Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда туризм мен қызмет көрсету саласының маңызын ерекше атап өткен болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде әр аймақтың туристік әлеуетін көтеру, демалыс және сервистік нысандар санын көбейту бағытында нақты істер қолға алынуда.

Бұл бағытта Келес ауданында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Қазір аудан көлемінде жалпы құны 21,5 миллиард теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар іске қосылғанда 1060 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Биылдың өзінде бірнеше жаңа нысан ел игілігіне берілді. Соның бірі аудан орталығындағы қонақ үй кешені. Нысан 2025 жылдың екінші тоқсанында іске қосылып, өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.

Демалыс пен отбасылық серуенге арналған тағы бір нысан – «Сапарбеков» демалыс аймағы. Сондай-ақ, аудан көлеміндегі ең ірі жоба – «Нұрполат» көпбейінді ауруханасы. Құны 20 миллиард теңге болатын бұл заманауи медициналық орталық 2025–2026 жылдары пайдалануға беріледі.

Жобалардың жүзеге асырылуы тек экономиканы дамытуға ғана емес, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға да зор әсер етуде. Бұл жобалар Келес ауданында тұрақты жұмыс орындарын ашып, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе, денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықтар мен медициналық қызметтердің сапасын арттыруы аудан халқы үшін өте маңызды. «Нұрполат» көпбейінді ауруханасының салынуы аудан тұрғындарына заманауи медициналық қызметтер көрсетуді қамтамасыз етіп, өз кезегінде аймақтың әлеуметтік жағдайын жақсартады.