Теңдессіз. Егер осы сипаттамаға сай келер бір адам болса, ол – Гүлфайрус Ысмайылова. Сәбет кезінде шығармашылық одақтарға қабылдану кез келгенге бұйырмайтын бақ еді.

Гүлфайрус Ысмайылова үш бірдей: кинематографистер, театр өнері мен суретшілер одағының мүшесі болды. Мұндай дәрежеге жетуге Тәңір берген таланттан бөлек, өр рух пен еркін болмыс керек. Осының бәрін бір бойына жиған Гүлфайрус тұтас ұлттың мақтанышына айналды.

Қазақ кескіндемешісі, театр және кино суретшісі. Десе де көзі көргендер актрисалық, театр өнері һәм қылқалам шебері деген үш болмыс оның тұлғалық бейнесінің шегі емес екенін айтады. Ол жұбай, ана және әйел ретіндегі міндеттерін де мінсіз атқарған деседі.

Биыл Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1965), Қазақстанның халық суретшісі. «Платинды Тарлан» сыйлығының иегері, қазақ кескіндемешісі, театр және кино суретшісі Гүлфайрус Мансұрқызықызы Ысмайылованың (15.12.1923, Алматы— 12.06.2013, Алматы) уғанына 95 жыл толып отыр.

Қазақстан Республикасының Халық суретшісі Гүлфайрус Ысмайылова Мансұрқызының шығармашылық ұстанымы өмірді әсемдеуге құштарлық болатын. Ол өз ісіне шынайы жан-дүниесімен берілген жан еді. Ал суретшінің жандүниесінің шынайылығы өнер туындысынан көрініс табатыны сөзсіз. Кез келген туындының өмірге келуі — суретші шығармашылығы мен асқақ ойының шыңар шыңы. Суретші тұлғасы мәдениетінің кемелділігімен, рухани құндылықтарының деңгейімен анықталады. Әңгіме ауаны көркем мәдениетпен ғана шектеліп қоймайды, жалпы және философиялық мәдениеті, ақыл-ой кемеңгерлігі туралы да сөз болады. Шынайы суретші мәдениетке, қоғамдық санаға өз шығармаларымен ғана емес, тағдыр-талайымен де енетіні ақиқат. Осы айтылғандарды Гүлфайрус Ысмайылованың өмірі мен шығармашылығына қатысты байланыстыратын болсақ, онда суретшінің өмір жолы, алған білімі мен шығармашылық кездесулері жайында еске алуымызға тура келеді. Г.Ысмайылова 1944 жылы Алматы көркемсурет училищесіне профессор А.М.Черкасскийдің (кезінде Врубелмен оқыған) шеберханасына оқуға түседі. М.Черкасскийдің музыкаға құштарлығы зор болды әрі оның баламасын сурет өнерінен іздеді. Гүлфайрус Ысмайылова ұстазының бұл ұстанымын ерекше бағалады, өйткені консерваторияда білім алғаннан кейін оның алдында сурет пен опералық сахнаның біреуін таңдау қажеттілігі тұрды. Әр кез аса құрметпен еске ала отырып, А.М.Черкасскийді кемеңгер ұстаз деп бағалады. Ал Абрам Маркович болса Г.Ысмайылованы басқа студенттерінен бөле-жара қарады. Күні бүгінде Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында сақтаулы тұрған тамаша портретін жасап, Сәбит Мұқановтың портретін жасауда бірге жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Осы туындысымен шеберлігін шыңдау мақсатында ол Мәскеуге В.И.Суриков атындағы институтқа оқуға түседі. Алайда Г.Ысмайылованы Марк Донскийдің «Алитет уходит в горы» фильмінде Тыгренаның рөлін сомдауға шақырғандықтан, оқуды бір жылға шегере тұруға тура келеді. Дегенмен де суретке деген құштарлық кинематографтың магниттік тартылысынан күшті болып шықты. Гүлфайрус Ысмайылова Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтына театр суретшісі және график М.П.Бобышевтың класына театр-декорация бөліміне оқуға түседі. М.П.Бобышев керемет безендіруші болатын әрі әртүрлі көркем әдістер, кезеңдер мен бағыттар жайында тамаша меңгерген еді. Осы мектептен өтудің Гүлфайрус Ысмайылова үшін театрда үлкен көмегі тиді. Гүлфайрус Ысмайылованың алдағы өмірі мен театрдағы қызметі балет және опералық спектакль кейіпкерлері өмір сүріп, қызмет ететін сахнаны бір бүтін кеңістікке айналдыруда тәжірибе мен шеберлік жинауға арналды. Ленинградта жүріп Гүлфайрус Ысмайылова шығарманың құрылысы мен ерекшелігінің заңдылығын Эрмитажда жинақталған сурет өнерінің үздік үлгілерінен үйренді. Мұның барлығы да оның дамуында елеусіз қалмады. Ленинградта, дәл осы өнер академиясында Г.Ысмайылованы тағдыры Е.М.Сидоркинмен кездестірді. Е.Сидоркин Гүлфайрус Ысмайылова арқылы Қазақстанды, қазақ мәдениетін таныды, сүйе білді.

Суретшінің шын есімі — Күлпәш Тансықбайқызы Қоңарбаева. Гүлфайрусты кішкентай кезінен Мансұр Ысмайылов асырап алған, ол оның бес қыздарының үлкені болды. 1949 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітірген. 1956 жылы Ленинградтың Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірді.

1947-1949 жылдары Қазақ консерваториясының вокальдық факультетінде оқыды. Содан 1956-1957 жылдары Алматы көркемсурет училищесінде сабақ бере бастайды.
1956-57 жылдарда Г.Ысмайылова көркемсурет училищесінде сабақ береді. Осы тұста оның өміріне тағы да кинематограф араласады. Қазақ қызының шыдамды және терең психологиялық келбетін сомдау үшін Е.Аронның «Ботагөз» фильміне шақырылады. «Менің өзім Ботагөздің бір дарасымын, оның тағдырының жалғасымын. Мен кейіпкерімді жеке тұлға ретіндегі талпынысына қарап сүйемін» деп еске алды бір кездерде актриса. Осы кинокартинаға арнап Г.Ысмайылова Ботагөз бейнесіндегі автопортретті жасады. Гүлфайрус Ысмайылованының кинематографтағы келесі рөлі қазақ кино қорының құндылығы болып табылатын «Қыз Жібек» фильмімен 1978 жылы жалғасын тапты. Бұл фильмде ол Жібектің ақылды, әдемі, парасатты анасының рөлін сомдайды. Ең бастысы фильмнің суретші-қоюшы ретіндегі рөлі нағыз тер төккен еңбек болды. Бүкілодақтық V кинофестивальде «Захар Беркут» (А.П.Довженко студиясы», «Қыз Жібек» («Қазақфильм») эпикалық туындылары ұсынылғанына қарамастан, оның жұмыстары сәтті шыққан фильмдер қатарында аталды. Фильм үшін Гүлфайрус Ысмайылова қазақ киносының тарихында алғашқы рет тұрмысқа қажетті заттар, костюмдер, әскери құралдар сияқты 1500-ден астам эскиздер жасады. Бұдан кейін суретшінің басқа театрлардағы жұмысы басталды.
1957 жылдан Қазақстанның суретшілер одағына мүше. 1970 жылдардың басында Гүлфайрузға Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының бас суретшісі міндеті жүктелді.
Ол «Ер Тарғын», «Чио-Чио-Сан», «Аида» іспетті опералардың, «Қыз Жібек» және т.б. кинотуындылардың декорациясы мен костюмдарына эскиздер әзірлеген. Гүлфайрус Ысмайылованың портреттік және көркем сурет туындыларының саны 100-ден асып жығылады.
Ол «Алитет уходит в горы» туындысында Тыгренаның, «Ботагөз» фильміндегі бас кейіпкердің, «Қыз Жібектегі» Тананың  бейнесін сомдауға ат салысты.
1971 жылы Гүлфайрус Ысмайылова Мемлекеттік академиялық Абай атындағы опера және балет театрына бас суретші болып қабылданады. Г.Ысмайылованың эскиздері үнемі қозғалыста. Оның эскиздерінен айқындылық, нақтылық, образ идеясы мен ойын жеткізу мақсатында барынша дәлдік пен көркемдікке талпыныс байқалады. Оның театрдағы эскиздері дайын шығарманың арқауына, ал театр көптеген жылдар бойы оның шығармашылығының күретамырына айналды. Өмірде де, өнерде де толғандырған жайттарды жүзеге асыруына мүмкіндік берді. Г.Ысмайылова өз замандастарының рухани өмірін ғана қалыптастыруға емес, олардың ой-өрісіне өзінің даралығымен, әлемге деген тікелей сезімі, көңіл-күйі арқылы белсенді ықпал етті. Ол кескіндеме арқылы әйелдің, гүлдердің, күн сәулесінің, тіптен өмірдің өзін жаңадан ашқандай әсер беретін. Оның көптеген шығармаларына тән ерекшелік – қазақ көркем мәдениетінің дәстүрімен үндестігі. Ұлттық костюмдер, бас киімдер, маталардың жеңілдігі, оюлар, әшекейлер, керек-жарақтардың ерекшелігі – Г.Ысмайыловаға тән бұйымдар әлемі. Оның шығармашылығында тарихқа, халықтың қолданбалы өнеріне деген қызығушылық барынша сипат алады. Бұл тақырып әсіресе, 1967 жылы салынған «Халық шеберлері» триптихында нақты көрініс берген. Суреттің орталық бөлігі халық шеберін сипаттайды. Оның түптұлғасы – немересіне әдемілік әлеміне деген махабатын сыйға тартқан өзінің туған әжесі Халида. Шебер осы сәт қазір адамгершілікке бай бекзаттықпен өзі жасап аяқтаған түрлі-түсті бұйымдардың ортасында отыр. Ою-өрнекте ұлттық киімнің тазалығы ақ түспен берілген. Оның келбеті салмақты әрі салтанатты кейіпте, халықтың санғасырлық даналығынан көрініс береді. «Қымыз», «Бас киімдер» натюрмортында декоративті-қолданбалы өнердің бұйымдарына енген халықтың өмірі мен таланты туралы айтылады. Шебер зергердің бұйымы сәукелеге түскен әшекейлер кестеленіп үздік шыққан, қызыл-күрең барқыт түсте біркелкі жалтырап тұрғанын көресіз. Суреттің үшінші бөлігі – тостаған. Әсем безендірілген қарапайым ғана үй бұйымы ерекше көрінеді. Осы суреттердегі өрнектер айқыш-ойқыш өріліп, баппен, таңдаумен орналасқан.

1971—1974 жылдары Қазақтың опера және балет театрында бас суретші ретінде қызмет еткен.
Гүлфайрус Ысмайылова бірнеше опера (Брусиловскийдің «Ер Тарғыны», 1967; Мұхамеджановтың «Жұмбақ қызы», 1972; Пуччинидің «Чио-Чио-Саны», 1972), балет (Тілендиев, Манаев жөне Степановтың «Достық жолымен» және Великановтың «Қамар сұлуы», 1958), спектакль (Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы», 1958) және кинофильмдерге («Қыз Жібек», 1969-71) декорация мен костюмдер эскиздерін жасады.

1950 жылдан кино саласына бет бұрып, Тыгрена («Аласталған Алитет»), Ботакөз (осы аттас фильмде, 1957), Тана («Қыз Жібек», 1972) т.б. рөлдерде ойнаған.

Ең алғаш 1958 жылы КСРОның «Құрмет белгісі» Орденін кеудесіне тақты.
1965 жылы «Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген өнер қайраткері» құрметті атағы берілді. Одан кейін мемлекеттік деңгейдегі наградалардың иесі атанды. Парасат ордені, Құрмет Белгісі ордені Халықтар Достығы ордені, 2009 жылы Елбасының жарлығымен Қазақ өнеріне сіңірген айрықша ерен еңбектері үшін еліміздің жоғарғы мемлекеттік марапаты 1 дәрежедегі «Достық ордені» мен марапатталды.

1929 жылы 15 желтоқсанда дүниеге келген Гүлфайрус Ысмаилова суретке бала кезінен әуес болды. Шебер әжесінен дарыса керек. Соғыс кезінде суретші кілем тоқумен айналысқан. Әншілігі де бір төбе. Консерваторияда білім алған ол вокал мен сурет өнерінің қайсысын серік етерге шешім қабылдамай ұзақ ойланады. Ақыры Әбілхан Қастеевтің «Бізде әнші көп, ал суретшілер жоқ» деген сөзі әсер етіп, Мәскеуге оқуға аттанады. Онымен, жатақханада орын болмай, елге қайта оралуды ойлайды. Бағына орай қазақ сұлуын «Мосфильм» киностудиясы байқап, «Алитет тауға барады» картинасында басты рөлді сомдауға шақырады. Содан кейінгі жылы Репин атындағы көркемсурет институтына оқуға түсіп, Ленинградқа аттанады. Сол жерде мәңгілік махаббаты, өмірлік жары Евгений Сидоркинмен танысады. Сұхбаттарының бірінде Ысмаилова: «Өтінемін, бізге бөлек қараудың қажеті жоқ. Біз егіздейміз. Есіміміз үнемі қатар жазылсын» – дейді. Алғашқы кездесуге жігіт дәл өзі түскен киноға шақырады: «Мен оның суреттерін ұнататынмын. Оның өз ұлтына тым берілген болмысын. Ол Салтыков-Щедрин туған жердің перзенті, өз мәдениетін ессіз сүйетін. Өзіңіз білетіндей, аса талантты орыстың бәрі Шығысқа құмар келеді. Римский-Корсаковты еске алыңыз, «Шехерезаданы» жазды емес пе?! Сидоркинге ғашықтығымнан өзім қорықтым. Себебі суретші болсам деген арманым орындалмай қала ма деген үрей болатын. Бірақ Женяның көздері… Біз бір-бірімізді құлай сүйдік. Ленинград көшелерін таңға дейін аралайтынбыз. Қала сыртындағы мұражайларға бірге баратынбыз. Көрмелер, концерттер, балет. Пасха кезінде Александро-Невскийге барып, құдайға сыйынғандарын қарайтынбыз. Ол жердегі хор қандай еді! Себебі Киров театры вокалистері сонда барып қосымша ақша табатын. Иконаларын айтсаңызшы! Мен оларға суретшінің көзімен қарайтынмын. Бала кезімді көрші орыс әже мені Николь соборына ертіп баратын, сол кезде: «Орыстардың құдайы қандай сұлу!» деп ойлағаным есімде қалыпты. Иконаларды сол кезден жақсы көрдім, әсіресе Андрей Рублев, Феофан Грек туындыларын. Женя екеумізге қызығушылық та, сезім де ортақ болды. 1953 жылы Васильев аралында некемізді қидық, оны ата-аналарымыздан жасырдық. Себебі өзге ұлттан жар таңдағанымызға бәрі қарсы болды. Қазақстанға келген соң, махаббатым менің Отаныма ғашық боп қалды. Екеумізге де сыртымыздан көз салғандар көп. Маған сезімін білдіргендер қандай көп болса, оны көре алмаған еркектер сонша еді. Ал оған ғашық қыздардың тіпті шегіне жетпейсің. Десе де, біз бір-бірімізге өмір бойы адал боп қалдық» деп еске алып отыратын суретші отбасылық өмірін. Екеуі сүйген жары бақилық болғанша 27 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешті. Жалғыз ұлдары Вадим де ата-анасының жолын қуып, суретшілікке бет бұрды.

Әкесі өмірден өткенде Вадим 22 жаста еді. Санкт-Петербургтегі оқуын тастап, анасының қасына оралып, оған қолдау көрсетеді: «Ол кезде жаңа дәуір басталған. 90-жылдар. Жұрт көзіне түскеннің бәрін жермен-жексен еткісі келетін, мемлекеттік мұражайлар мен шығармашылық бірлестіктердің қорлары тоналды. Танылмаған өнерпаздар атақ-даңқ үшін бір-бірінің шығармаларын, мұрасын жоюды армандаған кез болды. Қайта құру кезінде олар таланттарды ығыстыруға тырысты. Менің ата-анамды көптеген әріптестері жек көрді, өйткені олар табысты болатын. Менің сұлу анам тәніне дендеген аурудан емес, осыдан көбірек зардап шекті. Сол кезде Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайына «Қазақ вальсі» картинасын сатып алғысы келетінін айтып бір ауқатты адам келген. Ол картина үшін бүкіл мұражай ғимаратын жөндеуге болатын сома ұсынды. Бірақ анам сатуға рұқсат бермеді: «Мен оны халық үшін жаздым». Бірақ бұл біздің пікірімізбен санасқан бір ғана жағдай етін. Көбінесе рұқсатсыз сатылып жатқанын білдік, бірақ ештеңе істей алмадық. Ол кезде кеңес өнері негізінен ТМД елдерінен вагондармен тасымалданатын. Көптеген жеке галереялар әртүрлі қоймалар мен қорлардан ұрланған тауарларды ашық түрде саудалады. Мысалы, анам Опера және балет театрында ұзақ уақыт суретші болып жұмыс істеді. Ал театрды қайта құру кезінде оның көптеген эскиздері мұражайға берілді. Содан кейін мен оларды коллекционерлерден көрдім. Бұған анам қатты қайғырды» – дейтін.

Шынымен-ақ, суретшінің визиткасындай болған «Қазақ вальсі» құн жетпес туынды. Өнер коллекционері қызықса, қызыққандай. Қазақ өнерінің алтын қорына кірген осы бір туындыны жазғанда Гүлфайрус бар болғаны 29 жаста болған.

Автор шығармашылық өмірінің алғашқы жылдарында театр немесе концерт сахнасындағы өнерпазды бейнелейтін композициялық портреттерге әуес еді. Осы портреттердің барлығында суретші кейіпкерлер өміріндегі ең бақытты һәм ең көңілді сәттерді шебер жеткізген. Олар бейнеленгендердің қарапайым адамдық сипатын ашуға емес, Тәңір берген өнерінің апотезасына жеткен шағын бейнелеуге бағытталғын. Ысмаилованы баурап алатын да осы бір ғажайыпқа тұнық шығармашылық шабыт күйі. Өзі де «Мен гүлдер мен әйелдерді жақсы көрем. Натураларымды үнемі шынайы өмірдегі бейнесінен «биігірек» жеткізуге тырысамын. Мені күйбең өмір прозасынан гөрі, ертегі елітеді» дейді емес пе?! Дарынға, оның бүкіл кейіпкерді нұрландыратын нұрына басты назар аударылады. Автордың әрбір кейіпкерінің таланты портреттерде барынша ашылып, суретшінің барлық кескіндемелік, композициялық шешімдері сол қасиетті көрсетуге бағытталған.

Композициялық портреттер циклі 1958 жылы салынған Қазақ КСР халық әртісі Шара Жиенқұлованың «Қазақ вальсі» аталатын портрет-картинасымен басталады. Би шаттығы, бойыңда бұлқынған өнер бақыты. Суретші жазған Шара бейнесі дәл осы күйінде өмір сүреді. Шара музыкаға мойынсынып, оның ырғағына еліте билейді кеп. Ритмикалық қимыл-қозғалысының жылдамдығы жанданған сайын қос жанарындағы от лаулай түсетіндей. Бұл кенептің кескіндемесі өте сәнді. Сахнаның қараңғылығынан прожектор арқылы көрерменге жақындай түскен Шараның бет-жүзі нұрлы бояумен көмкерілген. Бишінің қызыл-сары жіптермен кестеленген камзолы, күміс білезіктер мен әшекейлердің жылтыры, басындағы қауырсындардың әсемдігі кенепте өзара үйлесімді өріліп, көрерменге таңғалдырарлық әсер етеді. Шебер вальске тән қимыл-қозғалыстарды суретте дәл жеткізе білген. Шараның мүсініне қарап, көрермен кейіпкердің қандай би орындауында бейнеленгеніне бір минутқа да күмәнданбайды. Бұл – жалынды вальс. Ал портреттік ұқсастықты осы кескіндеме жанрының мызғымас негізін тек сырт бейнесін көшірумен ғана емес, сонымен қатар өзге де түс, композиция сынды экспрессивті шешімдер арқылы жеткізген. Бір Шара арқылы Гүлфайрус бар әйелге тән екіұшты болмыс, яғни нәзіктік пен ішкі сарқылмас қуатты ашады. Бишінің өзі бұл кенепті көргенде: «Мені тарих осындай сұлу қалыпты есінде сақтап қалатын болды» деп қуанышын жасырмаған екен.

Гүлфайрус Мансұрқызы өз картиналарында тұрмыстан, прозадан, тіптен өмірден алыс екенін көреміз. Ойларында асқақтық байқалады, адамдарды қабылдауда, достары, жақындарымен қарым-қатынаста шыдамдылық пен кешірімділік, сонымен бірге, образдар мен кейіпкерлердегі асқақтық, арнайы боямасыз дәріптеу аңғарылады. Мейірімді келбеті, жайлы мінез-құлқына орай оған шығармашылығы және өзі туралы жат пікірлерден аулақтығы, қайыспайтындығы, тайсалмастығы, сонымен бірге өз идеалдары мен ұстанымдарына беріктігі тән. Г.Ысмайылова әрі адам әрі суретші ретінде социалистік реализм принциптерінің ұстанымдарынан аулақ болды. Бұдан көрегенділікті, даналықты, бәрінен бұрын өзіне деген шыншылдық пен тазалықты көрсетеді. Ол жанына жақын нәрселерді ғана суреттеді. Оның өнер әлемі ешқандай да әлеуметтік тапсырыс емес, өнердің нағыз өзі. Үлкен-кіші басшыларға жағынбай, жанын азаптамай, көреалмаушылар мен жалақорларға назар аудармай, өз ұстанымдарына берік болу, сол жылдарды өзіне арнау үшін мықты күш-жігер, темірдей мінез, мәрттік пен даналықты қажет етті. Г.Ысмайылова өз өмірінің, өз күш-жігерінің әміршісі бола білді. Өз шығармашылығына жанымен берілді. Г.Ысмайылованың көптеген жұмыстары Ә.Қастеев атындағы ұлттық мұражайда және көркемсурет Дирекциясының көрмесінде сақталған. Алайда, көптеген жұмыстарын жеке коллекционерлер алып, бірқатары шетелдерге әкетілуде. Сегіз жұмысын француз дипломаты өз еліне алып кетті. Халқымыздың осындай таланттарының арқасында Қазақстан әлемдік мәдениет пен өркениеттің кеңістігіне енген. Гүлфайрус Ысмайыловаға қатыстының барлығы мәдениеттегі айтарлықтай құбылыс ретінде тарихқа, қазақ өнерінің қазынасына кірді.
Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында халық суретшісі Гүлфайрус Исмаилованың (1929 — 2013) жеке көрмесі ашылды. ҚазССР кезінде кең танылған суретші елдегі көркемсурет мектебін қалыптастырушылардың бірі болып саналады.

Көрмеге Исмаилованың 50 шақты туындысы қойылған. Олардың бәрі мемлекеттік өнер мұражайының қорында сақтаулы. Гүлфайрус Исмаилова станоктік және декоративтік живописке жататын суреттер салғандықтан, көрмеге екі түрлі туындылары түгел қойылған.