
Биыл қазақ әдебиетінің айтулы тұлғасы, классик жазушы, аудармашы, драматург, Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына – 135 жыл толып отыр.
Жүсіпбек Аймауытов – қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, драматургия мен романның негізін салушы, аудармашы, әдебиеттанушы, публицист. 1889 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ол кедей отбасында өмір сүргенімен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан текті әулеттен шыққан елге сыйлы, білімді адамдар болған. Бала кезінен арапша сауат ашу, ұсталық, ағаш ою өнерін меңгерген.
Баянауыл орыс мектебінде, мемлекеттік ауылшаруашылық училищесінде, Керекудегі (Павлодар) екі кластық орыс-қазақ мектебінде оқып, Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Жүсіпбек Аймауытов семинарияда оқып жүріп бір мезгілде қуғыншы, ұста, етікші болып, домбыра жасаған. Семинарист ретінде ол Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқа да қазақ зиялылары қайраткерлерімен бірге «Алаш Орда» жалпыұлттық партиясының жұмысына белсене қатысады.
Болашақ жазушының алғаш сауат ашқан жері Әбділда Хазірет салдырған медресе. Ол жерде Жүсіпбек 5-6 жыл дәріс алды. Тіпті, бала молда атанып, шәкірт оқытқан. Сауатын ауыл молдасынан ашқан Жүсіпбек Баянауылда, Павлодарда орыс-қазақ мектептерінде оқиды. Дегенмен, ол Керекудегі екі сыныпты орыс-қазақ мектебін тиіп-қашып оқыды. Себебі, болашақ жазушы ол кезде бала оқытып, ақша тауып жүрді. Содан 1911-14 жылдары ауылда мұғалім болып жұмыс істеп, ауыл балаларының сауатын ашады. Ал 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына қатысады.
1917 жылғы февраль буржуазиялық революциясын Ж. Аймауытов та өзінің мыңдаған отандастары қатарлы шын мәніндегі бостандық төңкерісі деп қабылдады. Патшаның тақтан құлауына қуана отырып: «Тұр, бұқара! Жиыл, кедей! Ұмтыл, жастар!» деген мақала жариялады. («Сарыарқа» газеті, 1917 жыл, 19 июнь).
Ол бұл мақаласында қазақ жастарына: «…Жасыратын қылық жоқ, бостандық, теңдік күштіге, жемқорға келген теңдік емес, бұл өзі қара бұқараға, кедейге келген теңдік, қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық» деп түсінік беріп, алдағы күндерде бостандық, теңдіктен пайдалану, бұл салада қандай жұмыстар істелу керектігін кеңінен баяндайды. Жоғарыда аталған февраль буржуазиялық революциясының шын мәнін жете түсінбеген жас жазушы 1917-1919 жылдар «Алаш» партиясының құрамында болды.
Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылы Семей қаласында шыға бастаған «Абай» журналының әдеби жұмысына араласып, кейде оның жауапты шығарушысы бола жүріп, журнал бетінде біраз туындыларын жариялап, жазушылық талантын шыңдай түсті. Жүсіпбектің «Абай» 1918, №1; «Абайдан соңғы ақындар» (Абай, 1918, №5), Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған мақалалары, «Бетім-ау!» «Құдағи ғой» атты әңгімесі (Абай, 1918, №4), «Көшу» атты өлеңі («Абай», 1918, №12) т.б. шығармалары жарияланды. Жазушының бұл алғашқы жиындылары сол дәуірдің өзекті мәселелері турасында ой тербеген, жауап іздестірген автордың арман-мақсаттарын, туған халқына адал қызмет істеуге деген құлшынысын анық аңғартады.
1919 жылы Жүсіпбек бұл семинарияны үздік бітіреді. Колчаг үкіметі құлағаннан кейін Семейдегі «Төңкерісшіл» губерниялық комитетінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Кедей таңы» газетінің редакторы болды. Осы кезде коммунистік партия қатарына өтіп, 1920 жылдың қазан айында Қазақ атқару комитетінің мүшесі және Оқу-ағарту наркомының орынбасары болып сайланды.
Жүсіпбек шығармашылығы әуел баста өлең жазудан басталады. Өзінің деректері бойынша ол тұңғыш өлеңін 13 жасында жазған. Оның ақындық жүрегінен туған «Жазушыларға», «Неғып отыр?», «Ах-ха-ха-хау», «Ұран», «Еңбекшілер ұраны» секілді өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасында ақын бұрынғы өмірдің келеңсіз жақтары мен өз дәуірінің көріністерін ақындық сезімталдықпен жырлайды. Ол құбылыстарды жанды да нанымды суреттер арқылы көрсетуге ұмтылады. Мәселен, «Көшу» өлеңінде қазақ ауылындағы көш суреттері, көштің сән-салтанаты көрінсе, «Ұршық» өлеңіндегі ұршық иірген кемпірдің монологы арқылы қарапайым өмір көрінісі бейнеленеді. «Нұр күйі» поэмасы 1929 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылады. Онда адамның көңіл күйі, қуанышы мен мұңы жырланады. Поэма жастарды өмірді сүюге, қиындыққа қарсы тұра білуге шақырады. Жүсіпбек Аймауытовтың әдеби мұрасының ең салмақты саласы – прозалық шығармалар.
Жүсіпбек Аймауытұлының қалам қуатын танытатын дүниелері – прозасы. «Қартқожа» және «Ақбілек» романдары сөзсіз классика. Ол бірді-екілі кейіпкердің тағдырын суреттеу арқылы бүтін бір дәуірдің шындығын, тұтас бір ұлттың тағдырын көрсетеді. Ал шағын әңгімелерінің көтерген жүгі романға бергісіз.
1926 жылы Қызылорда қаласында кітап болып басылып шыққан «Қартқожа» романы — ерекше көңіл аударатын шығарма. «Қартқожа» романы — XX ғасыр басындағы саяси өзгерістер мен халықтың тұрмыс-тіршілігін кеңінен суреттеген нағыз реалистік көркем туынды.
Жазушының екінші бір көлемді шығармасы — «Акбілек» романы, кезінде 1927-1928 жылдары — «Әйел теңдігі» журналының бірнеше санында жарық көрген. Романның автор қолымен жазылған түпнұсқасы қазірде Қазақ ССР Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр.
«Ақбілек» романы Алтай тауын жайлаған қалың елдің өмірінен алынып жазылған. Романда Ақбілек атты қазақ қызының қиын да, қызықты тағдырын суреттеу арқылы қазақ даласындағы ақгвардияшылардың айуандық әрекеттері әшкереленіп, Алтай өңіріне Совет өкіметінің орнауы, ел тұрмысы суреттелген.
Жазушының бұлардан басқа да прозалық шығармалары бар. Олар «Күнекейдің жазығы», «Томарбай мен қатыны», «Жаңабайдың жанындағы трагедия», «Елес», «Боранды болжағыш әулие», «Қара бақсы» т.б. әңгімелері. Жазушы әңгімелері — ел тұрмысын, заман тынысын дәл танып, шынайы суреттеп, көркем бейнелей алған құнды дүниелер. Олар кезінде мерзімді баспасөз бетінде жиі жарияланып тұрған.
Жазушы творчествосының бір саласы — драматургиялық шығармалары болып табылады. Сонау ертеректе семинария қабырғасынан бастау алған бұл өнерден ол өмір бойы қол үзген жоқ. Оның драматургиялық шығармалары кезінде театр, клуб сахналарында жиі қойылып тұрған, тіпті кейбіреуі кезінде бәйге де алған. 1926 жылы қазақтың ұлт театрының репертуарын жандандыру мақсатымен Білім ордасының жариялаған бәйгесіне түскен 32 пьесаның ішінен Ж. Аймауытовтың «Шернияз» атты пьесасы — Мұхтар Әуезовтың әйгілі «Қарагөз» пьесасынан кейінгі жүлделі екінші орынға ие болыпты.
Жүсіпбек Аймауытов кезінде аудармашы ретінде де танылды. Ол аударған А.С. Пушкиннің, Н.В. Гогольдің, А. Дюманың, Дж.Лондонның, Г. Мопассанның, В. Шекспирдің, К. Берковичтің, С. Чуйковтың шығармалары жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ аударма өнерінің өрісін қаншалықты кеңейтсе, жазушының әлем әдебиетінің көрнекті туындыларын қазақ тіліне аударудағы тамаша аудармашылық талантын да соншалықты айқын танытты.
Жүсіпбектің шығармашылығын зерттеушілер оның шебер музыкант болғанын, 6-7 әні барын алға тартады. Айталық, халыққа кең таралған «Екі жирен» әнін Жүсіпбек Аймауытов Торғайға мал айдап бара жатып теріс аққан өзеннің бойында, табанды жусатып жатқанда жолыққан бір келіншекке арнап шығарған екен деген әңгімені кезінде Бауыржан Момышұлы, Серке Қожамқұлов, Ғабит Мүсіреповтердің өзі растаған көрінеді.
Жүсіпбек Аймауытов – көп жыл ұмыт болып, туған халқымен кеш табысқан қайраткер, сондықтан да оның есімі кейінгі толық ұрпақ үшін аса қымбат.
Ол қазақ педагогикасы мен психологиясының негізін қалаушылардың бірі. Педагогика, психология, этика бойынша оннан астам кітаптың, жүздеген ғылыми басылымдардың, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Олардың кейбіреулері: «Тәрбиеге жетікші» (Орынбор, 1926 ж.), «Дидактика», «Психология» (Ташкент, 1927 ж.), «Сабақтың комплексті жүйесінің әдістері» (Қызылорда, 1929 ж.), «Жан жүйесі жаңа өнер таңдау» (Москва, 1929 ж.) т.б.
1922 жылы Семейдегі губерналық Халық ағарту институтына оқытушы болып тағайындалады. Осы кезде, яғни 1922 жылы Торғай уезі қазақтары алапат ашаршылыққа душар болады. Елі үшін еңіреп туған Жүсіпбек қол қусырып, газет хабарларын оқып отыра алмайды. Семей қаласында сол кезде қызметте болған біраз қазақ зиялылары — Міржақып Дулатов, Әбікей Сатпаев, Жүсіпбек Аймауытов аштарға жәрдем қолын созып, халықтан азық-түлікке мал жинауды ұйымдастырады. Олар КИРЦИК-тің рұқсатымен Семей губерниясынан аштарға жәрдем үшін екі ай бойы мал жинайды. Жиналған малды Торғай уезінің ашыққан қазақтарына жеткізу Жүсіпбекке тапсырылып, жиналған 2668 сиыр, 1831 жылқы, 264 түйені шағын бақташы топпен Торғай еліне айдап кетеді. Жол бойы көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, түпкілікті мақсатына жетіп, біраз халықты аштықтың шеңгелінен құтқарғандай болады. Жүсіпбектің, осы елеулі іске ат салысқан азаматтар еңбегі кезінде баспасөз арқылы кеңінен жарияланып, халық алғысын алған еді. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Кейбір сасықтар мен пасықтар: «Жүсіпбек жиналған малды өзі пайдаланып кетті, дұрыс үлестірмеді» деп заң орындарына домалақ арызды қарша боратты: ақыры РСФСР Жоғарғы сотының Қазақ бөлімі оның үстінен қылмысты іс қозғады. 1924 жылдың 22 май күні басталған сот ісі. 1925 жылы 3 октябрь күні Жүсіпбектен соңғы рет жауап алады. Сот ісі тек 1926 жылдың жазында зорға бітеді.
Ж. Аймауытов жоғарыдағы Торғай сапарынан оралғаннан кейін, Қарқаралы қаласындағы бірінші басқышты мектептің меңгерушісі болып тағайындалып ұстаздық етіп, 1923 жылға дейін қызмет істеді. Ал 1923-1924 жылдары Орынбор қаласындығы Қазақ оқу-ағарту институтында оқытушы болып істесе, 1924-1925 жылдар көлемінде Ташкенттегі Қазақ оқу-ағарту институтында оқытушы және «Ақжол» газетінде қызметкер болып істейді. 1925-1926 жылдары Орынборға қайта қоныс аударып, ондағы әскери мектепте ұстаздық етті. 1926 жылдың соңына қарай Шымкент қаласындағы педтехникумның директоры болып қызмет атқарған. Архивтік деректерде әзірге бұл қызметтен қашан босатылғандығы туралы мәлімет жоқ. Бұл педтехникум Ж. Аймауытовтың соңғы жұмыс орны екені анық.
Жазушының қазақ әдебиеті тарихында атқарған елеулі еңбегінің бірі — әйгілі ақынымыз Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларын жинастырып, кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра етіп табыстауы.
1929 жылы Жүсіпбек Аймауытов қуғын-сүргінге ұшырап, 1931 жылы атылды. Талантының толысып, кемел шағына жеткен тұста, бойындағы барлық мүмкіндігін толық беріп үлгермей мерт болған аяулы қаламгер туралы ақиқат сөз айту, оның асыл мұраларын бүгінгі ұрпаққа таныстырып, табыстау — білетіндердің қай-қайсысының да парызы.