Бүгін Созақ ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен қазыналы қарттар күні мерекесіне орай «Ата – ұрпақтың тірегі, әже шаңырақтың жүрегі» атты салтанатты шара өтті. Аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде салтанатты шарада Созақ ауданының әкімі МұхитТұрысбеков құттықтау сөз сөйледі. -Аудан ардагерлері елдің бірлігі, халықтың татулығы жолында жұмылып үлкендігін көрсетіп келеді. Қашанда игі істің басында жүресіздер, жастарға үлгі болып «Таза Қазақстан» акциясында бастамашы болдыңыздар. Кезінде ауданның өсіп дамуына үлес қоссаңыздар, бүгінде қоғамдық жұмыста та белсенді болып келесіздер. Үлкенге құрмет жасау халқымыздың бойына сіңген ерекше қасиет. Бұл ұрпақтар сабақтастығының жарасымды жалғасы. Еліміздің қазіргідей биік белестерден көрініп, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы жолында сіздердің қосқан үлестеріңіз ұшан-теңіз. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі Түркістан қаласына сапары барысында «Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес, — деп елді ауызбіршілікке шақырды. Сондықтан да сіздер аға буын болып, алдымызда ақылшы ретінде жүре беріңіздер,- деді.

Бірқатар аудан қарияларын әлеуметтік-экономикалық, әсіресе қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан орасан зор үлестері үшін алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ мерекелік шарада аудандық мәслихат төрағасы О. Жамиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Еспенбетов мерекемен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады.

Мерекелік іс-шарада «Сырлы Созақ» ардагерлер хор ұжымы өнер көрсетті. Тәрибелік мәні бар сахыналық көрініс концерттік бағдарламамен үйлесімін тапты.

Сонымен бірге, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков созақтық қарттарға мерекелелік құттықтау жолдады: «Құрметті қариялар!

Қадірлі аға буын өкілдері! Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймын!

Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген даналы сөз бар. Біз әрқашан қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған елдің ұрпағымыз. Әркез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз. Біз үшін ғұмыры ғибратқа толы ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолы – өнеге мен тағылым мектебі.

Маңызы ерекше саналатын осынау айтулы күні Сіздерге үлгі болар өнегелі істеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін.

Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға бақ-береке, қуанышқа толы ғұмыр тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, мемлекетіміз өсіп, өркендей берсін».