
Бүгін Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өңіріміздегі этностар тығыз шоғырланған Сарыағаш, Келес аудандарының тұрғындарымен кездесулер өткізді.
Аталған кездесулер облыстың аудан, қалаларындағы өзбек этномәдени бірлестіктерінің жұмысымен танысу, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді бірлесе шешу, елдік пен бірлікті нығайту бағытында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Алдымен ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиынды ашып, жүргізген Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадыр Ирсметов ел бірлігі мен татулығын нығайтуда барлық этностардың жұдырықтай жұмылып жұмыс істеу қажеттігіне тоқталды.
Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов Мемлекет басшысының сындарлы саясаты арқасында бүгінде еліміздегі 130-дан астам этностың өкілдері бір шаңырақ астында берекелі өмір сүріп жатқанын атап өтті. Өз сөзінде бірлестік төрағасының орынбасары бірлікті нығайтуда жергілікті зиялы қауым өкілдері, елге сөзі өтімді ақсақалдар көпшілікке үлгі екенін айтты.
Жиында сөз алған ауыл ақсақалы Рахмат Халматов бүгінгі кездесудің маңыздылығына және ашық диалог болашағымыздың баянды болуына зор септігін тигізетініне назар аударды.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ауданда түрлі мәдени шараларды ұйымдастыру, оқулық мәселелері, оқушылардың мектепке барып-келу жағдайы, тағы басқа өзекті мәселелер талқыланды.
Абай ауылында өткен кездесуде жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге, жастарды патриотимзге тәрбиелеуге және 5 әлеуметтік кеселді алдын алуға бағытталған жобаларды іске асыру мәселелері қаралып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Ақпараттық-насихаттық топтың жұмысы Жетісай, Мақтаарал аудандарында жалғасуда. Ертең Қазығұрт, Төлеби аудандарының тұрғындарымен бірқатар кездесулер өтеді деп жоспарланып отыр.