Оңтүстік Қазақстан индустриялды-инновациялық колледжінде «Соғыстың соңғы нүктесін қойған — Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл» тақырыбында кең көлемде жиын өтті. Іс-шара Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі, тарихи тұлғалардың батырлығы мен олардың ерен еңбектерін өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеуге бағытталды.

Халық қаһарманын еске алуға арналған іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы тұғырға әкелініп қойылумен басталды. Бұдан соң колледждің тарих пәнінің оқытушысы Жаңабек Сегізбаев және «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің оқытушылары Зәуірбек Арслан мен Мұхтаржан Абдураимовтің колледж студенттеріне жиын өткізуімен жалғасты. Аталған оқу ордасы мен Сайрам аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі ұйымдастырған басқосуға ауданымыздың бірқатар азаматтары қадірлі қонақ ретінде қатысты. Атап айтқанда, Бахтияр Батаев, Шарафуддин Анварбеков, Абдугаппар Тасходжаев, Нұрахмет Мырзалиев, Александр Суцкий, Ержігіт Балабаев, Нұрлан Сахов секілді ел ағалары тарихи кезеңді бір сәт еске алып, батырларымыздың ерен ерліктері жастарымызға өшпес өнеге екенін жеткізді. Сондай-ақ, олар колледждегі жастарды оқуда озық ойлы ұрпақ атанып, еліміздің отансүйгіші болуға шақырды. Өз кезегінде, колледж әкімшілігі іс- шараға қатысушы қонақтарға алғыс айтты. Және әрқайсысын арнайы Алғыс хаттармен марапаттап, мәні бөлек тарихи кешті айрықша әсермен аяқтады. Көрермендер кеш соңында естелік ретінде суретке түсіп, ерекше көңіл-күймен қайтты.