
Қазақстанда педагогтердің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні. Енді елімізде жыл сайын бұл дата 5 қазанда атап өтіледі.
Ұстаздық қызмет – қоғамдағы ең құрметті де қадірлі мамандықтардың бірі. Өйткені адами қасиеттерді бойына сіңірген шынайы ұстаз өз шәкірттерінің жүректерінде білімге деген құштарлықты және Отанына деген сүйіспеншілікті оятады. Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді.
Түлкібас ауданына есімі кеңінен мәлім азамат, өлке танушы, табиғат жанашыры, журналист, Пушкин атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Маханбетжан Оңалбекұлы Көлбаев асқаралы 63 жастың асуына көтеріліп отыр. 1961 жылы 29 қыркүйекте өңіріміздегі Жаскешу ауылында дүниеге келген оның балалық шағы мен жастық кезеңі осы жасыл желекке көмкерілген аядай елді мекенде өтті. Сейфуллин атындағы орта мектепті ойдағыдай бітіріп, әдебиетке деген сүйіспеншілігі ерте оянған балаң жігіт әйтсе де бірден жоғары оқу орнына баруға ұмтыла қоймады. Алдымен әскер қатарына шақырылып, өзінің азаматтық борышын абыроймен атқарып қайтқан соң бес жылдай (1981-1986) Балықты ауылындағы ПМК-2 құрылыс мекемесінде құрылысшы болып еңбек етті.1987-1989 жылдары Екібастұз қаласындағы Бүкілодақтық екпінді құрылысқа қатысып, құрыш қолды құрылысшы мамандығын одан әрі жалғастырды.
Осылайша, өндірістен қол үзбей жүріп, өмірлік тәжірибе жинақтаған ол жоғары білім білім алу мақсатында талпынып, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика, Тараз мемлекеттік университетінің «Тарих және география» мамандықтарын алып шықты. Алдымен, Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінде екі жылдай (1989-1991) қызмет атқарып, қаламы ұшталған кейіпкеріміз алғаш Абай атындағы орта мектепте, кейінірек Пушкин атындағы білім ордасында мамандығына сай еңбек етті. 1989-1999 жылдары аудандық экология комитетінің «Балықты өзені» бойынша қоғамдық негізде табиғат қорғау инспекторы болып, өзінің осы салаға бір табан жақын екенін танытты.
Білім саласында жүрсе де қолынан қаламын тастамай түрлі баспасөз беттеріне әр тақырыпты қамтитын экология, табиғат, тазалық жайлы өзекті мақалалар жазып тұрды. Белгілі қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың 95 жылдығына орай қалам тербеген «Рысқұл кім болған?» атты жерлестеріне терең ой тастар мақаласы қаламгерлер арасында өткен байқауда үздік деп танылып, арнайы марапатқа ие болды. Түлкібас орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің «Балықты көлі» аймағын қорғаудағы ерен еңбегін жерлестері күні бүгінге дейін мақтан тұтады. Білім саласындағы жемісті қызметі де ескерусіз қалмай аудандық білім бөлімінің бірнеше Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттармен, Мақтау қағаздарымен бағаланды.
Иә, «адал еңбек – шын бақыт» дегендей алтын асықтай екі перзентінен тараған қылықтары балдай тәтті немерелерін сүйіп отырған тарихшы — ұстаз, журналист, қазақ тілінің жанашыры Маханбетжан Оңалбекұлы Көлбаевтың өнегелі өмір жолдары осындай. Біз білім, журналистика саласындағы ұзақ жылғы қажырлы да тынымсыз еңбегінің жемісін көргелі отырған қуанышты күн иесін осы бір мерейлі сәтімен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық және өзінен тараған перзенттерінің, немерелерінің қызығын көре беруіне тілектеспіз. Қолынан қаламы түспей, туған жерінің табиғатын көзінің қарашығындай сақтау жолында аянбай тер төгіп жүрген кейіпкерімізге шығармашылығыңның шыңын бағындыра бер дейміз.
О.КӨМЕКОВ,
Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі.