
Қазақ мүсін өнерінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескен Серкебаевты таныстырудың өзі артық. Бүгінде, шебердің қолынан шыққан Алматы қаласындағы Мемлекеттік драма театрының алдында орналасқан «М.Әуезов» монументалды мүсіні, сонымен қатар, Алатау баурайында орналасқан тағы бір туынды «Әл-Фарабидің» мүсіні көпшілікке кеңінен таныс. Жалпы, елдің кез-келген өңірінде Ескен Аманжолұлының қолтаңбасы бар деуге болады. Атыраудағы Исатай мен Махамбет бейнелері, Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов мүсіні, Павлодардағы «Дос Мұқасан» тобына арналған ескерткіш, т.б.
Ескен Аманжолұлы — Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор, суретші, мүсінші.
Жастайынан мүсінші болуды армандаған Ескен Аманжолұлы 1940 жылы 19 мамырда Алматы қаласының маңындағы Қайрат станциясында дүниеге келеді. Алғашқы білімін соғыс жылдарынан кейін №1 мектепте алған болашақ мүсінші сол кезде-ақ сазбалшықтан түрлі жануарлардың кішігірім мүсіндерін жасаумен әуестенеді. Табиғатынан дарынды болып өскен бозбала мектептен кейін Алматы қаласындағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне түсіп, аталмыш оқу орнын үздік деген бағамен бітіріп шығады. Өмірлік мамандығын түпкілікті сезінген жас мүсінші сол кездегі Ленинград қаласына аттанып, аталмыш шаһардағы Репин атындағы кескіндеме, мүсін және архитектура институтына қабылданады.
Институтты 1969 жылы тәмамдап, елге айтулы маман ретінде оралады. Әу бастан училищеде Х.Наурызбаевтан, кейін институтта В.П.Пенчук, М.К.Аникушин секілді шеберлерден алған тәлімін, үйренген тәсілдерін, шыңдалған шеберлігін жаңадан берілген шеберханада дәлелдеуге тура келді.
1960 жылдан, яғни студент кезінен көрмелерге тұрақты қатысып келе жатқан мүсінші қондырғылы, монументті, монументті-безендіру мүсін саласымен қызу айналысады. Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғаларын сомдауда өзіндік қолтаңба қалыптастырып, көпшіліктің ықыласына бөленеді. Шығармашылығына арқау болған бейнелерді өзіндік мәнерде сомдап, образды өнер тұрғысынан қайта тірілтуді мақсат етеді. Әсіресе қала көркіне сай келген монументті ескерткіштері авторға үлкен табыс әкелді.
1977 жылы әл Фарабидің 1110 жылдығына орай бүкіл одақтық конкурс болады. Мүсінші бірінші орынды алады. Алайда қаржылық жағдай, жалпы сол тұстағы елдің ақуалы да аса жақсы бола қоймағандықтан, дәл сол мезетте ескерткіш бой көтермейді. Біраз үзілістен кейін барып тұрғызылады. Бірақ, Ескен Серкебаевтың ең алғашқы нұсқасымен жасалған жоқ. Біршама өзгерістер енгізуге тура келеді. Әл-Фарабидің артында үлкен арка болуы керек екен. Жоба бойынша, мүсінші арканы ішіне Пифогордан бастап 76 ғұламаны бейнелеген. Арканы былай қойғанның өзінде мүсіннің биіктігі де бастапқы Ескен Серкебаев салған үлгімен сай болмаған, өзгертілген. Кейін Ұлы ұстаздың 1150 жылдығына орай қайта қолға алынып, өзгертілуі керек болған екен.
Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының қасбетінде орналасқан ұлы жазушы, драматург, Қазақ Кеңес әдебиетінің алыбы Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіш мүсіншінің әйгілі туындыларының бірі саналады. Жазушының сабырлы күйде креслода отырған бейнесі әсерлі де ұтымды берілген. Ескерткіш арқылы жазушының терең психологиясын, табиғи мінезін байқаймыз. Қоладан құйылған ескерткіш қоршаған ортамен үйлесім тауып, маңайындағы өтпелі тіршіліктің айнымас бөлшегі бола отырып, жеке дара да назарға еріксіз ілінеді.
Ескен Аманжолұлының тынымсыз еңбегінің жемісі М.Әуезовке арналған мүсін болып саналады. 1978 жылдың күзінде Әуезовке арнап ескерткіш жасауға арнайы сайыс өткізіледі. 1979 жылы 10 жобаның ішінен Ескен Серкебаевтың жобасы таңдалып, байқаудан ұтады. Ол Әуезовтың мүсінін жарыққа шығармас бұрын әуелі 14 нұсқа жасайды, тек содан кейін ғана жазушының бейнесіне сай мүсінін алып шығады. М. Әуезовтың мүсінін жасау үшін, Сергебаев кітапханада, архивтерде жазушы деректерін іздеп, оның туған жері Семейдегі М.Әуезов атындағы мұражайға да барады. Аталмыш мұражайдың сол тұстағы директоры жазушының қызы Лейла Мұхтарқызы болатын. Ол мүсіншіге әкесі туралы мол мағлұматтар берді. Ескен Аманжолұлы өзімен бірге бірнеше материалдарды алып келеді. 1980 жылы Ресей мен Ленинградтың жолдары жабылып қалған соң, Ескен Серкебаев бесінші қазанда Бакуде жаңадан ашылған заводқа барып, сол жерден Мұхтар Әуезовтың мүсінін қола мен граниттен жасап, театрдың алдына орналастырады.
1967 жылы Ескен Серкебаевқа дейін Төлеген Досмағамбетов Алматы қаласында Абай атындағы опера және балет театрының жанына М.Әуезовке бюст орналастырған болатын. Сонымен қатар Әуезовке арналған Досмағамбетовтың мүсіні Семей қаласында да бар. Әрине, халқымыздың ұлы суреткері М.Әуезовке арналған ескерткіштер болашақта да туа берері даусыз. Бірақ Е.Серкебаевтың қиял көкжиегінің кеңдігі мен кәсіби біліктілігінің биік шыңы саналатын М.Әуезовтың мүсіні қайталанбас туындылар қатарында қалды. Ол сомдаған мүсінде еліміздің данасы М.Әуезовтың кере қарыс маңдайы мен данышпандарға тән ойлы жанары бірден көз тартады. Оның жүзінде мейірімнің шуағы да бар. Мемлекеттің сыйлықтың осы жобаға неліктен бұйырғанын осыдан-ақ түсінуге болатындай.
Бұрынғы Әуезов қаттырақ, қысылған, ішке, өзіне көбірек қараған. Қазір көріп отырған ескерткіште – Әуезов отырса да, оның кең көлемде отырғаны, сыртқы әлемге кеңінен танылғаны және алға қызығушылықпен қарайтыны қазірдің өзінде көрініп тұр. Міне, мен Мұхтар Омарханұлы туралы дәл осындай сезімге ие болдым, оны жақын адамдарымен сөйлесу арқылы білдім.
Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры, әдебиет, өнер және архитектура саласындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ескен Аманжолұлы Сергебаев «Батыр бабалар» мемориалдық кешені және халық қаһармандары – Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүр ескерткішінің; «Ұлы дала даналары – Ұлттың ұлы билері» ескерткішінің; Алаш арыстары және Қажымұқан Мұңайтпасовтың ескерткіштерінің негізгі авторы.
Мүсін өнерінің басты тақырыбы – адам, оның сыртқы бейнесі арқылы сол адамның ішкі рухани дүниесін, сезімін, ерік-жігерін, күрделі психологиялық күйін ашып көрсету болса, Ескен Сергебаевтың туындыларында осының бәрі бар. Оның мүсіндері уақыт пен кеңістікте өзінің сан алуандылығымен қабылданатынына қарамастан, ұлтқа тән ерекшелігін сақтауымен дараланады.
Дара дарынның қолтаңбасы көбінесе лирикалық, баяндаушылық сарынымен ерекшеленеді. Ол киім иірімдеріне көп көңіл бөлген. Ескен Аманжолұлының Мұхтар Әуезов, Әлия Молдағұлова, Махамбет пен Исатай, Әбу-Насыр әл-Фараби сияқты қазақ ұлыларды жазған образдары жанды бейнедей әсер қалдырады. Шын мәнісінде Ескен Серкебаев жоғарыда аталған туындыларында ұлттық ерекшеліктерді дөп басып сомдаған. Айталық, Махамбет пен Исатай мүсінінде қос батырдың ержүректілігі мен қайсарлықтары көрініс тапқан. Олардың бет-жүздеріндегі қатқылдық, көз жанарларының өткірлігі көрушілерді баурап әкетеді.
Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған Ескен Сіргебаевтың тағы бір туындысы Түркістан облысы Отырар мұражай қорығында орналасқан.
Ескен Аманжолұлы Алматы қаласынан бастап, өзге қалаларда бой көтерген көптеген монументті ескерткіштердің авторы саналады.
Атап айтқанда, жоғарыда аталған М. Әуезов ескерткішінен өзге, Қазақ Ұлттық университетінің алдындағы Әл-Фараби ескерткіші, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының алаңындағы Т.Жүргенов ескерткіші, Д.Қонаевтың бюст-ескерткіші, Ақтөбе қаласындағы Әбілхайыр ескерткіші, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қауынкелді ауылындағы Н.Байғанин ескерткіші, Жансүгіров ауданындағы І.Жансүгіров ескерткіші, Жамбыл ауданындағы Н.Тілендиев ескерткіші, Павлодардағы С.Торайғыров ескерткішімен қоса, жанрлық үлгідегі Абылай хан, Қазақстан халық артисі, режиссер А.Тоқпанов, композитор Ә.Бейсеуов, халық артисі Қ.Қуанышбаев, Ұлы Отан соғысының батыр қызы Ә.Молдағұлова секілді ұлы тұлғалар құрметіне арнап сомдалған туындылары да ерен еңбектің жемісі екені анық. Сонымен қатар, қолтаңбасы айқын, кәсіпқой мүсінші еңбектерінің сапалық деңгейін анықтайтын өзге де туындылары аз емес. Монументті-безендіру саласында еңбек етіп; Қызылорда қаласындағы «Шопан мен күрішші», Семей қаласындағы «Абай» мүсіндік композициясы мен Ф.М.Достоевский мұражайындағы монументалды портрет-рельеф, Атырау қаласындағы «Қазақ эпосы»т.б. еңбектерін халық назарына ұсынды.
1986-1988 жылдар аралығында Суретшілер одағы басқармасының хатшысы болған Ескен аға қоғамдық жұмыстармен де жиі шұғылданады. Дегенмен шығармашылықты бәрінен де жоғары қойған көрнекті мүсінші туындыларын халқына арнап, еліне адал қызмет атқарып келеді. Шығармашылық жолдың алғашқы сатысынан күні бүгінге дейін ұстаздық қызметті қатар алып келе жатқан Ескен Аманжолұлы 1969-1974 жылдар аралығында Алматы көркемсурет училищесінде, ал 1978 жылдан бастап Алматы театр және көркемсурет институты, қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында жас мамандарға мүсін өнерінің қыр-сырын үйретіп келеді. Бүгінде Өнер академиясыдағы «Мүсін» кафедрасын басқарып отырған Ескен аға шығармашылықпен шұғылдануды ешқашан да тоқтатқан емес. Атқарған іс аз емес, атқарылатын іс одан да асып жығылады демекші дарабоз мүсіншінің орындалатын жоспары орасан зор. Қазақстандағы кәсіпқой мүсін өнерінің дамуына шексіз зор үлес қосып келе жатқан Ескен Аманжолұлының еңбегі ерен.
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, профессор, ҚР суретшілер одағының мүшесі Болат Тұрғынбай Мұхтар Әуезов бейнесіне байланысты былай деді: «Театр алдында келген қонаққа жазушының отырысы, сұстылығы адамға беретін психологиялық әсері өте күшті. Бұл адамның сезіміне айрықша әсер ететін керемет жұмыс. Сондықтан мен бұл мүсінді Қазақстандағы ең үлгілі жұмыстардың алдыңғы қатарына қосамын».
Бүгінде Ескен Серкебаев бірнеше буын студенттер тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаз. Оның мол тәлімін алған шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр.
Мүсін өнерінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының іргесін қалағандардың бірегейі – Ескен Аманжолұлының еңбегі қашан да құнды.