31 мамыр – ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Өткен ғасырда сталиндік репрессия салдарынан қазақтың 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауымы жазықсыз атылып кетті. Бұдан бөлек, 100 мыңдаған адам қамалып, айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Кеңес Одағының солақай саясаты бойынша, отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін көзі ашық, саналы азаматтарының барлығы да қуғынға түскен.

Президентіміздің Жарлығы бойынша 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Бүгінде репрессия құрбандарының басым көпшілігі ақталғанымен, жан жарасы жазыла қойған жоқ. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ішінде алаштың арыстары атанған Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Нәзір Төреқұлов, Ахмет Байтұрсынұлы сынды бабаларымыз бар. Көрнекті тарихшы ғалым К.Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» атты кітабында: «1930 және 1932 жылдардағы бұрынғы Алаш қозғалысына белсенді түрде қатысқан қазақ зиялыларының басым көпшілігі саяси сот процестері шығарған үкімге байланысты әртүрлі ұзақ мерзімдерге концлагерлерге айдалды, атылды, жер аударылды. Одан аман қалғандарына «халық жауы», «шетелдер пайдасына қызмет еткен шпион» деген жалған айыптар тағылып, 1937-1938 жылдардағы үлкен террорда жаппай атылып, айдалды» деген қорытынды жасаған еді.

Мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған соңғы деректер бойынша, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандарының саны 40 миллионға жеткені айтылып жүр. Дегенмен де, нақты есебі әлі күнге анықтала қойған жоқ. Сол сталиндік қасіреттің Қазақстанды да айналып өтпегені баршаға аян. Қазақ тарихындағы бұл қасіретке бей-жай қарау, санамыздан өшіру елдігімізге сын емес пе? Ащы тарихымызды білмеу – тәуелсіздік қадірін түсінбеумен пара-пар. Ендеше, ұрпақ санасына өткен дәуір тарихын жаңғырту, халық зиялыларын жадымыздан бір сәт те шығармау баршамыздың ұлт алдындағы азаматтық парызымыз деп білейік.

Б.ТАШИМОВ, Н.Төреқұлов атындағы музейінің қызметкері.