Бүгін «Достық үйінде» Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың отырысы өтті. Жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов модераторлық етті.

Алқалы басқосуда этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, ел бірлігін бекемдеуге негізделген ғылыми зерттеулер бағытында келелі ойлар айтылып, Ғылыми-сарапшылық топ жұмысының алдағы мақсат-міндеттері талқыланды.

Келелі кеңеске облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, ғалымдар, сарапшылар, ҚХА құрылымдарының басшылары қатысты.

Жиында ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев «Ұлттық бірлікті нығайту үшін қабылданған ғылыми ұсыныстар мен тәжірибелер» тақырыбында баяндама жасады.

«Тату ел ғана қарыштап дами алады. Ымырасы жоқ, татулығы жоқ елдің болашағы да жоқ. Еліміздегі рухани келісім мен бейбітшілік іргетасын қалаған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл наурыз айында 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде Ассамблея еліміздегі әртүрлі этнос өкілдерінің өзара түсіністік пен сыйластықта өмір сүруі үшін белсенді жұмыс атқарды. Түркістан облысы да осы Ассамблеяның маңызды бөлігін құрайды және өз тарихында әртүрлі этностардың мәдениеттерін бір арнада тоғыстырып, еліміздің бірлігіне қосқан үлесі зор. Осы саладағы жетістіктерді еселеу үшін ғылыми-сараптамалық қолдаудың маңызы жоғары. Бұл бағытта сарапшылар мен ғалымдардың пікірлері өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған шараларды жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді Ж.Артықбаев.

Сондай-ақ жиында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Ғылым департаменті жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Фахриддин Саржанов, «Қоғамдық келісім» КММ-і Этносаралық қатынастар саласының мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Хамит Исақов ғылыми-сарапшылық топтың мақсат-міндеттері және жастарды ғылыми тұрғыда тәрбиелеу мен мәдениетаралық диалогқа баулу бағытында ұсыныс-пікірлерін айтты.

Бірлікке үндеген кездесуде сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева Ғылыми-сарапшылық топ тарапынан көпэтносты қоғамның мәдени дамуына үлес қосатын әдістемелік құралдарды жаңартып әзірлеу бойынша ұсыныстарын айтты және алдағы уақытта «Жас ғалымдар клубымен» бірлесе отырып атқаратын жұмыстарға тоқталды.

Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Сейдулла Садықов Түркістан облысының көпэтносты құрылымы оның әлеуетін арттыратын үлкен күш екенін тілге тиек етіп, өңірдегі этносаралық қатынастарды одан әрі нығайту бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.