
Сайрам ауданы, Қарасу ауыл округі әкімдігінің мәжіліс залында «Қоғамдық Келісім» Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» аясындағы іс-шаралары мен алдағы мақсат-міндеттері туралы аудандық әзірбайжан этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелерімен кездесу өтті.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, облыстық әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Рамиля Мустафаева, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Гусейнов Магомет Гусейн-оглы қатысты.
Базарбай Айтбаев өз сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 1 наурызда 30 жыл толады. Қазір осы мерейлі мерекеге дайындық басталып кетті. Атап айтқанда, түрлі мәдени іс-шаралар, спорттық турнирлер, арнайы мерейтойлық жинақтар, кітаптар шығару қолға алынуда. Негізгі мәселе — елдің бірлігі мен ынтымағын арттыру. Жас азаматтарымыздың дүниетанымы тұрғысынан, жасампаз ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуын, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата білуге тәрбиелеу. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғандықтан еңбек адамының абыройын көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін бірлесіп, талай шаруаны атқаруымыз керек», — деп ойымен бөлісті.
Рамиля Мустафаева Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын қолдай отырып, барлық жоспарлы іс-шараларға аудан көлеміндегі жергілікті атқарушы органдар және ҚХА-ның жанындағы құрылымдармен бірге спорттық іс-шараларда, еңбек адамдары туралы кітап шығаруда белсенділік танытатындарын жеткізді.
Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.