Ордабасы аудандық орталық кітапхананың көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға қызмет көрсететін бөлімі қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Халық сүйген қаламгер» атты әдеби сағат өткізіп, артында өшпес мұра қалдырған қаламгердің өмірі мен шоқтығы биік шығармашылығы туралы кеңінен мағлұмат берді. Шара барысында оқырмандар назарына жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына арналған «Бердібек Соқпақбаев – қазақтың дара жазушысы» атты бейнеслайд пен «Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетінің классигі» атты кітап көрмесі ұсынылды. Тұрақты оқырмандар жазушының «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» шығармаларынан үзінді және қаламгерге арналған өлеңдерді оқыды.

Биыл қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың, жазиралы қазақ даласының жұпар исін аңқытып, ауылдың ғажайып көрінісі мен тыныс-тіршілігін, топырағында аунап-қунап өскен бала Қожаның боямасыз өмірін тап басып суреттеген қабырғалы қаламгердің ғасырлық мерейтойы.

Қазақта дүние жүзілік деңгейдегі классик жазушы ретінде танылған екі қаламгер бар. Оның бірі Мұхтар Әуезов болса, екіншісі – Бердібек Соқпақбаев.

Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев 1924 жылы Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Қостөбе ауылында дүниеге келген. Орта мектепті де сол ауылда бітірді. Кішкентайынан қайсар да ыждаһатты бала кедей отбасында тәрбиеленді. Бала Бердібек анасынан 8 жасында айырылды және бұл қайғы оның өмірінің соңына дейін үлкен соққы болды. Бердібекті білім атты теңізге ағасы Сатылған әкелді, ол оның білімге деген сүйіспеншілігін тудырды. Алайда, ағасы соғыс кезінде қайтыс болып, дүниеден ерте озды. Анасынан ерте айырылған Соқпақбаев бала кезінде көп қиындық көрді, аштық пен ауыр еңбектің, қиындықтың тауқыметіне ұшырады. Дегенмен, ол өте білікті және қабілетті бала болып өсті.

Соқпақбаев мектеп бітіргеннен кейін әскерге барып, кейіннен Абай атындағы қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі. Бердібек Соқпақбаевтың әскерден кейінгі өмірі осылайша Алматыда білім алумен жалғасты. Интитутты бітіргеннен кейін Мәскеудегі жоғары әдеби курстарын тәмамдады.

Таулы ауылдан шыққан қазақ баласы журналистикамен көп айналысты, «Қазақ әдебиеті», «Балдырған» газет-журналдарының редакциясында жұмыс істеді. Сондай-ақ, киностудияда да қызмет етіп, өзінің туған ауданындағы мектептерде мұғалім болды. Ол үнемі балаларды тәрбиелеудің күрделі мәселелеріне алаңдады. Бердібек Соқпақбаев – білікті мұғалім, тәрбиеші.
Балалар әдебиетін алып бәйтерек десек, оған нәр беріп, құнарландырып тұратын күретамыр – Бердібек Соқпақбаев. Жазушы жастайынан жетім қалып, өмірде қанша теперіш көрсе де, құламаған, қайта рухы шыңдалған тұлғаға айналған.
Соқпақбаев Қазақстан жазушылар одағында балалар әдебиеті бойынша кеңесші болып жұмыс істеді. Ең алдымен ол балалар жазушысы. Балалық пен жастық оның барлық кітаптарының негізі. Соқпақбаевтың шығармалары негізінен автобиография болып табылады. Бірақ, жазушысының балалық шағы уайымсыз болмады. Болашақ жазушы кедей отбасынан болғандықтан, балалық шағында көп қиындық көрді.

Бердібек Соқпақбаев шығармашылық қызметін ақын ретінде бастады. 1950 жылы оның «Бұлақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Авторлық сезімдердің ерекше сенімділігі мен шынайылығымен ерекшеленген жинақ бірден өз оқырмандарын тапты.
Оның тырнақалды туындысы «Бұлақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1950 жылы жарық көріп, оқырмандарын бірден тапты. Жазушының келесі кітаптары — 1951 жылы «Жекпе жек» повесі, 1953 жылы «Алыстағы ауылда» повесі жарық көрді. «Балалық шаққа саяхат» (1960 ж.) повесі жастық шақтың рухани әлемін көрсетеді. «Дала жұлдызы» (1960 ж.) кітабы қазақтың демократ ғалымы Шоқан Уәлихановтың өміріне арналған. «Өлгендер қайтып келмейді» романы (1 т.-1967 ж., 2 т.- 1974 ж.), «Аяжан» (1963 ж.), «Қайдасың, Гауһар» (1966 ж.) және т.б. әңгімелері жарық көрді.

Көп ұзамай Бердібек Соқпақбаев прозада да бағын сынап көрді. Жазушының тарихы күрделі емес, бірақ қазақ ауылының өмірі мен тіршілігінің көлемді бейнесі суреттелген «Он алты жасар чемпион», «Бақыт жолы», «Өзім туралы» повестері тек жасөспірімдердің ғана емес, сондай-ақ ересек қазақ оқырмандардың да жүрегінен орын тапты. Бұл таңқаларлық жайт емес. Өйткені, жазушының кітаптарында тәрбиелік мәні бар көсем сөздер мен тентек және күлкілі кейіпкерлер өмір сүреді. Ал кітапты оқығанда олардың жетістіктеріне қуанбау, қиындықтарына көңіл бөлмеу, оларды сүймеу мүмкін емес.

1963 жылы экранға шыққан «Менің атым – Қожа» фильмі қазақ кино өнерінің шоқтығы биік жұлдызына айналып, алтын­ қорға енді.
Бердібек Соқпақбаев «Менің атым- Қожа » атты повестің арқасында танымал болды. «Менің атым – Қожа» фильмі – қазақ кино өнерінің шыңы. Өйткені ол кезде халықаралық үлкен марапаттарды беретін ортаға әлі саясат араласпаған кезең еді, әрі, өнер әділ бағаланатын. Бәлкім, бұл киноны Оскарға ұсынғанда да алып кетер ме еді? Режиссер Әбекеңнің (Абдолла Қарсақбаев) күш-қайратының, ұлтқа деген махаббатының кемелденген кезі болатын. Бұл туынды «Детская литераура» баспасында шығып, содан кейін орыс тілінен көптеген тілдерге аударылып, Франция, Польша, Чехословакия, Болгария секілді шетелдерде жарияланды. Тек содан кейін ғана бұл шығарма өз отанына оралып, байырғы қазақ тілді оқырмандардың жүрегінен ойып орын алды.
Тіпті бұл повесть бойынша «Қазақфильм» киностудиясында көркем фильм түсіріліп, 1967 жылы Канн қаласында өткен Балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің халықаралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Бердібек Соқпақбанв дәл осы ерекше әңгіменің арқасында танымал болды.
Повестің басты кейіпкері – Қожа. ОЛ арманшыл, сотқар бала. Тектектігімен үнемі түрлі жағдайларға тап болып жүретін Қожа, ақыл-ойы мен біліктілігінің арқасында қиындықтардан шыға алды. Ол біреудің қайғы-қасіретіне көз жұма қарамайтын елгезек, жоғары әділеттілік сезіміне ие, досқа адал, қайырымды, зұлымдыққа жол бермейтін бала. Ал осы қасиеттердің барлығы оқырмандардың жүрегінен мейірімділік тудырып, Қожа батыр бала атанды.
«Мен Қожаның рөлінде ойнағанда он екі жаста едім, одан бері 60 жыл уақыт өтті. Бірақ бала Қожа арамызда әлі бар және ол халқымен бірге жасай береді. Себебі Соқпақбаевтың шығармасының желісімен түсірілген фильм өзінің өміршеңдігімен құнды», дейді «Менің атым – Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Нұрлан Сегізбаев.

Кейінгі туындылары да бұдан кем соқпады. Оның жемісі – «Бандыны қуған Хамит».

Жазушының 1960 жылы жарық көрген «Балалық шаққа саяхат» атты тағы бір повесті қазақ балалар әдебиетінің асыл мұрасына айналды. 1930-шы жылдардағы кішкентай кейіпкердің тағдыры арқылы өтетін повесть сол уақыттағы оқиғаларды және қазақ халқының қиын өмірін еш боямасыз көрсетеді. Соқпақбаев бұл шығармасында балалық шағын қызықты етіп әңгімелейді.

Сондай-ақ, жазушы «Өлгендер қайтып келмейді» романында өмір жолында алдынан шыққан барлық қиындықтарды еңсерген табанды, батыл жас жігіттің өмірін және мінезінің қалыптасуын көрсетеді. Романның әрбір бетінде сол уақытқа тән өмір ұшқындары кездеседі.

Оның көптеген шығармалары жас оқырмандарға арнап жазылған. Соның бірі, қаладан атасына келіп, басынан қызықты ауыл өмірін өткерген қалалық қыз туралы «Аяжан» атты әңгімесі.
Шығармаларының ішінде махаббат, сұлулық тақырыбына арналған «Қайдасың, Гаухар?» атты тамаша әңгімесі бар.

Соқпағы бөлек Соқпақбаевтың көркем туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тіліне аударылып, үлкен сахна, экрандарда көрсетілді.
ХХ ғасыр қазаққа ұлыларды, арыс­тарды молынан берді. Әсіресе әдебиет пен өнерде, ғылымда біздің жеткен биігіміз де, алған асуларымыз да өте мол. Ал енді, көркем әдебиетке келер болсақ, кешегі ғасыр басындағы қайғы мен қасіретті арқалаған, өмірдің күнгейі мен көлеңкесін де жеріне жеткізіп жазды. Солардың бірі, алыптардың жалғасы, жақсының көзіндей болған кешегі қазақ әдебиетінің, өзі де көзі тірісінде классик атанған балалар әдебиетінің жұлдызы Бердібек Соқпақбаев сол санаттағы, сол сипаттағы тұғыры биік тұлғаларымыздың бірі болатын.Бердібек Соқпақбаев тірі кезінде-ақ қазақ балалар әдебиетінің классигі деп аталып кетті. Оның кітаптары ешқашан кітапхана мен дүкен сөрелерінде шаң басып жатқан емес. Жазушының шығармаларын балалар мен ересектер де асыға күтетін. Соқпақбаевтың кітаптарын барлық жастағы оқырмандар мен ұрпақ жақсы көреді.
Қазақ прозасына жаңа леп, өзгеше өрнек әкелген жазушы 1991 жылы 24 шілдеде Алматының сыртындағы жеке саяжайында көз жұмды.

Бердібек Соқпақбаев – балалар әдебие­ті­нің ғана емес, ұлт әдебиетінің классигі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қаламгердің 100 жылдығы тойлана бастады. Бердібек Соқпақбаевтың туған ауылы Нарынқолда еңселі ескерткіші бой көтереді. Сондай-ақ жазушының есімі бірқатар саябаққа, білім ошағы мен облыстық кітапханаға белілмек», — деп жазды Мәдениет және ақпарат министрлігінен.
Соқпақбаевтың тағдыр жолы соқтықпалы-соқпақты болды. Көзі тірісінде мақтау қағазы да бұйырмаған. Алайда, қаламгердің өлмес туындылары әлі де жаңа, жас буынның кәдесіне жарап, рухын жанып, өмірге деген құлшынысын өсіріп, әділдік үшін күресуге үндеп келе жатыр. Хас талант тарихта елеусіз қалмайды. Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған қаламгерді әлем мойындап, мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ.