
Келес ауданының Аққорған ауылындағы спорт алаңында Ұлттық Домбыра күні мен Астана күніне арналған “Ел жүрегі – Астана, Ел үні – Домбыра” атты жазғы мерекелік концерт өтті.
Мерекелік кештің шымылдығы Нұрғиса Тілендиевтің “Әлқисса” және Әбдімомын Желдібаевтің “Ерке сылқым” күйлерімен ашылды. Қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттауға арналған бұл кеште ұлттық рух пен өнер үндестігі ерекше сезілді.
Шараның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жиналған қауымды қос мерекемен құттықтап, елдің ең басты байлығы – бірлік пен мәдени құндылықтар екенін атап өтті.
— Домбыра – халқымыздың рухани коды, сан ғасырлық тарих пен ұлт жанының үні. Ал Астана – тәуелсіз еліміздің жүрегі, болашағымыздың символы. Екеуі қатар келген бұл күн – қазақ рухын асқақтататын ерекше мереке. Бүгінгі кеш – осы құндылықтарымыздың жарқын көрінісі. Баршаңызға мейрам құтты болсын, ел іргесі аман, бірлігіміз бекем болсын! – деді аудан басшысы.
Кеш барысында қазақ музыкасының алтын қорына енген халық әндері мен қазіргі заманғы патриоттық шығармалар орындалды. Олардың қатарында «Ақ бұлақ», «Шіркін-ай», «Астана», «Домбыра», «Мекенім – Қазақстан», «Қабағыңды түйме», «Телефон» секілді әндер бар. Әрбір туынды көрермендерге рухани серпіліс пен ұлттық мақтаныш сезімін сыйлады.
Концертке аудан өнерпаздары, мәдениет үйлері мен шығармашылық топтар қатысты. Ұйымдастырушы тарап бұл мерекені жыл сайын дәстүрлі түрде жалғастыруды көздеп отыр.