
Биыл ұлт мақтанышы, қазақ елінің қазына байлығын зерттеуші, Қазақстан ғылым академиясының негізін қалаушы, ХХ ғасырдың ұлы тұлғасы Қаныш Сәтбаевтың 125 жыл.
Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы) Имантай бидің (руы Қаржас) отбасында дүниеге келді. Шын есімі – Ғабдул-Ғани.
Сауатын ауыл молдасынан ашқан ол кейін Шорман ауылында орналасқан мектептің төрт жылдық бағдарламасын үш жылда аяқтайды. 1911 жылдан бастап Павлодардағы 2 сыныпты орыс-қазақ училищесіне аттанып, мерзімінен бір жыл бұрын тәмамдайды. 1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясына түсіп, оны төрт жылда аяқтап, бастауыш мектептерге орыс тілінен сабақ беруге құқық беретін куәлікке ие болады.
1918 жылдың күзінде Земство басқармасының қаржысымен Алаш қалашағында ашылған, ауылдық қазақ мектептері үшін мұғалім болудан еңбек жолын бастайды. 1920-1921 жылдары Қаныш Сәтбаев туған өлкесіне оралып, асқынған туберкулез дертінен қымыз ішіп емделеді.
1921 жылы Қаныш Сәтбаев томскілік геология профессоры, академик М.А. Усовпен кездеседі. Аталған кездесудің Қаныш тағдырындағы мәні зор, ол Сібір технологиялық институтының студенті бола жүріп, өзінің өмірлік мұратына айналған жолды таңдайды.
1926 жылы Қ.Сәтбаев Томск технологиялық институтын тәмамдап, тау-кен инженер-геологы дипломын иеленген қазақтың алғашқы азаматы ретінде халық шаруашылығы Орталық кеңесінің қарамағына жіберіледі. Қаныш әлемдегі ең ірі мыс кен орны Қарсақпайда екендігін дәлелдеу үшін аттай 15 жылын сол жерде өткізеді. Мұнда ол «Атбасцветмет» трестінің геология бөлімін басқарды.
Қазақстан ғылымының ірі ұйымдастырушысы ретінде танылған Қаныш Сәтбаев 130-дан астам еңбегін негізінен Жезқазған кен орынына арнап жазып, Жезқазған мыс кен орнының зерттелуі мен дамуына айтарлықтай үлес қосты.
1942 жылы Алматыға көшіп келгеннен кейін, екі маңызды монографиясы жарық көрді. Біріншісі – «Қазақстан мен Кеңес Одағының мыс құмдары» монографиясы. Екіншісі – «Қазақстанда қара металлургияның дамыту мүмкіндіктері туралы». Бұл еңбектер, мыс және темір рудасының тапшылығы кезеңдерінде өнеркәсіптің дамуына зор үлес қосқан.
Соғыс қарсаңында, Қаныш Имантайұлы өзінің маңызды еңбегі «Жезқазған аумағының кен орындары» деп аталатын көлемді монографиясын аяқтайды. 1942 жылы бұл еңбегі үшін ол Мемлекеттік (Сталиндік) екінші дәрежелі сыйлыққа лайық деп танылды. (Жезқазған кен орыны соғыстың ауыр күндерінде Қазақстанға арзан мыс өндіру арқылы үлкен үлес қосқан).
Қаныш Сәтбаев қырықтан астам ғылыми еңбек жазды, олардың бірқатары диссертациялық жұмыс ретінде танылды. 1942 жылдың 17 тамызында Жоғары аттестациялық комиссия оның жұмыстар жиынтығын бағалау негізінде Қаныш Имантайұлына геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін береді.
Айтулы ғалымның басшылығымен өткен ғасырдың 40-шы жылдары Қазақстанда Жезді марганец рудаларының кен орны ашылып, іске қосылды. Бұл кен орны екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында Кеңес Одағына броньды болат шығаруды жалғастыруға мүмкіндік берді. Соғыс жылдарында КСРО марганец кенінің 70,9% осы кен орнында алынды.
Қаныш Сәтбаев минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау сияқты аймақтарға да айрықша назар аударып, олардың кен орындарының стратиграфиясы, тектоникасы, құрылымы, металлогениясы, геохимиясы және пайда болу тегі туралы терең зерттеулер жүргізді. Осы зерттеулері арқылы ол ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешенді әдісін енгізіп, Қазақстанның геологиялық ғылымында жаңа кезеңнің басталуына ықпал етті.
Қаныш Сәтбаевтың аталған жұмыстары Қарағандыдағы металлургиялық завод салуды, Қостанай мен Алтайдағы темір және марганец кендерін, Қаратаудағы фосфорит кендерін игеруді, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуын және бірқатар ғылыми зерттеу институттарының ашылуына бастау болды. Ол Маңғыстау, Мұғалжар, Торғай өңірлеріндегі табиғи байлықтарды зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға тікелей қатысты.
Қаныш Сәтбаев Қазақстан ғалымдары арасындағы ақылшы және тәрбиеші ретінде танылды. Ол геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық және отандық деңгейдегі комиссиялар мен комитеттерде мүшелік және басшылық қызметтер атқарды.
1946 жылдың маусым айында Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Қазақстан Ғылым Академиясының (Қазақстан ҒА) тұңғыш Президенті болып сайланды. Академия құрылғанда, онда он сегіз Ғылыми Зерттеу Институты (ҒЗИ), сегіз сектор, жеті тәжірибелік станция және үш ботаникалық бақ болды. Қызметкерлердің жалпы саны 1 400 адамды құрады, оның ішінде 57 ғылым докторы және 184 ғылым кандидаты болды.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылым мен Қазақстанның индустриялық дамуына қосқан үлесі, оның ғылыми басқару және өнеркәсіптік кешендерге тәжірибелік көмек көрсету саласындағы орасан зор ұйымдастырушылық қызметімен айқын көрінеді. Оның басшылығымен Қазақстан Ғылым Академиясында ядролық физика, математика және механика, гидрогеология және гидрофизика, мұнай және табиғи тұздар химиясы, химия-металлургия, тау-кен металлургия, ихтиология және балық шаруашылығы, эксперименттік биология, экономика, философия және құқық, әдебиет және өнер, тіл білімі салаларында жаңа академиялық институттар ашылды.
Ол 1940 жылы Жезқазған-Ұлытау ауданының жер қойнауын барлағаны үшін Ленин орденімен марапатталды. 1942 жылы геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді. Сол жылы «Жезқазған ауданының кен орындары» ғылыми еңбегі үшін екінші дәрежелі Сталин сыйлығына ие болды. 1943 жылы КСРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланған. 1944 жылы «Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» құрметті атағы берілген. 1945 жылы тыл ресурстарын жұмылдырғаны үшін екінші Ленин орденімен және ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. 1963 жылы Қазақстанның геологиялық ғылымын дамытуға және пайдалы қазбаларды зерттеуге сіңірген еңбегі үшін төртінші Ленин орденімен марапатталған.
Бірінші некеден екі қызы: Ханифа (дәрігер және физиолог, 1921—2016), Шәмшиябану және ұлы Майлыбай дүниеге келген. Майлыбай 16 жасында қайтыс болған.
Екінші әйелі Таисия Алексеевнадан қыздары Мейіз, Мариям және бала кезінде қайтыс болған ұлы дүниеге келген.
Қазақ ауылдарында ұжымдастырудан кейін ашаршылық басталған кезде Қаныш Сәтбаевтың бір жасар ұлы — оның үміті мен қуанышы қайтыс болды. Аштық кезінде Баянауылдан шыққан жас ғалым бір жыл бойы онымен бірге тұрған он баланы алып келді. Солардың бірі Кемал Ақышев — әйгілі «алтын адамды» ашқан белгілі археолог болды.
Азаматтық некеден (Камила Досовна Утегенова) қызы Джамиля туған.
Қаныш Сәтбаевқа арналған бірнеше мұражай оның ғылыми және қоғамдық қызметіне, сондай-ақ жеке өміріне арналған экспозицияларымен келушілерге ғалымның мұрасын таныстырады, келешек ұрпаққа ғылымға деген құштарлықты және елінің дамуына үлес қосудың маңыздылығын насихаттайды.
Қазақстан Ғылым академиясының Геологиялық ғылымдар институтына, Қазақ ұлттық техникалық университетіне және Екібастұз инженерлік-техникалық институты Қаныш Сәтбаевтың есімі берілген. Сондай-ақ, оның аты кен-металлургия комбинаттарына, қалалардың көшелеріне, мектептерге және аграрлық шаруашылық объектілеріне берілген. Алматы (1999 ж), Қарағанды (2011 ж), Степногорск (2017 ж), Астана (2021 ж) қалаларында ескерткіштері қойылған.
Тұңғыш қазақ академигінде халық алдында, мемлекет алдында жауапкершілік сезімі әрқашан жоғары болды. Ол өз елінің азаматы, патриоты болды. Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті лауазымында ол өмірінің соңғы күндеріне дейін, халықтың игілігі үшін жұмыс істеді.
Қаныш Сәтпаев 1964 жылдың 31 қаңтарында Мәскеу қаласында қайтыс болды. Әйгілі геологтың жаназасы Алматы қаласында шығарылды.
Ол қазақ жерінің жер қойнауында ашылған ғылыми институттарды, ғылым академияларды ғана емес, пайдалы қазбалар кен орындарын, оларға салынған кеніштер мен қалаларды да құрды және ұрпақтарына қалдырды. Ең бастысы – өзі туралы жарқын естелік, білімге деген шексіз құштарлықтың, халыққа риясыз қызмет етудің өшпес мысалы.