Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен, Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» облыстық акциясы Сайрам аудандық Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде өтті.

Акцияның мақсаты – қалалық, аудандық кітапханалар мен аудандар арасында әріптестік байланысты нығайту, өз өлкесі мен өлке қаламгерлерін өзге ауданға кеңінен таныстыру.

Кітапханашылар шараның І бөлімінде Түркістан мен Кентау қаласының зиялы қауым өкілдері және кітапхана қызметкерлері мен оқырман қауымға фойеде жасақталған «Ұлы Жібек жолының жаңғырығы – Сайрам», «Шындықты шырақ еткен қаламгер» атты кітап көрмелерін таныстырды. «Сайрамның сансыз сыры» тақырыбында өлкеге арналған бейнекөрсетілім көпшілік назарына ұсынылды.

Ал ІІ бөлімі Қазақстанның Құрметті жазушысы, Түркі әлемі Жазушылар одағының президенті, ақын, сазгер Баян Тіленшинаның 75 жас мерейтойына арналған «Алаштың Ақбаяны» атты шығармашылық кешіне ұласты. Аудан әкімінің орынбасары М.Әліпов алғысөз сөйлеп, аудан әкімі А.Сәбитовтің құттықтау хаты мен естелік сыйлығын табыстады. «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қ.Сыздықов, Сайрам ауданының «Құрметті азаматы» М.Есалиев кеш иесін құттықтады. Кешті модератор ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Мәртөбе» аудандық газетінің редакторы Н.Төремұратов жүргізді.

Тіленшина Баян Керімқызы 1949 жылы ОҚО, Сайрам ауданы, Көмеш – бұлақ ауылында педагогтар отбасында дүниеге келді. 1972 жылы Шымкентте педагогикалық институттың физика-математика факультетін үздік бітірді.
Еңбек жолын 1972 жылы ОҚО, Сайрам ауданы, 29-шы Керім Тленшин атындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастаған Баян Тіленшина ұстаздық пен қаламгерлікті қатар алып жүрді.

Студенттік шағында-ақ белгілі психолог-ғалым Қ.Б. Жарықбаевтың жетекшілігімен «Қазақ ертегілеріндегі психология», «Таным мен тағылым», «Ұстаз  беделі неде?» атты  жантанымдық  ғылыми еңбектер  жазды.Ұстаздықтың  алғашқы қадамдарынан жемісті нәтиже көрсетіп, 1976  және 1979  жылдары  «Физиканы оқытудағы аналогия», «Электро-магниттік толқындар шкаласы» тақырыбын оқыту әдістері жүлдегер атанып, 2  дүркін  ҚР  мектептеріне  үлгі  ретінде  таратылды.

1983 жылғы ҚР «Жігер»   фестивалінде  ақындық  жанрдан дипломант  болды. 1984ж. тұңғыш «Қарлығаш» жыр жинағы  жарық көрді. Осы бастау «Қанат қақты»,  «Ғашық-нама», «Шабыт шашуы», «Жыр додасы», «Жұлдыз жүрек» атты жыр жинақтары және «Қиямет-қайым», «Ғибрат», «Сұрқия», «Арман- дүние» романдарына, бастауыш сынып пен ата-аналарға әдістеме қосымшасы «Әріп-әліпке» ұласты. Баянның  шығармашылық еңбектерін  Мұхтар  Шаханов,  Шерхан Мұртаза,  Мархабат Байғұт  сынды  тарландар   қазақ  руханиятына  қосылған   стилі  өзгеше  үлес  деп  жоғары  бағалады.

1986 жылы ОҚО Атқару Комитетіне Председатель С.О.Жандосов орналастырған алғашқы компьютерлік жүйеге облыстық басқаруды қамтамасыз ететін    тұңғыш  компьютерлік  бақылау  жүйесінің  жобасын жасады. 1986-1989 жылдарда  одақтық  СВЦМС   тресі  жанынан   «Рауан» атты  қазақ  балабақшасын  ашып, басқарды. Жоғары  еңбегі  үшін  тресс   жеңіл  автомобиль  құнын  сыйлады.

1993-1998 ж.ж. ҚР Жазушылар одағының ОҚО  бөлімшесінде  әдеби  кеңесші, 1998 — 2009 жылдары  Сайрам  ауданындағы   № 29-шы  әкесі  Керім  Тіленшин  атындағы  қазақ- орыс  орта  мектебінде  директорлық  қызмет  атқарды. 37 жыл жөндеу көрмеген мектепті қомақты ағымдық жөндеуден өткізу  «маусымы»  көтерілді. Материалдық база айтарлықтай толықтырылды: мектеп партасы түгелдей жаңарып, ХХІ ғасыр кабинеттері,интерактивті тақталар мен лингафон , компьютер кабинеттері  жабдықталды .

2009 жылғы  зейнеткерлік  шақта  «Ғибрат», «Арман- дүние»  романдарымен  қатар  бастауыш балдырғандарға  арналған  дидактикалық хрестоматия  «Әріп -әліп» жарыққа шықты. ҚР «Өрлеу» педагогикалық   қызметкерлердің  біліктілігін  арттыру» институтының  ғалымдар  кеңесі республикаға таратты.

Баян Тіленшина «Қиямет-қайым», «Ғибрат», «Сұрқия», «Арман-дүние», «Зауал» атты 5 романның, 5 ғылыми- педагогикалық кітаптың, 12 жыр жинағының авторы.
2019 жылы ІV томдық таңдамалы шығармалар жинағы «Әлем» баспаханасынан жарық көрген.
Баян Керімқызы ҚР педагогика Академиясының профессоры. Оның «Физиканы оқытудағы аналогия», «Электромагниттік толқындар шкаласы», «Әріп-әліп» атты ғылыми-педагогикалық еңбектері жоғары бағаланып, халықаралық «Лучшие люди» орденін иеленген.
ҚР «100 есім» иегері, білім беру ісінің үздігі. Сайрам ауданының «Құрметті азаматы». «Оңтүстігім», «Сайрам-елім», «Менің Сайрамым», «Кітапханам» т.б.әндердің авторлығы үшін фестивальдердің лауреаты атағы берілген.
Баян Тіленшина бұрынғы СССР-дің 1984 жылғы «Бүкілодақтық шығармашылық жастары» фестивалінің және Қырғызстанның, Әлемдік 2018-2019 жылдарда өткен онлайн жыр фестивальдерінің ІІ-дәрежелі дипломанты. ҚР Жазушылар одағының мүшесі және «Түркі әлемі Жазушылар одағын» 2021 ж. құрған президенті, халықаралық М.Х.Дулати атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Қырғызстан Республикасы 2021 жылы ұйымдастырған еларалық «Достық көпірі» шығармашылық байқауының «Золотое перо» жеңімпазы.

Ақын, ҚР Жазушылар  одағының  мүшесі. «Білім беру ісінің үздігі», «ОҚО еңбек сіңіргені үшін» медальдарының, халықаралық «Лучшие люди Казахстана» орденінің иегері. Бүгінде «Тұран туы – Түркістан» әнінің авторлығы үшін 2018 «Ұлы дала» арнайы сыйлығын иеленген Баян Керімқызы министрліктер мен әкімдіктерден басқа «Түркістан облысына сіңірген еңбегі үшін», т.б. 15 медаль мен 1 орден таққан ана, Қазақстаның құрметті жазушысы. Сайрам ауданның 75 жылдығына аудан әкімі Қуаныш Айтахановтың  тапсырмасымен  «Сайрам-елім» атты  ауданның  гимнін  жазды.   Осы  ән   және  «Оңтүстік  маршы» әні аудандық  және  облыстық  фестивальдерде  хор  жанрынан   бас  жүлдені  жеңді. 2014 жылғы «Мәдениетім -мерейім» облыстық фестивалінде де «Сайрам-елім» Сайрам ауданының намысын қорғады. Бір  ескеретіні -«Оңтүстік  маршы», «Тұрар аға», «Жеңісті Қазақстан», «Хош бол,балабақша» , «Балақандар биі» т.б.әндердің әнін де,  сөзін  де  Баян  Керімқызы  жазған!Бұл –Қазақстандық   патриотизмге  қосқан  қомақты  үлес!
Баянның өмір жолы мен шығармашылығы   ОҚО  әкімшілігі  2004  жылы  құрастырып  жариялаған   «Аяулы, ардақты…» аналар жинағына, «Қалдырған ізің мәңгілік», «Қызыр қыдырған түн», «Ұлағат», «Мектеп директоры» жинақтары мен  «Ордабасы» энциклопедиясына  және «Лучшие люди Казахстана» энциклопедия-сына ендірілген.
«Өрлеудің»  негізін  1935 жылы  қалаған  алғашқы  директоры – әкесі   Керім  Тіленшиннің білім соқпағын кеңейте жалғастырып, халықтың рухани қазынасын байытуға әлі де үлес қосуда. «Арман- дүние» республикалық газетінің бас редакторы, «Қайнарбұлақ» ауылдық  әжелер бірлестігінің жетекшісі.