
Абай жолы, Мұхтар жолы дегенде аты қоса аталатын ардақты есімнің бірі – Кәмен Оразалин есімі.Ол Ұлылар мекенінде дүниеге келіп, Абай мен Шәкәрімді терең білген, Мұхтарды қаламына арқау еткен қаламгер қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орнын алуға тиісті тұлғалардың бірі, Ұлылардың ізін басып, дәстүрін жалғастырған — Кәмен Оразалин.
Камен Оразалыұлы 16 маусым 1920 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндыз ауылының Қылышбек жайлауында дүниеге келген. Каменнің аталары Тайсеміз бен Төрегелді Абай Қоңыр Көкшеге болыс болған, кезінде өте сыйлас адамдарынан саналған. Сол себептен Оразалының өзі де жас күнінен Абайды көріп, біле жүріп, беріректе оның ақыл кеңесінен көпті үйренген.
Камен алғашқы сауатын Құндызды аылындағы Ақтас бастауыш мектебінде ашып, кейіннен осы күнгі Абай атындағы орта мектепте оқыған. Содан Семейдегі № 11 орта мектепке түсіп, оны 1939 жылы бітіріп шығады. 1938 жылы Семейдің облыстық “Екпінді” газетінде “Күзетте” деген алғашқы өлеңі жарияланады. 1939 жылы орта мектепті бітірісімен Қызыл армия қатарына алынып, кіші командирлер мектебін бітіреді.
Шәкәрім ақынның қолынан дәм татқан, Мұхтардай ғұлама жазушымен үзеңгілес, сыйлас, Абай рухының асыл шырақшысы бола білген жазушы Кәмен Оразалин Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жасы 20-ға жеткен өрімдей жас жігіт елім мен өмір арпалысқан қан майданның қақ ортасында жүрді. Сол кездің өзінде-ақ Абай, Шәкәрім, Көкбай, Шәкірлер сияқты өлең жазып, Мұхтардай зерделі сөздің зергері болсам деп армандайтын жас жігіт қалам мен қаруды қатар ұстап жүрді. Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап, қиян-кескі ұрыстарға қатысып үш рет ауыр жараланады. Соғыстан аман оралған жазушы өзінің болашақ шығармаларына қыруар материалды туған жер төсінен жинады.
Жазушы майдандағы жылдарын өз қолымен жазып отырған екен:
«1939 жылы Краснояр қаласының 365-атқыштар толқынына қабылдандым. Сол жылы, 40-жылдың басында Финляндиямен болған шайқасты да өз көзіммен көрдім. Хасан көліндегі ұрыстың жай-жапсарымен де танысуға тура келді.
1941 жылдың сәуір айында Сібірдің әскери округінің дайындығын тексеру басталды. Тексеруге әскерлердің барлық түрлерінен бір-бір бөлімше түссін деп ұйғарылса керек. Жабық, жасырын іріктеу жүргізілген кезде Новосибирскіде тұратын 418-атқыштар полкының бірінші ротасының бірінші бөлімшесі әскери дайындықтың барлық түрлерінен тексерілетін болады. Бұл менің солдаттарымның бөлімшесі еді. Ең ақырғы сайыс – атыс шеберлігінен сынға түсу. Менің қарамағымдағы 15 солдат кез келген қашықтықтағы нысаналардың бәрін де атып, өте жақсы бағаға қолдары жетті. Тексерудің барысын округтік «Красноармейская газеті» бір ай бойына жариялаумен болды. Сібір қалаларындағы гарнизондардың солдаттары алдында өз тәжірибемді ортаға салып, кездесулерде сөз сөйледім. Ең ақыр аяғында 18-сәуір күні «Красноармейская газетінің» бетінде округ әскерлерінің штаб бастығы генерал-майор П.Глинский менің еңбегімді өте жоғары бағалап, «ерекше құбылыс» деп атады.
418-атқыштар полкының қарамағында Калинин қаласын азат ету жолында 21-қазан күні басымнан ауыр жараланып, 13-қарашадан 9 –желтоқсанға дейін емделіп, ұрысқа қайта қатыстым. Сол жылы желтоқсанның аяғында жеңіл жарақаттанғаныммен, ұрыс даласынан кеткенім жоқ. Үшінші рет 930-атқыштар полкында екі аяғымнан бірдей ауыр жараланып, 1942-жылы 24-қаңтар күні Калинин облысының Сычевка қаласының жанында әскер қатарынан мүгедек боп, біржола шықтым.
Әскери атағым старшина еді, екінші топтағы мүгедекке жатқызып, №289 әскери госпиталь еліме қайырды. 1942 жылы, ұзақ жылдардан кейін, екі балдаққа сүйеніп, Абай ауылына оралдым» [1].
Майдандағы жылдарын өзінен өзге оның жауынгерлік сәтін ешкім де біле бермес. Ал, бұл мәліметтер алдағы уақытта тарих қойнауына бойлай беретін ақиқат шындық, тарихи оқиға болып қала бермек.
Камен Оразалы Семейдің педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне 1944 жылы түсіп, оны 1947 жылы бітіріп шығады. Бітірген соң, туған ауылындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарды. Бала оқытумен қатар жазушылықты та қатар алып жүрді. 1948 жылдан 1987 жылға дейін Абай ауданындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарып, содан зейнеткерлік демалысына шығады. Абай атындағы орта мектеп жанынан жылына үзбей шығып келген “Абай ұрпақтары” қолжазба журналының 40 жыл бойы редакторы болып, ауданның өнерлі жастарын тәрбиелеуге еңбек етті.
Кәмен Оразалин белгілі жазушы, әртүрлі жанрда жазылған көркем шығармалардың авторы, қоғам қайраткері, «Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім» атағын алғашқылардың бірі болып алған ұстаз, бірнеше жоғары дәрежелі Үкімет наградаларының иегері, «Октябрь революциясы», ІІІ дәрежелі «Даңқ» және «Отан соғысы» ордендерімен, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Парасат» орденімен марапатталған.
Абай аулының құрметті азаматы Кәмен Оразалин 1950 жылы алғаш рет «Жексен» повесімен әдебиеттегі жолын бастады. «Жексен» повесі — Соғыс тарихы, Отан қорғаушы жауынгерлер жөнінде басылып шыққан алғашқы еңбектердің бірі .
Кәмен Оразалиннің тырнақалды туындысы өз өмірінде белгілі дәрежеде ізін қалдырған, дүниетанымдық әлемінен жақын орын алған Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған еді. Кейіннен «Жексен» деген атқа ие болған шығарма әуел баста «Қасиет» аталған көрінеді. Шығармадағы бас кейіпкердің прототипі Кәмен Оразалиннің өзі екендігіне ешкім дауласа қоймайды. Әрине, Жексен – типтік бейне. Жазушы шығармасы психологиялық иірімдері мол, аса көркем шығарма.
Сол уақыттарда Республикалық, облыстық газет-журналдардың беттерінде сол кездегі әдебиеттанушылар мен сыншылар осы кітапи жайлы өз пікірлерін жарыса айтып та, жазып та жатты. Осы бір еңбегі Кәмен Оразалиннің атын сол кездің өзінде тек Қазақстан емес, бүкіл Кеңес одағына шығарды. Өйткені жазушының өзі осы аталған шығарма туралы төмендегі бір мәліметтерді берген: «1948 жылы «Қасиет» (Жексен) атты повесімді бітіріп, Алматы жазушыларының талқысына ұсындым».
«Сенің «Қасиет» атты повесің маған негізінде ұнайды. Бірінші рет қалам тартқан бұл тырнақалды шығармаң да мен жазушыға тән бірнеше белгілеріңді көрсеткенсің», -деді Сәбит Мұқанов.
«Повесттің құрылысында адамдарды, өмірді суреттеу тәсілдерінде қазақ әдебиетіне әлі енбеген жаңалық ұшқындары бар», деп Ғабиден Мұстафин ерекше атап көрсетті.
«Жас автордың әдебиетімізге елеулі шығарма әкелгендігі сүйсінерлік іс. Жазушылар Одағы көмектесіп, баспаға ұсынғаны жөн»,-деп Қалижан Бекхожин да ағалық көңілін білдірген».
Міне, жазушының ең алғашқы жазған шығармасына қазақ әдебиетінің классик жазушылары тарапынан берілген баға осындай болған.
1959 жылы тың тақырыбына арналған «Ақ жазық», коллективтендіруді суреттеген «Көктем салқыны», «Кең байтақ» романдары, «Абай ауылына саяхат» атты жол сапар, тарихи мағлұматтарға бай кітаптары жарық көрді.
Абай – Мұхтар әлемінде Кәмен Оразалиннің дербес орны болуы заңды, ұлы дәстүрге адалдық, ал дәстүрді жалғастыру парыз. 1972 жылы жазушы Мұхтар Әуезов туралы төрт томдық роман жазды. Бұл романды жазуға 20 жыл ізденіп, 35 жыл табан аудармай жазды. «Абайдан соң» – жазушының ең кесек, ең негізгі туындысы, мұнда қазақ дүниетанымының негізгі қағидаларынан, сахаралық қалыбынан айрылмаған мұрат бар. Өзінің жарты ғасыр ғұмырын Абай атындағы орта мектепте жас жеткіншектерді білім нәрімен сысындатып, зейнеткерлікке шықса да жазумен шұғылданды.
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 17 қазан 1943 жылы “Социалистік Қазақстан” газетінде жарияланған “Абай ауылында” деген очеркінде былай дейді:
“Өр көңілдің өжетін, ез көңілдің керенауын, бой күйезін айтам десе, онда да Абай тап басып, таңба соғып, айтып кеткен болады. “Жүрек адырдағы” қарт колхозшы Оразалы. Ол кісіден көп сөз естіп, көп тоқыған баласы Камен. Мұның өзі оқыған, өзі жазушы. Отан соғысынан жаралы болып қайтқан жас жігіт әкесі білген әңгіменің көбін зор ынтамен айтады…”
Абайтану ғылымының негізін қалаған ұлы жазушы М.Әуезов болса, оны ары қарай жалғастырып, болашақ ұрпақтардың рухани қазынасына айналдырып, ұлылар туған жерге алғашқылардың бірі болып, ірге тасын қалаған «Абайтану», «Мұхтартану» ілімдерін оқушылардың бойына сіңіріп, санасына жеткізе білген Кәмен Оразалин еңбегі ерекше.
Бұдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанға әйгілі ірі ғалым, академик, жазушы Зейнолла Қабдолов, көрнекті халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағаларымыз Кәмен Оразалин туралы «Ұлы жазушы» деп көрсетпесе де, соған пара-пар теңеулер келтіріп, сол дәрежеде айтқан пікірлерін келтіре кетуге болады.
Камен Оразалының қаламынан ондаған көркем очерктер, мақалалар, “Жексен”, “Ақ жазық”, “Көктем салқыны”, “Абай ауылына саяхат”, “Абайдан соң” (4 кітап), “Абайдан соңғы арыстар” (3 кітап) атты романдар туған.
Ол “Қазақстанның еңбек сіңірген мектеп мұғалімі” (1965 ж.), “Абай ауданының құрметті азаматы”, “Қарауыл ауылының құрметті тұрғыны” атты құрметті атақтармен қоса “Октябрь Революциясы” (1978 ж.), “І дәрежелі Отан соғысы” (1941 ж.), “3 дәрежелі Даңқ ордені” (1941 ж.), “Парасат” (2000 ж.) ордендерімен және 13 медаль, Қазақ ССР-ы Жоғары Кеңесінің 4 Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Оның халыққа таралған ең сүбелі туындысы Мұхтар Әуезовтің жастық шағын бейнелеген төрт кітаптан тұратын “Абайдан соң” атты романдары.
Жазушы еңбектерінде Абайдың қазақ хылқы тарихында өшпес із қалдырған жемісті қызметін айтады. Абайтану ғылымының негізін салған жазушы Мұхтар Әуезовтың еңбегін көрсетеді. Ақынның ауылының өткені мен бүгінін, тіршілік – тынысын, көркем табиғатын баяндайды.