Әжелер- ұлт ұйытқысы. Олардың қоғамға жасаған ілікті істері мен орасан зор жақсылықтары қашанда ел есінде қала бермек. Бейнеттің зейнетін көрейін деп демалыс алғанда, үйде жүріп қалмай, қоғамның, жастардың оң тәрбиеде жүруіне де атсалысып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүрген ақ жаулықты абзал аналарымызға қашанда құрметіміз ерек. Міне, сол Түлкібас аудандық әжелер алқасының төрайымы Гүлбүбі Ешенқұлова бастаған әжелеріміздің кезекті көшпелі семинары Жаскешу ауылдық округінде «Отбасылық құндылықтар тәрбиенің қайнар көзі» атты тақырыпта өрбіді. Шынбекова Күлзинат апамыз бастаған Жаскешулік әжелер тобы қонақтарды ауылдық округі әкімдігінің аппаратының алдында құшақ жайып, күтіп алды. Ауыл әкімі А.Байысбаев мырза апаларымызға дәм ұсынып, құрметін көрсетті. Іс шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек, Жаскешу ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Қуанышбеков мырзалар келіп, тілеулестігін білдірді. Әрмен қарай қариялар Мархабаттай марғасқа жазушыны, Әбдібектей асыл ақынды тудырған ТауПістелі жеріне жолға шықты. Ауыл тұрғындары әжелер қауымын Пістелі тарихымен таныстырып, Таупістесін көрсетіп керемет демалыс сыйлады. Пістелелік тұрғындар ауылына келген қонақтарға құрмет танытып, ерекше ықыласпен қарсы алды. Дәм ұсынып, өнерпаз балалар Мархабат пен Әбдібектей аталарының өлеңін оқып, қонақтарға шабыт сыйлады. Табиғат аясындағы керемет басқосу соңы Жаскешудегі Мәдениет үйінде өткен концертпен жалғасты. Онда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек, аудандық әжелер алқасының төрайымы Гүлбүбі Ешенқұлова және Жаскешу ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Қуанышбеков сөз алып, отбасындағы құндылықтарды, бала тәрбиесі жайында құнды мәліметтермен, мол тәжірибелерімен бөлісті. Әрмен қарай өнерлі Жаскешулік азаматтар әннен шашу шашып, мың бұрала билеп, тағылымы мен мағынасы мол көріністер көрсетіп, елдің алғысына бөленді. С.Сейфуллин атындағы ЖББМ-нің оқушылары «Соқыр ана» қойылымын қойса, Тұрар мектебінің шәкірттері қыз баласының тәрбиесі жайында дебат құрды. Ал, «Зарина» және «Сымбат» балабақшаларының бүлдіршіндері әжелер жайында әндер шырқап, керемет кеш сыйлады. Ардагерлер бата беріп, жастарға артылып жатқан сенімнің мол екенін жеткізді. Керемет көңіл-күйде өткен шараға қонақтар оң бағасын беріп, алғыс білдірді.