Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Аққұм ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы және тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Айта кетейік, 2025 жылғы кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген 11 мәселенің бүгінде 9-ы толық шешімін тапқан. Қалған 2 мәселе бойынша тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.

Аққұм ауылдық округінде халықтың өмір сүру сапасын арттыру және инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудандық бюджеттен Аққұм елді мекенінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеуге 7,4 млн теңге бөлініп, тұрғындардың қолдауымен қосымша 6 млн теңге қарастырылды. Нәтижесінде нысан толық іске қосылды.

Сонымен қатар, аудандық маңызы бар Аққұм – Көксәйек КХТЛ-12 автомобиль жолының 5,7 шақырымына орташа жөндеуге 95 млн теңге, ал Аққұм – Жаңатұрмыс КХТЛ-16 жолының 6,1 шақырымына 50 млн теңге бөлініп, жол сапасын жақсарту жұмыстары жүргізілуде.

Округте көше жарығын орнату ісі де назардан тыс қалған жоқ. Аққұм елді мекеніндегі Кеңсай көшесінің 700 метріне түнгі жарықтандыру жүйесі орнатылып, бұл мақсатқа 4,5 млн теңге жұмсалды. Нәтижесінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы артты.

Әлеуметтік салада да ілкімді істер бар. 2025 жылы округте 12 жобаға 359 млн теңге қарастырылып, бірқатар нысандар іске асырылды. Атап айтқанда, Аққұм ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Ал Момынай елді мекенінде спорт кешенінің құрылысына республикалық бюджеттен 150 млн теңге бөлініп, жоба 2026 жылға өтпелі ретінде жүзеге асырылуда.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында округ аумағында 6 нүктеге бейнебақылау камералары орнатылды. Сондай-ақ Момынай елді мекенінде заманауи балалар ойын алаңшасын салуға 5,6 млн теңге бөлінді.

Елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін облыстық бюджет есебінен бір дана МТЗ-82 тракторы мен «Муравейник» трициклі сатып алынды.

2026 жылға жоспарланған жобалар да ауқымды. Жалпы 7 жобаға 587 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде Момынай елді мекеніндегі Ақпан батыр көшесіне электр желісін тарту және трансформатор орнатуға 37,5 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, Аққұм – Көксәйек және Аққұм – Жаңатұрмыс жолдарын орташа жөндеу, Кеңсай көшесін жарықтандыру және Момынай елді мекенінің бас жоспарын әзірлеу жұмыстары жоспарланған.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан санитарлық тазалықты күшейту, балалар ойын алаңшаларын жөндеу, Жаңаұйым ауылының орталық жолын кеңейтіп, жөндеу, зиратқа баратын жолды ретке келтіру, мектеп ауласына автотұрақ салу сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, Момынай тас каналынан ағын су жеткізу, көше жарығын көбейту, санитарлық талаптарды сақтамағандарға шара қолдану және жер телімдеріне қатысты ұсыныстар да айтылды.

Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы тұрғындардың сауалдарына нақты жауап беріп, барлық көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

Кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында әрбір тұрғынның өтініш-тілектері тыңдалып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі.