
Жақында Сайрам ауданындағы іргелі білім ордаларының бірі Бабыр мектебінде «Жігіт сұлтаны — 2025» сайысы өтті. Бұл туралы №7 Бабыр атындағы жалпы білім беретін мектептің қосымша білім беру педагогы Дина Есенбек хабарлайды. Байқау оқушыларымыздың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, нағыз ер азаматқа тән қасиеттерді дәріптеуге бағытталды. Сайысымызға мектеп әкімшілігінен құралған әділ қазылар қазылық етсе, ұстаздарымыз бен мектеп оқушылары көрермен болып, жанкүйерлік етті. Бірақ бұл жолғы сайыс бұрынғыдан өзгерек болды. Неге дейсіз ғой, себебі байқауымыздың жаһандану ғасырымен сайма-сай келген кезеңдері болды. Бұл ең алдымен жарыс ұйымдастырушыларының шығармашылығын көрсетсе, екіншіден оқушыларымыздың тапқыр екенін көрсете білді. «Жігіт сұлтаны – 2025» байқауына мектебіміздің 9-11 сынып оқушылары, жарыс шартына сәйкес 5 жігіттен құралған топ болып қатысты. Жігіттердің бұлай топ болып сайысқа түсуі өзара бірлікті, ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсті. 9-сынып оқушыларынан құралған «Ерке балалар», 10-сынып оқушыларынан тұратын «Қасқырлар» тобы және 11-сынып оқушыларынан жиналған «Узбек сила» топтары тартысты бәсекеге қатысты. Әр топ төрт кезең бойынша өнер көрсетті. Олар:
1. Таныстыру кезеңі. Бұл кезеңде оқушыларымыз өздерін және топтарын қара сөз түрінде, ән-жыр түрінде көрермендермен сәлемдесе отыра, таныстырып шықты.
2. Ақпараттық бағыт (балалар баспасөз орталықтары, журналистика, блогерлік, мобилография, фотография, балалар киностудиялары, дыбыс жазу студиялары, web дизайн). Аты да, заты да ерек бұл кезеңде жігіттеріміз көрерменді аһ ұрғызып, көркем түрде әрленген бейнероликтерін көрсету арқылы таң қалдыра білді. Екінші кезеңнің шарты бойынша оқушыларымыз жаңа технологияны пайдалана отырып жарнамалық ролик түсірген екен. Әрбір жарнамалық бейне үлкен мән мен мағынаны үстеп, қазылар алқасы тарапынан оң бағаға ие бола білді.
3. Волонтерлік бағыт (халықтың әлеуметтік осал топтарына волонтерлік көмек, балаларды көшбасшылыққа баулу ретінде волонтерлік, мүгедек балаларға волонтерлік қамқорлық, эковолонтерлік, күміс волонтерлік). Үшінші кезеңде оқушыларымыздың ұстаздарымен бірге жасаған қайырымдылық жұмыстарын тамашаладық. Бұл кезеңде 10-сынып оқушыларынан құралған «Қасқырлар» тобы кішкентай бала жүректерімен «Балалар үйіне» түрлі тәттілерімен барып, сол жердегі балалардың көңілін көтеріп, шат-шадыман халге түсіруге тырысқан болса, басқа екі тобымыз қыстың суық күндерінде сыртта жұмыс істеп жүрген аға-әпкелерін ыстық шәй мен тамақпен, жылы көңілмен қуантып қойды. Бұл әрекеттердің әрбірі оқушыларымызды айналасына асқан мейіріммен қарауға үндейді.
4. Еркін тақырып (өз өнерлерін көрсету). Сайысымыздың ақтық кезеңінде оқушыларымыз әнмен, бимен және әдемі өрілген әзілмен көмкерілген сахналық қойылымдарын көрсетті. Бұл кезеңде әділқазы алқалары мен көрермендер жігіттеріміздің сегіз қырлы, бір сырлы екендігіне тағы да бір рет көздерін жеткізді. Бір топ ұлттық би билеп, ән шырқаса, енді бір тобымыз көңілді тапқырлар алаңын құрып, әзілмен жұртты күлкіге қарық қылды.
Ұлттық мәдениетімізді жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен намыс дәнін себу – бұл байқаудың негізгі мақсаты болатын. Сонымен қатар, қатысушылар өздерінің тек білімі мен өнерін ғана емес, алғырлығы мен ептілігін, батылдығы мен тапқырлығын да көрсетуге мүмкіндік алды. Мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары М.Тойчиева сөз сөйлеп, оқушылар мен олардың жетекшілеріне жасаған еңбек пен ең жоғары нәтижелеріне оң пікірлерін білдірді. Мектеп директоры Л. Малабаева қатысушыларды марапаттап, жеңімпаздарды құттықтап, сыйлықтарын табыс етті.
Барлық шарттар бойынша ерекше белсенділік танытқан 10-сыныптың «Қасқырлар» тобы «Жігіт сұлтаны – 2025»атанып, сайыстың жеңімпазы болды. «Узбек сила» тобы 1-орынды, ал «Ерке балалар» тобы 2-орынды иеленді. Бұл сайыс тек қана білім мен өнерді көрсетудің алаңы болмағаны анық. Ол ұл балалардың адамгершілік, мейірімділік, жауапкершілік және командада жұмыс жасау қабілеттерін арттыруға бағытталған тәрбиелік мәні зор іс-шара болды.