
Қазақ халқы әдебиетінің негізін салушы, көрнекті ақын, жалынды жазушы драматург және ірі қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл. Сыршыл ақынның сарқылмас жырларының дариясы ғасырлар өткен сайын ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жасымас жігер қосып, отансүйгіштікке тәрбиелеуде. Осыған орай, жас оқырмандарға ақынның шығармашылығын насихаттау, көркемсөз оқу шеберлігін дамыту және талантты жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған «Сәкен оқулары» атты байқауы аудандық орталық кітапханасында өтті. Байқауға Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты ауылдық кітапханалар оқырмандары арасынан 13 үміткер қатысып, білімдерін шыңдап қайтты.
Аудандық орталықтандырылған кітапхананалар жүйесі директорының міндетін атқарушы З.Смайлова байқауды ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қазылар алқасы — ақын, сазгер Р.Әбдіжаппарова, аудандық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің қазақ тілі оқытушысы Ш.Сағынтаева, аудандық «Жастар орталығы» директорының орынбасары А.Бағдат аталған үміткерлердің өнеріне баға берді.
Байқаудың І кезеңі «Сәкен – жыр сұңқары» ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу және ІІ кезең «Сәкен – эпик ақын» С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасына талдау жасау болды.
Нәтижеде Ханқорған ауылдық кітапханасының оқырманы – Е.Ұлас бас жүлдені, Құтарыс ауылдық кітапхананың оқырманы Н.Сейітжан 1-орын, Қасымбек датқа ауылдық кітапханасының оқырманы Н.Камал 2-орын, аудандық кітапхана оқырманы А.Аламбек 3-орын иеленді. Жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Бұл байқау ақын мұрасының жағылған шырақтай дәріптелгенінің айғағы десек, ал қатысушы жеңімпаздар мен жүлдегерлердің таланты мен қабілетінің тағы бір дәлелі болды. Оқырмандарымыздың өмірде де осындай жеңістер мен жетістіктерінің көп болуын тілейміз!
Динара КАЗАКБАЕВА, Сайрам аудандық орталық кітапхананың библиографы.