Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүгедектігі бар жандарға деген қарым-қатынасымен айқындалады. Біздің елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, олардың проблемаларына назар аудару мақсатында Президентіміздің жарлығымен қазанның екінші жексенбісі «Мүгедектер күні» болып жарияланды.
Осы атаулы күнге орай бүгін Түлкібас ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Өмірді сүй» атты мәдени, әдеби-сазды мерекелік шара өтті.
Салтанатты шарада этномәдени орталықтарының және мәдениет үйінің өнерпаздарымен бірге өнерлі ерекше зәрулігі бар жандар сахынада өз өнерлерін көпшілікке ұсынды.
«Қандай қиындық болмасын төзімділік танытып, мойымай, алдыға қойған мақсаттарына нық қадам басып жүрген Сіздер әр қашанда біздің мақтанышымызсыздар. Алдағы уақытта жақсылықтардың ғана куәсі болып жүре берулеріңізге тілектеспін. Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт пен шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін»-деп, Ербол Орманов шараның ашылу салтанатында өз құттықтауын жеткізді.
Концерттік бағдарлама барысында ерекше зәрулігі бар жандар ән айту, би билеу, ұлттық аспаптарда ойнау, өленді мәнерлеп оқу сынды өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Іс-шараға белсенді қатысқан жандар және ауданымызда қоғамдық жұмыстарға етене араласып жүрген мүгедектігі бар азаматтар аудан әкімінің алғыс хаты және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетерлік, 2024 жылдың 1 қазанына ауданда 5 534 мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұр, ауданның жалпы тұрғындарының 5,2% құрайды.