
Түркістан облысы прокурорының орынбасары Тлемисов Дәулет Бекбашұлы Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында аудан әкімдігі аппаратында мемлекеттік қызметшілермен, этно-мәдени орталық төрағаларымен және құзырлы орган басшыларымен кездесіп, арнайы жиын өткізді. Аталмыш басқосуға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудан прокуроры Айдархан Жүнісбеков, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сәкен Досымов қатысты.
Аудан аумағында құқықбұзушылық, саяси тұрақтылықты сақтау профилактикасын кешенді жүзеге асыру шараларын нақтылау, пысықтау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен оларға қатысты әлімжеттік, суицид, зорлық-зомбылық профилактикасы бағытында уәкілетті органдармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігін қарау мақсатында өткен келелі кеңесте Дәулет Бекбашұлы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлеріне қатысты бопсалау, қорқыту сынды фактілерінің соңғы кездері жиі орын алып отырғанын айтып, тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Билік пен бұқараның арасына іріткі салып, қоғамды бүлікке бастайтындармен бірігіп күресуге шақырды.
Бұл кездесуде қоғамдағы әділеттілікті, құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету жолында мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру қажеттілігі атап өтілді. Әрбір азаматтың құқықтары мен бостандығының қорғалуы, олардың заң алдындағы теңдігі, сондай-ақ заңды бұзғандарға деген қатаң шаралар қолданылуы маңызды. Бұл ретте құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы міндеті ерекше болып табылады. Мемлекет басшысы ұсынған «Құқықтық мемлекет» қағидаты аясында әрбір қызметкердің өз міндетіне адал болуы, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуі, елді бұзақылардан қорғауы – мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі.
Қазақстанның қоғамдық және саяси тұрақтылығын сақтауда, ел ішінде әділеттілік орнатуда мемлекеттік қызметкерлердің рөлі зор. Олардың кәсібилігі мен әділдігі елдің дамуына ықпал етеді. Осы орайда, Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар еліміздегі тыныштық пен татулықты нығайтып, әрбір азаматтың заң алдында тең болуына жағдай жасайды. Мәселен, ел бірлігін сақтау, құқық бұзушылыққа жол бермеу және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету бағытында бүгінгі күнге дейін қолға алынған шаралар нәтижелі болып келеді.
Түркістан облысы прокуратурасының жүргізіп жатқан мониторингтері мен бақылаулары құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған тиімді шаралар болып табылады. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – облыс тұрғындарының заңға деген сенімін арттыру, құқықтық мәдениетті көтеру және қоғамда әділеттіліктің орнауына ықпал ету.
