Бүгін, 6 шілде — Елордамыз Астана күні және шілде айының бірінші жексенбісіне сәйкес келетін Ұлттық домбыра күніне орай салтанатты мерекелік кеш өтті. «Астана — Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздік тірегі» және «Домбыра — қазақтың жаны, күй — оның жүрегі» атты атаумен ұйымдастырылған іс-шара халықтың рухын көтеріп, ұлттық болмысты ұлықтауға бағытталды.

Аудан орталығындағы “Жеті қазына” аллеясында өткен мерекелік шараға аудан әкімі Аскар Естібаев арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты қос мерекемен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы Астананың еліміздің дамуындағы тарихи маңызына тоқталып, Ұлттық домбыра күнінің ұлт руханиятындағы орны ерекше екенін атап өтті.

— Астана — елдігіміздің айнасы, тәуелсіздігіміздің символы. Ал домбыра — ата-бабамыздан қалған асыл мұра, қазақ халқының үні мен тілі. Бұл қос мереке — рухымызды көтеріп, бірлігімізді нығайтатын ерекше күндер, — деді Асқар Сұлтанұлы

Іс-шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары домбырамен күй төгіп, дәстүрлі әндер шырқап, елге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аудан өнерпаздарының орындауындағы халық күйлері мен патриоттық әндер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетейік, бүгінде Түлкібас ауданында 27 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Олардың басым бөлігінде ұлттық аспабымыз — домбыраны насихаттау мақсатында арнайы үйірмелер ашылған. Бұл үйірмелерде мектеп жасындағы балалар ұлттық өнердің қыр-сырын меңгеріп, түрлі байқауларда аудан намысын қорғап, жүлделі орындардан көрініп жүр.

Мерекелік кеш соңында тұрғындар Астана мен ұлттық мұра — домбыраға деген құрметін ерекше ықыласпен жеткізіп, естелік суреттерге түсіп тарқасты.