Тұманбай Молдағалиев – қазіргі таңдағы қазақ поэзиясының дамуына зор үлес қосқан көрнекті ақын. Ақын 1935 жылы Алматы облысының Жарсу ауылында дүниге келген. Т.Молдағалиев — жас ұрпақтың тамаша тәрбиешісі, ұлағатты ұстазы. Оған “Жалында”, “Балдырғанда” атқарған қызметтері дәлел. Студент кезінің өзінде-ақ “Студент дәптері ” деп аталатын жыр жинағымен халқын қуантып, дарынды ақын атанған. Т.Молдағалиев әр алуан тақырыпта қалам тартқан. Табиғат лирикасына, туған жеріне т.б тақырыпта жазылған өлеңдері сезімге толы.
20 наурыз — ақын Тұманбай Молдағалиевтің туған күні.

2011 жылы 77 жасқа қараған шағында аса көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев дүние салды. Ол 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Жарсу ауылында туған. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде әдеби қызметкер болудан бастап, 1956-1959 жж. “Пионер” журналында әдеби қызметкер, 1959-1971 жж. “Жазушы” баспасында редактор, аға редактор болған. 1971-1973 жж. “Балдырған” журналында жауапты хатшы, 1973-1984 жж. “Жалын” альманахында бас редактор, 1984-1986 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында хатшы болып қызмет жасаған. Өмірінің соңына дейін “Балдырған” журналының бас редакторы болып жемісті еңбек етті. Тұңғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы “Студент дәптері” деген атпен жарық көрген. Содан бергі уақыт ішінде ақынның қырықтан астам кітабы оқырман қолына тиді. Орыс және батыс классиктерінің, сондай-ақ туысқан республикалар ақындарының өлеңдерін ана тілімізге сәтті аударды. 1968 жылы “Жаңа дәптер” жинағы үшін Республика комсомолы сыйлығының, 1982 жылы “Жүректегі жазулар” кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. 1957 жылы “Тың жерді игергені үшін”, 1970 жылы “Еңбектегі ерлігі үшін” медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған. 1992 жылы Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының Физули атындағы сыйлығына ие болды. Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақстанның халық жазушысы. «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері. Нұрғиса Тілендиевтің, Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің, басқа да танымал композиторлардың “Құстар әні”, “Құстар қайтып келеді”, “Бақыт құшағында”, “Әнім сен едің”, “Шақырады көктем”, т.б. жүздеген әндерге өлең жазған. 2007 жылы «Құстар қайтып барады» атты ән текстерінің жинағы жарық көрді. Ақынның қаламынан туған «Студент дәптері», «Кәмила», «Құралай», «Алатау қызы», «Зулайды күндер», «Жаңа дәптер», «Шақырады жаз мені», «Қош, көктем», «Жүрек ояу қашанда», «Хаттар, хаттар», «Махаббат оты сөнбейді», «Мен де жиырма жаста едім», «Құстар қайтып келеді», «Таудан түскен сәуле», «Жиырма бесінші көктем», «Жүректегі жазулар», «Тынық мұхит дәптері», «Сарыала күз келгенде», «Туған елім — тірегім», «Сағындырған көктемдер», «Шыңдағы гүлдер», «Қар жауып тұр», «Ұмытпа мені» сияқты жыр жинақтары – ондаған ғасырлық тарихы бар қазақ жырына олжа салған, оқырман қауымның жүрегіне жол тапқан, әдебиетіміздің алтын қазынасына айналған өлмес шығармалар.

Тұма жырдың бастауындай мөлдір поэзиясымен әдебиетіміздің көкжиегін кеңейткен ақынның жауһар жырлары халқымен бірге жасасып келеді. Тұманбай ақынның лирикалық өлеңдері әлі талай жанның жүрек қылын шертіп, көңіліне қонақтары хақ.
Өн бойынан өлең құйылып тұратын, қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік тұлға – Тұманбай Молдағалиев артына өшпес мұра қалдырды. Оның мұрасы 20 томдық кітапқа жетіп артылады. Өзінің айтуынша, өлең жазуды Ақши мектебінде оқып жүріп бастаған. Ол 5-сыныпта оқып жүргенде сыныпқа жаңа келген бір бала өлең шығаратынын айтқан екен. Ал бала Тұмаш өлеңді тек Абай мен Жамбыл ғана жаза алады деп ойласа керек. Әлгі оқушыға еліктеп, қолына қалам алып, ойына келген жыр шумақтарын қағазға түсіруді бастап кетіпті. Міне, содан өмірінің соңына дейін күндіз-түні тоқтамай қара сөзден алтын теріп, өлең жазумен айналысты.

Ақын туған ата-анасынан ерте айырылыпты. Алайда өгей шешесі туу туралы куәлігіне «анасы» ретінде түскен. Сол себепті де, ақын ол кісіні «өгей» екенін де білмеген. Қамқа анасы о дүниеге аттанарда, баласын шақырып, өзінен емес, абысынынан туғанын айтып кетіпті. Бұл жайтқа ақын сенгісі келмеген. Себебі, анасы тек мұны емес, ауылдағы барлық балаларды бауырына басып, асқан мейірімділікпен өсірген. «Мені мейірімді жан тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде мейірімді болуым соның арқасы шығар», – дейді ақын бір сөзінде.

Ақынның өмірлік серігі Күлтай Қасымқызының сөзінше, балаларының ешқайсысы қаламгерлікке жолы түспеген. Бір жағынан ақынның «менің жолымды қумаса» деген тілегі де болған сыңайлы. Тек Жазира атты қызы филология мамандығына түсіп, бұл күндері ҚазҰУ-да оқытушы болып жүр. Әр жаз сайын Жазушылар одағынан ақынның отбасына Қара теңізге демалуға жолдама келеді екен. Онымен қоса, ақын ұл-қыздарын ертіп, демалыс орындарына жиі барған. Сонда балаларының суда еркін жүзуіне аса мән беріп, өзі үйреткен екен.

Өзі жетімдікте өскен қаламгердің балаларына деген махаббаты ерекше болған. Олардың әрбір жетістігі өлең боп өрілген екен. Әсіресе, тұла бойы тұңғышы Құралайға арнап бір емес, екі жинаққа жетер жыр жазылған. «Құралайым», одан келіп «Құралай және оның бауырлары» деген кітаптары жарық көрген. Әкесінің ақ үмітіне лайық Құралай да өте дарынды болыпты. Алыс Мәскеудегі физикалық инженерия институтына өзі барып, қабылданған. Бес емтихан тапсырып, сүрінбей өткен. Күлтай Қасымқызы тұңғыштарының әрбір сәтті тапсырған емтиханына қуаныштан үйде дастархан жайылғанын айтады. Қызының жетістігі ақын жүрегін қуанышқа толтыратын. Алайда, Құралайының ғұмыры қапыда шорт үзілген. Қайғыдан көкірегі қарс айырылған ақын, бір сөзінде «бес жапырағым бар еді, оның бірі желге ұшты» дейді. Ақынның алғашқы кітабы 1957 жылы, дәл қызының туған жылында жарыққа шыққан. Соған орай, Молдағалиев ол жинақты «Құралайдың құрдасы» дейді екен.

Молдағалиевтың арнау өлеңдері жайында ақын Мұзафар Әлімбаев: «Тұманбай арнау өлеңдерді жиі жазады деп жақтырмайтын кісілер жетіп артылады. Арнау өлең – сол заманның, адамның қадірін білу. Оның қадір-қасиетін жұртшылыққа жеткізуші деп білемін. Арнау жырларды өз деңгейінде жазған Сырбай Мәуленовтен кейінгі ақын осы – Тұманбай», – дейді. Әлімбаев Тұмағаңның бұл тағы бір артықшылығы деп бағалаған.

Мен өмір бойы ақындықты қуалаған адаммын. Бір адамға лайықты қазақтағы ақын жұмысын мен істедім десем де болатындай. Өзімді токқа тығылған шәйнектей сезіндім. Жүріп бара жатқан көлікте де өлең кіреді, тоқтатып ойыма келген жыр шумақтарын қағазға түсірген кездерім де болды. Сосын самолеттің ішіндегі уақытым өлең жазумен өтті» – дейді. Ұшақта бос отырғанды ұнатпайтын ақын әрдайым жазу жазып отырған. Себебі, ол биіктікті сондай қатты жақсы көрген. Молдағалиев ақындық өнерін биіктік деп бағалапты. Өлең жазып болған соң, оның патша көңілі сондай биіктікке шығып, қалықтайтын. «Мен өзімді құстардың ар жағында, жоғарыда ұшып жүргендей сезінетін едім», – дейді.

Ақын өмірінде бірде-бір рет сазгерге барып, өлеңіне ән жазуын өтінбегенін айтады. «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің» секілді әндер Шәмші Қалдаяқовтың тапсырысымен өмірге келген. Молдағалиевтің сөзінше, Шәмші әнін өзі дайындап алып келеді де, екеуі бірнеше рет орындап, көңілге сіңірген соң ғана мәтін жазуға кіріседі. Атақты сазгер Нұрғиса Тілендиевтің өзі ақынды шақырып алып, жаңа әннің сөзін жаздырып алады екен. Көптеген сазгерлер әнге лайықты деп таныған өлеңдерін кітаптан өздері таңдапты.
«Қателеспесем, 500-ден аса өлеңіме ән жазылған. Оның көбін әуесқой сазгерлер шығарыпты», – дейді ақын.

Ақын неғұрлым халық өмірімен тығыз байланыста болса, оның өнері де өмірлі болмақ. Ал халықпен үні үндес, ұраны бір өнер жанашыры жұртшылық жүлдесіне ие, әрдайым ел ардағы, қауым құрметтісі саналмақ. Поэзияны, өнерді таптырмайтын тәрбие құралы деп ұққан, саналы өмірінде туған еліне өлең сөзімен қалтқысыз қызмет еткен ақын Тұманбай Молдағалиев есімі ерекше аталады.
Тұманбай Молдағалиев — сыршыл лиризмді дамытқан ақын, Қазақстанның халық жазушысы.

Ақын өлеңдерінің негізгі тақырыбы – адамның рухани дүниесімен астасқан гуманистік, адамгершілік мұраттар. Шығармалары халықтың ең ізгі ойымен, арманымен астасып жатқан Тұманбай Молдағалиев үміт, күйіну, сүйіну, өкініш т.б. сезім күйлерін ерекше тебіреніспен өлеңге айналдыра біледі. Туған елінің өнер дариясынан еркін сусындап, бойындағы бар асылын жұртына қалтқысыз жұмсаған ақын тағдыры – бақытты тағдыр. Ақынның ақындық сыры шынайы адамдық қылықтарға, жас адамға лайық сезім шыншылдығына, терең астарлы ойға құрылған.

Тұманбайдың сыршыл ақын екендігі оның табиғат туралы жырларынан да байқауға болады. Өлең жолында игілікті еңбек еткен ақынның жырларында табиғат шаттанып, күйзеліп, мұңайып, ойланып тұрғандай күйде болады.

Тұманбай ақын өлеңдерін оқып отырып, ақын бойындағы сүйіспеншілік сезімі туған табиғат арқылы келгендей күй кешесің. Сонымен қатар халықтың ғасырлар бойына аңсап күткен асыл арман, үмітін, бар талап-тілегін айтуды да ұмытпайды. Ақын ылғи оқырманын толғанысқа бөлеп отырады.

Ақын өлеңдерінің бір тобы – арнау өлеңдер. Олардың әрқайсысы белгілі бір адамға, көрнекті тұлғаға арналып жазылғанымен, әр өлең философиялық ойға бейім. Атап айтқанда, ол үшін Абай, Мағжан, Қасым, Әбділдалар көркем ойдың келісті үлгісі сынды.

Өлеңмен арнау, халықпен сырласу – Тұманбай Молдағалиевтің творчестволық әдісіне, сүйікті жанрына айналады. Ақын жүрегінен жалын боп атқан жыр оты жыр сүйер қауымға мұқалмас қайрат қосты.

Ақынның 1990 жылы 13 томдық шығармалар жинағы, 2004 жылы 14 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. 1992 жылы Физули атындағы Халықаралық түркі дүниесі ақындары сыйлығы тапсырылды. Тұманбай Молдағалиев шығармашылығының ең басты ерекшелігі — оның өлеңдері сезімге толы болды.

Қазақ поэзиясына 50-жылдардың ортасында нәзік сырлы, ойлы да отты жырларымен келген ақынның елуден астам жыр жинақтары жарық көрді. Шетел классиктерінің шығар­­­маларын қа­зақ тіліне аударды. Елімізге әйгілі композиторлар жазған жә­не халық сүйіп тың­дай­тын 500-ден астам әндер мәтінінің авторы болды. Тұманбай Мол­дағалиев балалар әдебиетіне де сүбелі үлес қосты. Өмірінің со­ңы­на дейін қазақ балаларының сүйікті журналы «Балдырған­ның» бас ре­дакторы қызметін атқарды.

Қазақ жырының ары мен абыройын арқа­лап, ұлттық поэзиямызды әлемдік биікке кө­тер­ген, санаулы саңлақтарымыздың біріне ай­нал­ған көркемсөз шеберінің өзгеше бітімі мен өрісті поэзиялық әлемі туған халқымен бірге жасары даусыз. Ақынның тұмадай тұнық жыр жаратқан ұлтжанды болмысы мен ақжарқын бейнесі, қазақ поэзиясына өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің жарқын бейнесі ел жүрегінде мәңгі сақталады. Қазақ әдебиетінің көрікті бір дәуіріндей болған Тұманбай Молдағалиевтің шынайы клас­си­ка­лық үлгідегі поэзиясы халқымен бірге жасай береді.