
Үлкен қылмыс – тәртіпсіздік пен ұсақ құқық бұзушылықтан басталады. Бүгінде ел аумағында кәмелетке толмаған жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстардың санының күн санап артуы олардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыра алмаудан екені жасырын емес.
Орын алған олқылықтарды жою, алдын алу мақсатында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Тлемисов Дәулет Бекбашұлы Жетісай ауданына арнайы келіп, мектеп директорлары мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен, құқық қорғау органдары мен арнаулы орта оқу орындарының, қоғамдық ұйымдардың басшыларымен жиын өткізді.
«Қауіпсіз балалық шақ» концепциясының алгоритімі аясында жиынға қатысушылар кәмелетке толмағандар арасында орын алуы ықтимал қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, түнгі уақыттарда ата-анасынсыз үй-жайынан тыс жерлерде, нақтырағы, компьютерлік ойынханалар мен мейрамханаларда болуларына тыйым салу, кәмелетке толмағандар арасында күш көрсету, әлімжеттік, өз-өзіне қол жұмсау (суицид), ерте жүктілік фактілерін болдырмау, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналарды анықтап, жүргізілетін тиісті жұмыстарды пысықтау мәселелері бойынша еркін форматта пікір алмасты.
«Балалардың өмір қауіпсіздігі туралы мәселе ешқашан назардан тыс қалмауы керек.
Сол себепті де біз бүгін өздеріңізбен бас қосып, «Қауіпсіз балалық шақ» концепциясы аясында ата-аналар мен ұстаздардың бала өмірінің қауіпсіздігіне және болашағына байланысты міндеттерін күшейту, дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, білімді азаматты тәрбиелеу мәселелерін кеңінен талқылап отырмыз.
Бейбіт елде әр бала бақытты болуға, қауіпсіз ортада өсуге, дамуға, өмір сүруге құқылы» деген облыс прокурорының орынбасары ұстаздар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді тыңдады. Ювиналды полиция инспекторлары мен мектеп директорларына, психолог мамандарға оқушылармен жұмыс жүргізуді күшейтуді тапсырды.
Берілген тапсырмалардың нәтижесі бір айдан соң қайта қаралып, атқарылған жұмыстар зерделенетін болды.
