Арыста қалалық Мәдениет үйінде Республика күніне орай салтанатты мерекелік шара өтті. Оған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және ардагерлер ұйымының өкілдері және қала тұрғындары мен жастары қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған қала әкімі 1990 жылдың 25-ші қазанында – Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғаны, ел Тәуелсіздігі жолындағы теңдессіз құндылық екенін атап өтті.
«Сондықтан да, бұл күн – мемлекеттік маңызы зор мереке болғандықтан, біз осындай тамаша кештің куәсі болып отырмыз. Сондай-ақ, бұл күн еңбек майталмандары марапат алып, құрмет-қошеметке бөленетін кез. Олай болса, мәртебемізді асқақтатып, ұлттығымызды ұлықтайтын айтулы мереке еліміздің әрбір шаңырағына шаттық ала келсін», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Айта кетейік, шара аясында Арыс қаласының дамуына елеулі үлес қосқан қарапайым жұмысшыдан бастап, түрлі салада еңбек еткен ардагерлерге дейін марапатқа ие болып, құрмет-қошеметке бөленді. Бұл марапаттар олардың адал еңбегіне көрсетілген үлкен құрметтің белгісі ретінде қабылданды. Әкім еңбек майталмандарына алғыс білдіріп, олардың қаланың өркендеуіне қосқан үлесін жоғары бағалады.
Қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов өз құттықтау сөзінде Республика күнінің маңыздылығын айта келіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысқан азаматтарға алғыс хаттар табыс етті. Қайрат Ахметов: «Арыс қаласының әрбір тұрғынының еңбегі елеулі, сол себепті біз бәрімізге ортақ табыстарымызды атап өтуіміз қажет. Республика күні еліміздің әр шаңырағына қуаныш пен береке әкелсін», – деді.
Мерекелік жиынның соңы қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Концерт барысында патриоттық әндер шырқалып, ұлттық би қойылымдары көрсетілді. Жиналған қауым өнерпаздардың өнерін жылы қабылдап, шара мерекелік көңіл-күймен аяқталды.
Республика күні – ел бірлігінің, тәуелсіздіктің және әрбір азаматтың еңбегінің арқасында жеткен жетістіктерімізді еске түсіретін маңызды мереке. Арыстықтар бұл күнді салтанатты түрде атап өтіп, қала тұрғындарының ел игілігі үшін жасаған еңбектерін құрметпен еске алды.
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова арыстықтарды Республика күнімен құттықтады: «
Қадірлі ағайын! Құрметті жерлестер!
Сіздерді Ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Баршаңызға белгілі, 1990 жылғы 25 қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылданды. Еліміз тәуелсіздікке бет бұрды, азат болудың алғышарты жасалды. Сондықтан біз үшін бұл күннің орны ерекше.
Өткенге көз жүгіртсек, егемендік алғаннан бері экономикамыздың нығайып, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсарғанын аңғарамыз. Еліміздің тұрақты дамуына арыстықтар да зор үлес қосуда. Өңірімізде ауыл шаруашылығы саласы дамып, өндіріс орындары, оның ішінде жеке инвесторлар есебінен тың инновациялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Шағын және орта бизнес, халықты әлеуметтік қорғау салаларында көптеген жетістік бар. Татулық пен бірліктің арқасында қала мен ауылдарда жаңа шағын аудандар, мектеп, балабақша, спорт кешендері және мәдениет үйлері бой көтеруде. Сонымен қатар жолдар мен электр желілері, ауыз су құбырлары жаңартылып жатыр.
Осының бәрі – Арыс бойын жайлаған жайсаң жандардың тынымсыз еңбегінің жемісі деп санаймын.
Құрметті қауым!
Олай болса, мәртебемізді асқақтатып, ұлттығымызды ұлықтайтын айтулы мереке еліміздің әрбір шаңырағына шаттығын ала келсін.
Мереке құтты болып, Туымыз биікте желбірей берсін!».