Бұл күні – еліміздің өркендеуі мен дамуы үшін қажырлы еңбек еткен, ұрпақ болашағы үшін тер төккен алдыңғы буын аға-апалардың мерейлі төл мерекесі.
1 қазан- Халықаралық қарттар күніне орай Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қаланың негізін қалаған және дамуы жолында аянбай еңбек етіп, үлестерін қосып жүрген бірқатар ардагерлер мен ақ жаулықты аналарды мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
«Біз әуелден «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» – деп, ақсақалын ардақ тұтып, қарияларын қадірлеп, даналық дәрістерін көңілге тоқып, ұрпақтар сабақтастығының ұлы көшін жарасыммен жалғап келеміз. Ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кенішіндей болған қазыналы қариялар күш-қуаттарыңыз сарқылмасын, ел дамуы жолындағы берекелі бейнеттің зейнетін көріп, ұзақ жасаңыздар» деді.
Салтанатты жиын қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерлерді марапаттаумен жалғасты. Ардагерлердің құрметіне ән айтылып, қазыналы қарттарымызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шарадан соң ардагерлер құрметіне мерекелік дастархан жайылды.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов 1-қазан Қарттар күніне орай, қаладағы жастары ғасырға жуықтаған қариялардың шаңырағына барып, мерекемен құттықтады.
Алдымен кенші ардагер Владимир Калемистов шаңырағына барып, құрмет көрсетті. Владимир Ефремович – 1933 жылы 15 маусымда Кентау қаласында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1957 жылы «Ачполиметалл» комбинатында қарапайым қызметтен басшылыққа дейін 30 жыл қызмет атқарған. Ардагер ҚазССР мемлекеттік премиясының лауреаты, «Ленин» және «Қызыл еңбек знамиясы» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған, ҚазССР-нің түстіметал министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен және қала әкімінің, қалалық маслихатының алғыс хаттарымен марапатталған.
Қала әкімі екінші болып ардагер Тұрғанбек Есентаевтың шаңырағына барды. Қазыналы қарияларды мерекелерімен құттықтап, ақбаталар алды.
Жалпы, Кентау қаласында 90-ға жуық жасы үлкен қарияларға қала әкімінің құттықтауы мен сый құрметі жеткізілуде.
Сонымен бірге, кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Қалмырзаұлы кентаулықтарға Халықаралық Қарттар күні мерекесіне орай құттықтау жолдады: » Ардақты ардагерлер, ақ жаулықты аналар!
Елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп, жас ұрпаққа батасымен жол ашқан, жақсыға тілектес, ақылы дария қариялар баршаңызды Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Біз әуелден «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» – деп, ақсақалын ардақ тұтып, қарияларын қадірлеп, даналық дәрістерін көңілге тоқып, ұрпақтар сабақтастығының ұлы көшін жарасыммен жалғап келеміз. Өмір көрген ардақтыларымыздың ақылын алып, кемел келешекке батыл қадам жасап, тәлім-тағылымдарын өнегеге айналдырдық. Өнеге жақсы болса, өріс кеңейеді деген.
Ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кенішіндей болған қазыналы қариялар күш-қуаттарыңыз сарқылмасын, ел дамуы жолындағы берекелі бейнеттің зейнетін көріп, ұзақ жасаңыздар!
Дендеріңізге саулық, әулеттеріңізге амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін!
Мерекелеріңіз құтты болсын қазыналы қариялар!».