Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Облыс әкімі апаратының апталық мәжілісінде осы бағыттағы көрсеткіштер сараланып, жоспарлар талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне спортты дамыту, инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмысты ширатуды тапсырды.

– Аудан, қалаларда спорт нысандарына деген қажеттілікті реттеу бағытында жасалған 3 жылға арналған кешенді даму жоспары жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс. Спорт инфрақұрылымын және бұқаралық спортты дамыту бойынша бекітілген индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – өте өзекті мәселе. Жасөспірімдер мен жасар арасында теріс әдеттердің алдын алу үшін спортты дамытудың маңызы зор. Осы бағытта да кешенді жоспар әзірлеп, жұмысты жандандырыңыздар. Спорт нысандарын салуда тек мемлекеттік бюджет емес, жеке кәсіпкерлер мен демеушілерді тарту да маңызды, – деген Нұралхан Көшеров облыстағы футбол клубтарын коммерцияландыру жұмыстарын жылдамдату керектігін де ескертті.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың айтуынша, облыста 3540 спорт нысаны тіркелген. Бұл нысандардың 3041-і (яғни 86%) ауылдарда, ал 499-і (14%) қалаларда орналасқан. 1000 адамға шаққанда халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 43,5 пайызды құрап отыр.

Спорт инфрақұрылымын жақсарту мақсатында облыс көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. 10 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі. Биыл тапсыру көзделген 102 спорт нысанының 66-сы ел игілігіне берілген. Спорт инфрақұрылымын дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жоспары бойынша бюджет арқылы 3 жылда 55 нысанның құрылысын жүргізу көзделіп отыр.

2025 жылы 16 ғимаратқа жөндеу (14 нысанға ағымдағы жөндеу, 2 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары) жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта 15 нысанның жұмыстары толық аяқталды, 1 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі.

Биылғы 10 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесі 911 мыңнан асып, халықтың 42,4 пайызын құрады. Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 264 мыңға жетіп, 32,9 пайызды құраған. 2025 жылға мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 167 өнім беруші арқылы тегін үйірмелерде 24 480 бала шұғылдануда. Сонымен қатар Түркістан қаласында орналасқан ірі спорт нысандарында барлық жастағы тұрғындар үшін апта сайын тегін қызмет көрсету сағаты енгізіліп, ай сайын 1000-ға жуық қала тұрғыны спортпен айналысып келеді. Ел арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында биыл облыс аумағында 3200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,5 пайызға өскен. Облыста халықаралық, республикалық және облыстық жарыстар тұрақты түрде өтіп жатыр. Спорт саласына көрсетілген қолдау нәтижесінде облыс спортшылары 2025 жылдың 9 айында Әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 1 248 медаль жеңіп алды. Бұл – 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21%-ға жоғары.

Түркістан облысындағы спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының аясында, жаңа нысандардың құрылысы мен ескі ғимараттарды жаңарту жұмыстары маңызды қадам болып отыр. Қазіргі таңда спорт нысандарының саны артқанымен, олардың сапасын және қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет. Әсіресе, ауылды аймақтардағы спорттық инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылуда. Бұл ретте жеке кәсіпкерлердің қолдауы мен демеушілерді тарту облыс үшін үлкен көмек болар еді. Сондай-ақ, жастарды спортқа баулу арқылы олардың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік туындайды.

Алдағы жылдары, әсіресе 2026-2028 жылдары аралығында спорт нысандарының құрылысына көп қаржы бөлінбек. Бұл кезеңде салынатын жаңа спорт кешендері мен алаңдардың көпшілігі Түркістан облысының әр аймағында халықтың әр түрлі әлеуметтік топтары үшін қолжетімді болмақ. Сондай-ақ, қоғамдық және жеке меншік серіктестік аясында жүзеге асырылатын жобалар облыс тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Спорттық шараларды ұйымдастыру мен бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмысты одан әрі күшейту қажет. Биылғы жылға жоспарланған іс-шаралардан бөлек, региондық деңгейде жыл бойы ұйымдастырылатын спорттық жарыстар мен мәдени шаралар түркістандықтардың белсенділігін арттырып, дене шынықтыру мен спортты күнделікті өмірге енгізуге ықпал етеді. Бұл облыс тұрғындарының денсаулық сақтау мен әлеуметтік тұрмыс деңгейінің жақсаруына тікелей әсер ететінін атап өту керек.