
Бүгін «Достық үйінде» «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің тоқсандық отырысы өтті.
Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері, облыстық, қалалық «Жастар ресурстық» орталығы өкілдері қатысты.
Келелі кеңесте Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында берген тапсырмасы аясында жастардың бастамаларын дамыту, этнос жастары арасында патриотизм, бірлік пен келісімді насихаттау және мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде танымал ету жайы және алдағы жоспарлар талқыланды.
Басқосуда сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева ел болашағы отаншыл, білімді, еңбекқор жас буынның қолында екенін айта келе, жастарды бірлік пен ынтымақты ту етіп, еліміздің біртұтастығын сақтауға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
— Бүгінгі кездесу жастардың өзекті мәселелерін көтеруге және оларды шешуге бағытталған нақты қадамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Түркістан облысының жастары арасындағы бірлікті арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысу және жаңа жобаларды жүзеге асыру мақсатында өздеріңізбен бас қосып отырмыз. Басты мақсат — жастарды игі істерге жұмылдыру, олардың қоғамдағы ықпалын күшейту, әлеуетін толық ашуға көмектесу, — деді Эльмира Ұласбекқызы.
Күн тәртібінде қаралған мәселелерге сәйкес, жиын барысында көпшілік дауыспен «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің төрағасы болып Нодиржан Хасантаев сайланды. Белсенді жас өзіне артылған сенім үшін ризашылығын білдіріп, өңірдегі Ассамблея құрылымдарымен өзара бірлесіп, үйлесімді және нәтижелі жұмыс істеуге күш салатынын жеткізді.
Жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, пікір алмасты.
Сондай-ақ жиын барысында Тараз қалалық «Жаңа-Ру» жастар коалициясы қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Мен жастарға сенемін» атты ақындардың өлеңдерін оқу байқауында топ жарған этнос жастары арнайы марапатталды. Бұл ретте, аталған байқауда Захро Ирисметова 1 орынды жеңіп алса, Дилмира Бекташова жүлделі 3 орынды иеленді. Ал «Көркемсөз шебері» номинациясымен Дилноза Сайтова мен Диана Жаппарова арнайы марапатқа ие болды.