Бүгін 25 қзан – Республика күні мерекесі қарсаңында Қарақоңыр ауылы округі, Сырдария елді мекенінің ауыз су жүйесі пайдалануға берілді. Аталған нысанның құрылысы мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. Бұл – заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қайтарылған қаражатты халық игілігіне бағыттаудың нақты үлгісі.

Шараның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қатысып, тұрғындарды көптен күткен ауыз су жүйесінің іске қосылуымен құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Бүгін бәріміз үшін қуанышты, тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Сырдария елді мекенінде ауыз су жүйелерін тарту жұмыстары толығымен аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Бұл — ауыл халқының көптен күткен қуанышы, өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза ауыз су» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сол ауқымды жұмыстың нақты нәтижесін бүгін өз ауданымызда көріп отырмыз. Ауыз су — тіршіліктің көзі, денсаулықтың негізі. Осы жобаның жүзеге асуы ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, жастардың ауылда тұрақтап, еңбек етуіне де үлкен серпін береді деп сенеміз», — деді.

Айта кету керек, Отырар ауданындағы 38 елді мекеннің 36-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйелерін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатса, бүгінгі таңда Сырдария елді мекенінің ауыз су жүйесінің құрылысы толық аяқталып, ел игілігіне беріліп отыр. Орталықтандырылған жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізері анық.

Сырдария ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету – бұл ауыл тұрғындары үшін маңызды әрі қуанышты оқиға болды. Республика күні мерекесі қарсаңында іске қосылған жаңа ауыз су жүйесі құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталуының белгісі. Бұл нысан мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды шара болып табылады.

Ауыз су жүйесінің іске қосылуы, әсіресе жастардың ауылда тұрақтап, еңбек етуіне үлкен серпін береді. Таза ауыз су ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысына маңызды оң әсерін тигізіп, олардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі болып табылады.