Түркістан облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы өңірде жалпы саны 17 білім беру нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде өткен жылы 4 нысан (3 мектеп пен 1 музыкалық мектеп) пайдалануға беріліп, білім алушылар игілігіне қызмет етуде. Ал қалған 13 нысан 2026 жылға өтпелі жоба ретінде белгіленіп, жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Облыстық бюджет есебінен салынып жатқан бұл білім беру мекемелерінің қатарында 8 мектеп, 1 колледж жатақханасы және 4 қосымша білім беру ұйымы бар. Аталған жобалар өңірдегі оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін кезең-кезеңімен шешуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған.

Сонымен бірге өңірде «Мектептерді жаңғырту» жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Аталған жобаға облыс бойынша 115 мектеп енгізілген. Оның ішінде 2025 жылға жоспарланған 41 мектептің жөндеу жұмыстары бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жұмыстар жүргізілді.

2025 жылы 10 күрделі және 16 ағымдағы жөндеумен жалпы 26 нысан қамтылып, пайдалануға берілді. Қалған 15 (күрделі жөндеу) нысанның қаржысы 2026 жылға өтпелі ретінде қарастырылған. Бұл жұмыстар білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін арттырып, заманауи талаптарға сай қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 1116 орта білім беру мекемесінде 554 318 оқушы білім алуда. Мемлекеттік 938 мектептің 827-сі типтік ғимаратта орналасса, 111 мектеп ыңғайластырылған ғимараттарда жұмыс істеп келеді. Жаңа нысандардың салынуы мен қолданыстағы мектептердің жаңғыртылуы аталған көрсеткіштерді жақсартуға және өңірдегі білім сапасын арттыруға оң ықпал етпек. Жалпы, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар – білім беру саласын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастамалар алдағы жылдары өңір жастарының сапалы әрі қолжетімді білім алуына берік негіз қалайды.