
Бүгін Отырар ауданында 24 қазан – Кітапханашылар күніне орай «Кітапханашы-мәртебелі мамандық» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Темір ауылдық мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, аудан кітапханашыларын кәсіби мерекемен құттықтады.
Мерекелік жиынға келушілер алдымен мәдениет үйінің кіре берісіндегі «Кітапханашы болу бір бақыт» тақырыбындағы кітап көрмесін, жетістіктер көрмесін тамашалап, кітапхана тарихынан сыр шертетін естеліктермен танысты.
Шараның ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары: «Кітапхана – рухани қазынаның алтын діңгегі. Қай заманда да дәстүрлі кітап оқудың орны биік. Кітапхана – оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттантыруымен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші. Адамзаттың бүкіл дамуы барысында қалыптасқан ақыл-ой, рухани жетістіктерін жүйелі түрде жинақтап, сақтау, оны халық игілігіне жаратуда кітапхана қызметінің үлесі зор. Ағымдағы жылы Отырар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 23 кітапханада ауқымды іс-шаралар өткізіліп, кітап қоры жиналды. Осы орайда қасиетті құндылықтарымызды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттауда атқарған белсенді қызметі мен аудандағы кітапхана ісінің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, жұмыстарыңызға шығармашылық табыстар тілеймін!»-дей келе жұмыстағы белсенділігі мен жұмысты үйлестірудегі үздік қызметі үшін бірқатар кітапханашыларды марапаттап, құрмет көрсетті.
Шара барысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Құттыбай, аудандық кітапхананың директоры А.Рыскелді және кітапхана ісінің ардагерлері әріптестерін мерекемен құттықтап, рухани құндылықтарымызды дәріптеудегі мәртебелі қызметтеріне толағай табыстар тіледі. Кітапхана саласының өткені мен бүгіні жайлы бейнеролик көрсетіліп, мерекеге орай концерттік бағдарлама ұсынылып, аудан өнерпаздары кітапханашыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен бірге, Отырар ауданының әкімі Қ.Жолдыбай отырарлықтарды кітапханашылар күнімен құттықтады: «Құрметті кітапханашылар!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз «24 қазан — Кітапханашылар күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Кітапхана — ғылым мен білімнің ордасы, ал кітапханашылар — осы қасиетті қарашаңырақтың шын жанашырлары. Білімге ұмтылған оқырманның табылар жері – кітапхана. Жаңа технология заманында да, кітап адамның ой-өрісіне ықпал жасап, рухани азығы болып қала бермек.
Бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгінін ұстар жас жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан — ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып, табыстырушы өзіндік тұлға, ол – кітапханашы.
Адамзаттың бүкіл дамуы барысында қалыптасқан ақыл-ой, рухани жетістіктерін жүйелі түрде жинақтап, сақтау, оны халық игілігіне жаратуда кітапхана қызметінің үлесі зор. Осы орайда қасиетті құндылықтарымызды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттауда атқарған белсенді қызметтеріңіз бен аудандағы кітапхана ісінің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да, Қазақстанның тарихи кітап байлығы мен ең үздік мәдени дәстүрлерін сақтау мен дамытуға бар күш-жігерлеріңізді бағыттайтындарыңызға сенімім мол!
Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас шабыт, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!».