. Сіздер сабырлық, қарапайымдылық қасиеттеріңізбен, біздерді мейірімділік пен еңбексүйгіштікке, Отанға, отбасына деген адалдыққа және абыройлы болуға тәрбиелеп келесіздер. Осы жүрек тебірентерлік жарқын мереке адамдарды Сіздердің алдарыңызда мәңгі қарыздар екендігімізді тағы да бір еске салғандай болады. Бүкіл саналы ғұмырын, қажыр-қайратын ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне жұмсаған аға ұрпақ өкілдерінің алдында бас иеміз. Баршаларыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, көтеріңкі көңіл-күй, бейбітшілік, ынтымақ пен береке, жақын туыстарыңыздың сый-құрметі мен қамқорлығын тілеймін! – деді Ерлан Заипұлы.
Шарада «Amanat» партиясының Бәйдібек аудандық филиалының төрағасы Ақбала Құлымбет, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағдат Қалаубай мен аудандық әжелер алқасының төрайымы Әтір Әлиева ардагерлерді мерекемен құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді.
Ауданымыздың елді мекендерінен келген ардагерлері де мерекелік іс-шарада әннен шашу шашып, мәдениет үйі өнерпаздарының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.
Сонымен бірге, 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов аудандағы 100 жастан асқан қарияларды шаңырақтарына арнайы барып құттықтады.
Бар ғұмырын қажырлы еңбек пен елінің өсіп — өркендеуіне арнаған қарттарға құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Аудан әкімі құттықтауын Боралдай ауылдық округі, Талап ауылының тұрғыны Жаңыл Әйтімбетова апамыздың шаңырағынан бастады. Қарт апамызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі.
Құттықтау легі Алмалы ауылдық округі, Қошқар ата ауылының тұрғындары Қарашаш Тәжиева мен Шейтібек Жұматаевтың шаңырағында жалғасты.
Өз кезегінде қазыналы қарттар да ризашылықтарын жеткізіп, баршаға бейбіт те берекелі өмір тіледі.