Биыл- композитор, дирижер, КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы Тілендиев Нұрғиса Атабайұлының туғанына 110 жыл.

Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы, Іле ауданындағы Шилікемер ауылында дүниеге келген. Әкесі Атабай домбырашы, халық әндерінің білгірі болған. Шешесі Салиқа да музыканы жақсы көрген, өлең айтқан, тіпті сырнайда да ойнаған екен.

Нұрғиса бала кезінен бір орында отырмайтын. Анасы балам бір бәлеге ұрынып қалмасын деп, аяғын ағашқа байлап қойған кездері де болыпты. Артынан баланың энергиясын домбыраға қарай бұрған. Сөйтіп, Нұрғиса бес жасында әкесінен домбыра тартуды үйренген. Ал анасы ноталық сауатын ашты.

Бір күні Ахмет Жұбанов Нұрғиса тұрған үйдің жанынан өтіп бара жатып, домбыраның үнін естіп қалады. Ұлттық аспапта сонша шебер ойнап отырған кім екенін білгісі келеді де, алты жасар баланы көріп, анасынан ұлының тағы бір рет домбыра тартып беруін сұрайды. Шешесі Салиқа келіседі. Бірақ тіл-көз тимесін деп баласы мен Жұбановтың ортасына шымылдық іліп қояды.

Ахмет Қуанұлы баланың ойнауын ұйып тыңдап, оған музыка училищесіне баруға кеңес береді. Училищеде баламен басқа композитор Латиф Хамиди айналысып, оны би класына жазып қояды. Іссапардан келген Жұбанов талантты домбырашы балет сабақтарына барып жүргенін көріп, дереу музыка класына ауыстырады.

Домбырамен қатар, Нұрғиса бокспен де айналысқан. Алайда Ахмет Жұбанов: «Не бокс, не музыка!» деп шарт қойғаннан кейін Нұрғиса өнерді таңдайды.
1943 жылы Нұрғиса Тілендиев соғысқа аттанады. Сол кездегі көпшілік жастар сияқты он алты жастағы жігіт те төлқұжатына екі жас қосып жаздырып алады. Сөйтіп, 1945 жылдың 9 мамырына дейін Нұрғиса Курск шайқасынан бастап Берлинді алғанға дейінгі сарбаз жолымен жүріп өтеді, бірнеше рет жараланады.
Соғыс біткеннен кейін «Ерлігі үшін!», «Берлинді алғаны үшін!» және «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» медальдерімен марапатталады.

Нұрғиса Тілендиев әскери қызметті жалғастыруды да ойлаған. Бірақ Ахмет Жұбанов әскери округ бастықтарына соғыстан соң елде талантты музыканттарға деген қатты сұраныс болатынын жеткізіп, Тілендиевті қайтару туралы өтініш жазады. Ақыры Нұрғиса 1945 жылдың қазанында әскерден босатылады.

1948 жылы Нұрғиса Тілендиев Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясына емтихан тапсырып, оқуға түседі. Ұлт аспаптары бөлімінде екі жыл оқып шығады. Оқуын аяқтаған соң, Нұрғиса Мәскеу консерваториясына оқуға барады, осы оқу орнына түскен алғашқы қазақ та осы Нұрғиса Тілендиев болды. Оқудан кейін Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының бас дирижері лауазымына тағайындалады.

Театрдағы жұмысы кезінде көрермендер оның «Ортеке» (1957) балет-поэмасына, «Достық жолымен» (1958) балетіне, «Менің Қазақстаным» (1959) кантатасына тәнті болды. Осы жұмыстары үшін ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, Қазақ ССР Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды.

1980 жылы Нұрғиса Тілендиев Қазақ филармониясы жанынан «Отырар сазы» оркестрін ұйымдастырады. Басында шығармашылық ұжым шағын ансамбль ретінде өнер көрсетті. Ал екі жылдан кейін оркестр болып құрылды.

Оркестр қос ішекті, үш ішекті домбыралар, қобыз, сыбызғы, саз-сырнай, жетіген, шаң қобыз, асатаяқ секілді ертеден белгілі музыкалық аспаптарды қолданды. Артынан оған кең шанақты және шіңкілдек домбыралар, нар қобыз, жез қобыз, мес қобыз, сазген, аса шертер, адырна, даңғыра және тағы басқа аспаптар қосылды.

Қазақ музыка мәдениетіне өшпес із қалдырған Нұрғиса ағамызға «қазақ сазының сайыпқыраны» деген атақ берілген. Ол «Алтын таулар» операсының (Қ.Қожамияровпен бірге), «Достық жолымен» балетінің (Л.Степановпен бірге), «Ортеке» балет-поэмасының, «Менің Қазақстаным» кантатасының, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты кіріспелердің, 400-ге тарта ән мен романстың авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазды. Мәселен, Нұрғиса Тілендиев музыкасын жазған М. Әуезовтың, Ш. Аймановтың, Ә. Тәжібаевтың пьесалары, сондай-ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» фильмдері әрқашан қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналған.

Өнер ұжымының репертуарында «Кеңес», «Салкүрең», «Сарыөзен» сияқты халық күйлері, Тәттімбеттің «Қос басары», «Сарыжайлауы» мен «Сылқылдағы», Сүгірдің «Кер толғауы» мен «Бес жорғасы», Ықыластың «Ерден күйі» мен «Қамбар батыры», сондай-ақ, сол кездегі танымал қазақ композиторларының шығармалары болды.
1984 жылы оркестр Алматы қаласында өткен Бүкілодақтық фестивальға қатысты. Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы үлкен концерт залында өнер көрсетті. Ал 1985 жылы Бүкілодақтық Комсомол сыйлығының лауреаты атанды.

Нұрғиса Тілендиевтің замандастары оның ән жазғанда белгілі бір уақытты таңдамайтынын талай рет еске алған. Сазгер көбінесе үйде жұмыс істейтін. Әуен ойына келгенде дереу рояльге отырып, жаңа әнді дүниеге әкелетін.

Одан кейін Тұманбай Молдағалиевке немесе Қадыр Мырза Әліге хабарласып, әнді естіртіп, өлең жазып берулерін сұрайтын. Нұрғиса Тілендиевтің Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Куә бол» әні айлы түнде дүниеге келген.

Бірде Нұрғиса Тілендиев жұбайы Дариғамен Алматы өзенінің жағасымен қыдырып келе жатады. Бір кезде сазгер өзен жағасындағы тастың үстіне шығып, біресе айға, біресе жұлдыздарға қарап: «Куә бол, жұлдыз, Куә бол, айым, Куә бол, Алатауым!» — деп әндете жөнеледі. Кейін сөздерін ақын інісіне жаздыртып алады. Осылайша, «Куә бол» әні дүниеге келген.

Бір күні Нұрғиса Тілендиевтің шаңырағына қонаққа ақиық ақын Мұқағали Мақатаев келеді. Екеуі әңгіме-дүкен құрып отырғанда Нұрғиса: «Даха, домбырамды берші маған», деп жары Дариғаға домбырасын алғызып, «Аққу» мен «Арман» күйлерін тартып береді. Осы кезде ақын інісі «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлең жазып береді. Артынан сазы да жазылады.

Бұл кездесуден кейін ақын композитордың үйінде бір ай жатып, екеуі 32 әнді дүниеге әкеледі. Соның ішінде «Саржайлау», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Мен сендерді іздеймін», «Сөнбейді, әже, шырағың» және тағы басқа шығармалар бар. Нұрғиса Тілендиев пен Мұқағали Мақатаевтың бірлесе отырып жазған соңғы әні — «Есіңе мені алғайсың».
Сазгер 500-ден астам музыкалық төл туындының авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да кең. Ішінде ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера мен балет бар.
Композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау» әні өткен ғасырдың 70-ші жылдары жарық көріп, халық арасына кең тарады. Өйткені, ырғақты әрі ойнақы ән тыңдаған жанның бірден жадында қалады. Ән 1977 жылы көрерменге ұсынылған «Алты жасар Алпамыс» фильмінде қолданылды. Композитор бұл шығарманы Алматы қаласындағы Абылайхан мен Гоголь көшелерінің қиылысында тұрып жатқан кезінде жазған. «Сол үйдің балконынан алып Алатаудың ерекше көрінісін тамашалауға болатын еді», — деп еске алған екен композитордың зайыбы Дариға Тілендиева. «Алатау» әнін ең алғаш орындап, «Қазақ» радиосына таспалаған Суат Әбусейітов. Ал, туындыны көпшілікке кеңінен таныстырған Сара Тыныштығұлова мен Нұрғали Нүсіпжанов еді. Одан кейін «Дос-Мұқасан» ансамблі «Алатау» әнін репертуарына қосып, бейнебаян түсірді. Бүгінгі толқын өнерпаздары арасында «Динар» тобы заманауи өңдеуде шырқаса, Рүстем Нұржігітов латынамерикалық стильде орындап, әнге өзгеше сарын қосты. Нұрсұлтан Әлімқұлов өлеңін жазған бұл әннің жарыққа шыққанына 50 жылға жуық уақыт болса да, әнсүйер қауым сүйсініп тыңдайды.

Домбыра үнімен талай жүректерді баураған Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығында ерекше орын алатын «Арман» күйінің шың шығу тарихы терең мән-мағынаға толы.
Ауылдардың біріндегі тойда елдің құрметіне бөленген Нұрғиса күйшінің шеберлігіне көпшілік тәнті болып, шапалақпен көтермелеп, қошеметтейді. Бірақ сол тойда шетте бір ақсақал тұнжырап отырады. Түннің бір уағында Нұрғиса сол ақсақалдың үйінде қонақ болады. Төрде ілулі тұрған домбыраны қолына алып, тартуға рұқсат сұрайды. Бірақ ақсақал: «Күйдің берекесін алмай, адам құсап тартшы», — деп қатаң ескертеді. Бұл сөз Нұрғисаның жанына ауыр тиеді. Әкесі Тіленді марқұмның өсиеті санасына оралып, күйші бір сәт өзін сынайды. Сол күйде домбыраның үнін жүрегімен сезініп, терең тебіреністен «Арман» күйі дүниеге келеді.

КСРО-ның жəне Қазақстанның Халық əртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Халық Қаһарманы» Нұрғиса Атабайұлының мемориалдық музейі Алматы қаласы əкімінің арнайы қаулысымен 2014 жылдың 16 мамырында Халықаралық музейлер күніне орай ашылды. Мемориалдық музейі орналасқан пəтер 1979 жылы аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың арнайы тапсырысымен салынып, Қазақстанның ғылымы мен мəдениетіне еңбек сіңірген қайраткерлерге табысталған. Бұл үйде ұлы композитор өзінің отбасымен 1979-1998 жылдар аралығында тұрып, соңғы табысты шығармашылық жылдарын өткізді. Нұрғиса Тілендиевпен осы жерде көршілес пəтерлерде КСРО Халық əртісі Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Олжас Сүлейменов, академик-ғалым Д.Сокольский (1979-1987 жылдары), архитектор Ю.Ратушный (1978-1996 жылдары) сияқты өнер жəне ғылым майталмандары тұрған.

1968-81 жылдары Нұрғиса Тілендиев «Қазақфильм» киностудиясында музыкалық редакциясының бас редакторы болды. Қазақ мультфильмдерінің атасы Әмен Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» сияқты ертегі-аңыз желісімен жасалған жұмыстарына ән жазған. Сондай-ақ, ол «Менің атым Қожа», «Қилы кезең», «Қыз Жібек» сияқты қазақ фильмдерін әуенмен әрлеген.
Аты аңызға айналған күйші, дирижер, композитор, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің өнері дүйім жұртқа мәлім, ал өмір жолында түрлі сынақты бастан өткерген.

Нұрғиса Тілендиев пен Дариға Тілендікеліні 1967 жылы Алматыдағы киностудияда танысқан екен. Сол сәтте 42 жастағы аты әйгілі музыкант 19 жастағы өрімдей қызды бірден ұнатып, сезімін білдірген. Көпшілікке танымал «Куә бол» әні – композитордың сүйген жарына арнаған ең алғашқы туындысы.

Көпшілік Нұрғиса Тілендиевтің Дінзухра, Сәуле есімді қыздарын жақсы біледі. Ал оның жалғыз тұяғы ұлы барын біреу білсе, біреу біле бермес. Оның қалай дүниеге келгені өз алдына қызық әңгіме. Нұрғисаның туған ағасы Қаймолда 1941 жылы соғысқа аттанады. Соғыстан қайтпаған ағасын бір жыл күтеді, ақыры елге оралмайды. Сол кезде жас жігіт Нұрғиса Тілендиев туған жеңгесі Фатимамен әмеңгерлік салтымен үйленеді. Сөйтіп 1947 жылы олардың ұлы дүниеге келеді. Нұрғиса баласына Алмас деген есім береді. Кейінірек Фатима анамыз өнер жолында жүрген қайнысының аяғына тұсау болмайын деді ме екен, мінездері жараспады ма екен әйтеуір екеуі екі жаққа кетеді. Фатима анамыз сол уақытта әйелдер арасында сирек кездесетін заңгер мамандығын алып, судья, адвокат болып қызмет істеген. Соғыстың алдында Алматыда Нұрғисаның туған ағасы Қаймолдамен кездесіп, тұрмыс құрған. Екеуінен Лариса атты қыз туған. Лариса мен Нұрғисаның жас айырмашылығы алты жыл. Ұлы тұлғаның артында қалған жалғыз ұлдың шындығы осы.
Нұрғиса Тілендиев жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың жақын туысы болып келеді. Көз жұмбас бұрын: «Мені Жамбыл атамның жанына қойыңдар. «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар», — деп аманат айтқан екен.

Композитор 1998 жылғы 15 қазанда жетпіс бір жасында өмірден озды. Топырақ бұйырған жері — Жамбыл кесенесінің іргесі.

КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтың атымен музыка мектептері, музейлер мен көшелер аталған.