Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында алқалы жиын болып өтті.

«AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен құзырлы орган басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімі аппаратының басшысы, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің басшылары мен квазимемлекеттік мекеме мамандары қатысқан басқосуда мемлекеттік қызметшілердің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық ұстанымын қалыптастыру, адам бойына қажетті құндылық қатынастар мен қабілеттерін дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан ілкімді істердің барысы таныстырылып, сыбайлас жемқорлық салдарынан қоғамға, өнеркәсіпке келтірілетін зияндар мен кері әсерлері түсіндірілді.

Сондай-ақ, аудандық «Жетісай» орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Рауа Жұмабаева мен аудандық «Асықата» орталық ауруханасының бас дәрігері Бағила Утеулиеваның, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Болатжан Тәжі мен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Шоқан Адайбековтың, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тамара Ташеваның мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет жасап, билік пен басқару органдарының беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай заңдылық қағидаларын жоққа шығаратын, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайтын қылмыстың алдын алу, болдырмау мақсатында атқарылған және атқарылуы тиіс жоспарлар жайындағы баяндамалары тыңдалды. Қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, ашық пікір алмасты.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін қалыптастыру болып табылады. Сондықтан да, қоғамда адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін қалыптастыру өте маңызды» деген аудан басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің оған қарсы сананы қалыптастырудан басталатынын алға тартып қоғамдағы бірлік, әдеп, игі адами қарым-қатынас пен ұйымшылдық құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етуге шақырды.

Жиын соңында аудан басшысы әрбір мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелділіктерін болдырмау, алдын алу жұмыстарын күшейтіп, орын алған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жоюды тапсырды.