
Сауран ауданында ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, салт-дәстүрімізді дәріптейтін «Ауылым — алтын бесігім» атты сайыстың қорытындысымен гала концерт ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысты.
«Бүгін өздеріңізбен мәдениетіміздің мерейін асырып, даңқын асқақтатар кезекті шарада бас қосып отырмыз. Осы мәдени шара арқылы өңірімізде салт-дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау жұмыстары кеңінен атқарылды. «Ел іші — өнер кеніші» демекші, ауыл-аймақтағы таланттар көпке танылады. Сондай-ақ, ел арасында сақталып қалған дәстүрлерді жаңғыртып, өнерпаздарымыздың өнерін таныта алды деп айта аламыз» — деп атап өтті аудан басшысы.
Жиын барысында өңірдегі еңбек адамдары аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Ауылым — алтын бесігім» атты аудандық сайыс жеңімпаздарына жүлделер табысталды. Мерекелік концертте эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.