
ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақ жеріндегі ашаршылық сталиндік-голощекиндік зобалаңның нәтижесі деп есептейді ғалымдар. Қазақ жеріндегі осынау қилы заманда бір жарым миллион адам аштықтан көз жұмса, бір миллион үш жүз мыңдайы жер аударылып кете барды. Аштықтан қырылған халықтың жанайқайы, бастан кешкен сұмдық оқиғалары туралы деректер жетерлік. Сол деректерді оқи отырып денең түршігеді.
Қаншама қандасымыз аштықтан қырылды, қаншасы туған жерін тастап жат жерге көшуге мәжбүр болды. Солардың қатарында балалардың өлімі тіпті көп болғандығы жүректі ауыртады. Қазақ ұл баланы әулеттің шырағы, жалғасы деп санаған. Сондықтан да болар қазақ жеріндегі 1931-1933 жылдардағы ашаршылықта қыз балаларды құрбандыққа көбірек шалғаны тарихта жиі айтылады. Осы тақырыпты қозғаған белгілі философ Ғарифолла Есім өз зерттеуінде: «Ашаршылық кезеңінде қыздардан көбірек айрылдық. Бір бөлке нан үшін қыздарын кез-келген адамға беріп жіберген. «Ал, Құдай үшін ал, онымен не істесең де өз шаруаң, тек тірі қалса болғаны» деп беріп жіберіп отырған деп жазады.
Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы: «Шешем қарындасым үшеуіміз жолға шықтық. Кеш болып қалған кезде бізді үш қасқыр қоршап алды. Мен қорыққанымнан анамның етегінің ішіне кіріп кеттім. Қасқырлардың көздері жарқырап тұрды. Бір кезде таяғына сүйенген шешем мені арқалап, қаша жөнелді. Қасқырлар жым болып қалды. Одан кейін қарындасымның шыңғырған дауысын естідім. Қасқырлар таласып оны жеп жатты. Біз сайға түсіп кетіп, аман қалдық. Осындай жағдай қазақ даласының әр жерінде болып жатты…» деп еске алады.
Тағы бір деректе көшке ілесе алмаған ана барлық баласын тірі алып қала алмайтынын түсініп, ұлдарын аман қалдырып, қызын тастап кетуге мәжбүр болғандығы жазылады. Далада түнеп шыққаннан кейін қызын құмға отырғызып, етегін құммен бастырып, өзі ұлдарын алып артына қарамастан қашып отырған. Сонда кішкене қыз бала етегіндегі құмның салмағымен тұрып, анасының артынан жүгіре алмайтын болған. Сол уақытта көбісі осылай жасаған. Біреу-міреу кездесіп көмектеседі деген үмітпен қыздарын айдалаға қалдырып отырған. Мүмкін арасында біреулері шыныменде құтқарылып қалған шығар? Бірақ бұл жұмбақ болып қала береді. Қыздарды тамақ тауып бере алмағандықтан және балаларын бірдей алып жүре алмағандықтан тастап кетуге мәжбүр болған. Оқып отырсаң барлық оқиғалар бірінен-бірі өтетін қорқынышты, оларда сипатталған жағдай бір сәтте, аштық пен қорқыныш сезімінде жасалған болуы мүмкін. Кейін сол тастанды баласы үшін ананың жүрегі қан жылап, өмірі өксікпен өткені айтылмаса да белгілі шығар.
Көптеген оқулықтарда тек статистика мен фактінің бергі жағы ғана көрсетіледі. Қазіргі барлығы қолжетімді заманда интернет желісінен қазақтың басынан өткерген аштық туралы көптеген сұмдық мәліметтерді оқып қарауға болады. Алғаш рет осы тақырыпта қалам тартқан В.Ф.Михайловтың «Ғаламат жұт шежіресі» кітабында осы адам айтқысыз ауыр кезеңнің көріністері нақты деректермен келтіріліп жазылған. Ашаршылық – бұл ата-бабамыздың басынан өткерген аса ауыр зобалаң кезеңі. 1997 жылдан бастап елімізде 31 мамыр – Жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Осы күні еліміздің түкпір-түкпірінде қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шаралары өтеді.
Р.НЫШАНБАЕВА,
Н.Төреқұлов музейінің қызметкері.