Биыл Кентау қаласына 70 жыл толса, Кентау қаласының тумасы, қазақстанның әйгілі композиторы, музыканты, Қазақстанға Еңбегі сіңген өнер қайраткері С.Байтерековтың туылғанына 80 жыл толады.

Композитордың қазақтың батыр қызының қайсарлығы мен өжеттілігін бейнелейтін «Әлия» әніне 50 жыл толып отыр. Әрбір әні өнерсүйер елдің жүрегінен орын ала білген тарих тұлғасының есімі, ел есінде мәңгі қала бермек.

Кентау қаласынан шыққан, есімі тарихта алтын әріппен жазылып қалған жерлестерін кентаулықтар ұдайы мақтан тұтып, тағзым етеді.

Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында С.Байтерековтың әндерінен облыстық байқау өткізу жоспарлануда. Бұл кешке еліміздің кез-келген ән сүйер өнерпаздары қатыстады деп күтілуде.

С.Байтереков 1945 жылы «Кеңестік Қазақстанның түсті металлургиясының жолбасшысы» атанған Кентау қаласында дүниеге келген. Ол қаладағы №2 мектеп интернатта оқыған. Сонымен қатар, музыкалық мектепте аккордион сыныбында дәріс алған. Бірнеше жыл қатарынан сол кездегі маңызы зор мерекелік шараларға қатысқан. Қазіргі уақытта сол интернат С.Бәйтерековтің есімімен аталып, жас өнерпаздар білім алатын ордасы.

Жалпы мәліметтерде, Сейдолланың әкесі мен нағашы атасы да өнерден құралақан емес екенін көрсеткен. Әкесі Бәйтерек Бақбергенов домбыра шертсе, нағашы атасы Смайыл Тұрыспековтің күй, ән шығаратын өнері болған. Сонымен қатар, сол аймаққа аты шыққан атақты күйші Сүгірдің ізін жалғастырғандардың бірі екен. Композитордың қазақ эстрдасына арнаған 100-ге жуық әні және түрлі жанрға бағытталған әндері бар.

Бүгінде еліміздің өнер әлемінен әкесінің ізін жалғаған, тарих тұлғасының ұлы Санжар Байтерековте өз есімін танытып келеді. Ән жазып қана қоймай, елге танылған «Игеру» музыкалық ансамбльін құрған.