
Бүгін Жетісай ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-сі мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің Жетісай аудандық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, аудандық Мәдениет үйінде үш тілді еркін меңгерген мұғалімдер арасында «Үш тілдің патшалығы» тақырыбында аудандық байқауы өтті.
Сайыста аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің ағылшын тілі бойынша әдіскері Нұрбақыт Балхибаева, аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Лаззат Илимова, аудандық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығының» орыс тілі оқытушысы Лаура Исаева қазылық етті.
Тілдердің қолданылу аясын кеңейту, қазақ тілінің мемлекеттік және қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, жастарды көп тілді меңгеруге ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға аудандық білім бөліміне қарасты мектептерден 25-35 жас аралығындағы 17 үміткер қатысып, екі кезең бойынша сайысты.
Бірінші кезеңде қатысушы үміткер өзін TEDx форматында таныстырса, екінші кезеңде қазақтың ұлы ақыны, халық ағартушысы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы туралы ұяшықта жасырылған мәліметтерді таңдай отырып, берілген тапсырманы орыс, ағылшын тілдеріне аударды.
Аталған екі кезеңнен сүрінбей өтіп, қазылар алқасының шешімімен Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Балнұр Тәжібаева бас жүлде иегері атанды. Сонымен қатар №17 «Түркістан» жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Назерке Байсейітова жүлделі І орын, №40 «Ынтымақ» және «Н.Төреқұлов» атындағы жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері Улданай Тлегенова мен Сауле Бекет ІІ орын иеленді. Жеңіс мектеп-гимназиясы мен «М.Маңғытаев» атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімдері Алия Ержанова мен Гулназ Сарибаевалар ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.