Дәл осындай атаумен бүгін қаламызда 1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында тағылымы мол шара өтті. Салтанатты шара қаламыздағы Ардагерлер орталығы алдындағы саябақта ұлттық құндылығымызды жаңғыртатын көрмеден басталып, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлер көрсетілді.

Көрмені тамашалауға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, Түркістан облысының Әжелер алқасының төрайымы Балымхан Байтенова, Арыс қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және қала ардагерлері қатысты.

Көрмеге қалалық «Ардагерлер кеңесі» жанындағы «Әжелер алқасы» құрамындағы ақжаулықты асыл жандар өз қолдарымен жасаған қазақтың түрлі қол-өнер бұйымдары көрсетті. Қала мен ауылдарда құрылған түрлі әжелер тобы киіз үй тігіп, қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды. Шара барысында қала басшысы Аңсар есімді балақайдың тұсауын кесіп, тәй-тәй қадам басқан балақайларға өмірдің бар жақсылығын тіледі.

Тағылымы мол шарадан қаламыздағы этно-мәдени өкілдері де шет қалмады. Олар өздерінің ұлттық тағамдарын ұсынып, қонақтарға ұсынды. Салт-дәстүрлер ұлықталып, тағылымды әңгімелер айтылған шараға қатысушылар ұйымдастырушылар мен ақжаулық әжелерге алғыстарын білдірді.

Бұдан кейін, шара Мәдениет үйіндегі үлкен концерттік бағдарламаға жалғасты.