Төлеби ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен жергілікті бюджет есебінен ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасау мақсатында іске қосылған «Жарқын өмір және тең қоғам» мекемесінде қарттар күніне орай мерекелік жиын өтті. Салтанатты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бақберген Құралбаев қатысып, қазыналы қарттарымызды мерекемен құттықтады.

-Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен, деді құттықтау сөзінде Бақберген Тәңірбергенұлы.

Мерекелік жиында орталыққа келушілерді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

«Жарқын өмір және тең қоғам» орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, психолохиялық қолдау бағытында кеңес берілуде. Массаж, його орталығы, емдік спорттық дене шынықтыру, көңіл сергіту шаралары қарастырылған. Бұған қоса, зейнеткерлердің тынығып, демалып, рухани-танымдық шаралар ұйымдастырылып, тыныс жолдарын ашу үшін тұз шахтасының кабинеті де жасақталған. Ардагерлердің шахмат ойнап, өзара пікір алмасуына арнайы бөлмелер бөлінген. Зағип жандар, жалпы мүгедектігі бар қоғам мүшелерінің бір сәт көңіл сергітетін заманауи орталығының мақсаты –мүгедектігі бар тұрғындардың белсенділігін арттыру. Орталықтың сыйымдылығы 50 адам.