Мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң 2026 жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енді. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абылайұлы брифингте мәлімдеді.

«Түркістан облыстық полиция бөлімдерінің жанынан жаңа форматтағы 17 кабинет ашылды. Бұл орталықтар «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға бағытталып, тұрғындарға кешенді көмек көрсетуде. Онда тек полиция қызметкерлері ғана емес, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау саласының мамандары бірлесе жұмыс істейді. Нәтижесінде халыққа құқықтық, әлеуметтік және психологиялық қолдау бір жерден көрсетіледі. Жаңа кабинеттердің басты міндеті – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, маскүнемдік пен нашақорлықпен күресу, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды азайту. Қысқа мерзім ішінде бұл бастама өз нәтижесін көрсетті. Жалпы 790 азаматқа нақты көмек көрсетіліп, профилактикалық жұмыстардың арқасында бірқатар құқық бұзушылық түрлері айтарлықтай төмендеген. Атап айтқанда, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру 16,7%-ға, ұрып-соғу 18,2%-ға, есірткі тұтыну 21,7%-ға, ал тұрмыстық жанжалдарға байланысты құқық бұзушылықтар 32%-ға азайған» — деді спикер.