
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігінің «Бейбітшілік және келісім» жобасына сәйкес, Түркістан облысының этникалық топтар тығыз шоғырланған елді мекендерінде семинар өткізу жоспарланған.
Семинар облыстың дін өкілдері және тұрғындар арасында «Қазақстан бірлік пен тұрақтылық мекені», «Қоғамдағы ішкі тұрақтылық, ауызбіршілік, этносаралық қарым-қатынастарды нығайту мәселесінде діннің алатын орны», «Әскери міндет саласындағы заңнамаларды орындау қажеттілігі» тақырыптарында өткізілуде. Сондай-ақ «Қоғамдағы этносаяси ахуал және этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға интеграциялануы» атты фокус-топтық зерттеу жұмыстарын қамтиды.
Осы орайда, Түлкібас ауданында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Ақбиік ауылдық округі Құлан ауылы мен Рысқұлов ауылдық округі Азаттық ауылы тұрғындары арасындағы кездесулері мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары өтті.
Аталған кездесуге Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Х.Исақов, Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог-дінтанушы маманы Б.Абдрахман, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Түлкібас аудандық филиалы басшысы М.Аманов, Түлкібас ауданы қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығы Т.Байменов, Түлкібас аудандық ішкі саясат бөлімінің «Түлкібас аудандық руханият орталығы» КММ директоры Қ.Елеуов, ҚХА жанындағы Ақсақалдар, Аналар, Этномедиация кеңесі мүшелері, ЭМБ мүшелері, ауыл тұрғындары, дін саласындағы өкілдері, ауыл ақсақалдары, көше билері, белсенді тұлғалар және жастар қатысты.
Басқосу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ жиналған жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды.
Еске сала кетсек, Түркістан облысының этникалық топтар тығыз шоғырланған елді мекендерінде ақпараттық-түсіндіру және әлеуметтік зерттеу жұмыстарын іске асыру мақсатында 3-25 ақпан аралығында аудан, қалаларда кездесулер өткізу жоспарланған.