
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Ордабасы ауданының мәдениет күндері Түркістандағы «Керуен сарай» орталық алаңында гала-концертпен қорытындыланды. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов қатысты. Мәдени шара аудан өнерпаздарының қатысуымен өтті. Кеште әсем ән, күмбірлеген күй, мың бұралған би қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жалпы Ордабасы ауданының мәдениет күндері екі күнге жоспарланған. Шараның алғашқы күнінде Этноауылда ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып тақырыбында көрме өтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ал екінші күні қылқалам және қолөнер шеберлерінің туындылары мен ұлттық тағамдар көрмесі өтті. Сонымен қатар, қазақ күресі, садақ ату, гір мен бөрене көтеру, асық ату секілді ұлттық спорттық ойындардан жарыс өтті.