
Мәдениетіміз бен өнерімізді келешек ұрпаққа таныта білу жолында аянбай жұмыс жүргізіп келе жатқан Кентау қаласының мәдени ошағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының «Мәдениетім – мерейім» атты жылдық есептік кеші өтті.
Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының қызметкерлері қаламыздың мәдени тыныс тіршілігіне етене атсалысып, әрбір іс-шараны жоғары деңгейде, абыроймен өткізіп келеді.
Өткен жылы қаламыздың мәдениет қызметкерлері үшін табысты жыл болды. Бірнеше облыстық байқауларға қатысып, жүлделілер қатарынан көрінді. Айтулы жетістіктердің бірі облыстық «Өнерлі өлке» фестивальінде Кентау қаласы «Облыс әкімінің арнайы жүлдесіне» ие болды.
Халықтық атағы бар «Рапсодия» би ұжымы мен «Шапалақ» театры көрерменнің көзайымына айналып үлгерсе, 40 жылдық тарихы бар «Ардагерлер хоры» мен «Қаратау тәжі» ұлттық аспаптар оркестрінің өнерімен жерлестері мақтанады.
Жылдық есеп беру кешінде аталмыш фестивальде белсене қатысқан қаламыздың бір қатар азаматтарына арнайы алғыс хат табысталды.